«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТ АСУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сынаптай сырғыған уақыт білінбей өтіп жатқанымен, тағылымды істерімен көпшілікке таныс адамдардың еңбегі жарқырап көрініп тұратыны әлмисақтан белгілі. Ондай жандардың есімдері қашанда санаңда сайрап тұрады. Сол замандастар туралы көпшілікке айтқың келсе де, оның ыңғайы үнемі табыла бермейді. Бірақ өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – келешек жоқ, өзің құрметтейтін адам туралы, сан қырлы қасиеті, атқарған өнегелі істері жайлы жастарға айтып отыру артық болмасы анық.

Замандасым Қанат Омаровтың өнегелі істерін тілге тиек етуді азаматтық парызым деп білдім. Қашан көрсең де байсалды, сыр алдырмас сыпайы қалпынан айны­майтын азаматпен таныстығым 1972 жылдан басталды. Мен сол жылы К.Ушинский атындағы Петропавл педагогика институтының физика-математика факультетіне оқуға түскен едім. Ал Қанат болса дене шынықтыру факультетінің екінші курсында оқиды екен. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт сырғып өте шығыпты. Біздің кезде бұл жоғары оқу орнында қазақ жігіттері аз болатын. Қанатпенен бірге Сағат Қуандықов, Ғалым Өркешов, Сәруар Бектасов, Смағұл Аманов, Көпей Ахметов, Жәудет Шоткин сияқты жігіттер оқитын және олар бізге қамқор болып жүретін. Кейіннен бұл жігіттердіің барлығы  елге танымал  азамат болып шықты.

Енді әңгімемізді мақаламыздың басты кейіпкері төңірегінде өрбітейін. Ол осыдан жетпіс жыл бұрын Есіл ауданындағы Николаевка ауылында туған, әке-шешесінің тұңғыш перзенті. Жастайынан балаларымен бірге ауыл топырағына аунап-қунап өскен ол күреске ден қойып, көптеген жарыстарда жауырыны жер иікемей, жеңімпаз атанып жүрді. Алғашқы жаттықтырушысы Жамбыл орта мектебінің мұғалімі Ақылбай Бектасов болатын. Облыс орталығына көшіп келген соң  Энергетиктер сарайындағы күрес секциясында белгілі тәлімгер Василий Левчуктан көп нәрсе үйренеді. Осында спортсүйер қауымға жақсы таныс Теміртас Әлжанов, Жәнібек Мусин, Жамбыл Тасеменов, Бауыржан Құлжанов,  Бейбіт Қапаров, Есләмбек Бемұрзин, Құдайберген Шәжімбаев секілді азаматтармен танысады. Петропавл қаласындағы №43 мектепті аяқтаған соң мамандық таңдап басын қатырған жоқ. Жергілікті жоғары оқу орнынының дене шынықтыру факультетіне құжаттарын тапсырады. Күрестен спорт шеберлігіне үміткер деген атағы бар ол бірден студент атанды.

1975 жылы институтты жақсы аяқтаған Қанат Қосылұлы Сергеевка қаласындағы аудандық спорт мектебіне жаттықтырушы болып орналасады. Сол жылдың күзінде әскер қатарына шақырылып, Қапшағай қаласында азаматтық борышын өтейді. Әскерден оралған соң жас маманға сенім арттылып, қазіргі Шал ақын аудандық спорт комитетін басқару міндеті жүктеледі. Ол жетекшілік еткен екі жыл ішінде аудан спортшылары көптеген жарыстарда атой салып, жүлдегерлер қатарынан көрінеді. Новопокровка ауылының футболшылары  «Қайрат» спорт қоғамы өткізген республикалық доданың чемпионы атанады.

Жігерлі, іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жігіт басшылардың көзіне түсіп, лауазымды қызметтерге тағайындалады. Өндірістен қол үзбей Қорған ауыл шаруашылығы институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша тәмамдап, екінші диплом алып шыққанын да айта кеткен жөн. Қанат Қосылұлы аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөліміне, одан кейін аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөліміне жетекшілік етеді. Осылай басшылық қызметтің қыр-сырын хал-қадірінше меңгерген, екі мүшелден асқан азаматты сол аудандағы «Приишим» кеңшары партия ұйымының хатшылығына тағайындайды.

– Аудандағы ең ірі кеңшар болып саналатын осы ауылда он бір жыл қызмет атқардым. Кеңшардың директоры Владимир Чебоксаров менен жиырма жас үлкен болатын. Ол қарапайым, кең жүректі, ұйымдастыру қабілеті жоғары, салмақты, сөзінде тұратын, адамдармен тіл табысып жұмыс істейтін азамат еді. Ол кісіден көп үлгі алдым. Кеңшарда сол жылдары жиырма мың гектар егістік алқабы, бір мыңға жуық қара мал, жиырма төрт мыңдай қой болатын. Бөлімшелерін қоса есептегенде бес цехтық ұйымда 160 партия мүшесі болды, солардың басын қосып, жұмыс істедім. Партия жиналыстарында кеңшарға қатысты мәселелер қызу талықыланатын, тиісті шешімдер қабылданып, оның орындалуы қатаң бақылауда болатын. Мен осы ауылда көп тәжірибе жинақтадым, басшы ретінде қалыптастым, – деп Қанат Қосылұлы сол кездерді сағынышпен еске алады.

1991 жылы ол Марьевский кеңшарының директоры болып тағайындалады. Бұл экономикалық дағдарыстың басталған кезі болатын. Басшымын деп кабинетте отырған жоқ, үнемі ауыл тұрғындарымен қоян-қолтық жұмыс істеді.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дүкен сөрелері қаңырап бос қалған, жанармайдың, электр қуатының, тауарлардың тапшылығы болған кезде де тығырықтан шығар жол іздеді. Жұмысшыларға еңбекақысын ұнмен, шаймен, сүтпен, етпен, басқа да заттармен төлеген кездер есінде. Бәрінен қиыны – жоғарыдан келген бұйрыққа сай кеңшарлар таратылып, жер, мал, дүние-мүлік ұстағанның қолында, тістегенннің аузында кетті. Ауылдықтар қалаға қарай үдере көшіп, қаншама үй қаңырап бос қалды.

Кеңшар тараған соң облыс орталығына оралған Қанат Омаров банкроттық салада қызмет атқарып, содан кейін жеке бизнеспен айналысты. «Голдан Грейн» корпорациясының бөлімшесін басқарып, «Асылхан-Агро» фирмасы президентінің кеңесшісі болды. 2005 жылдан мемлекеттік қызметке ауысады. Зейнет жасына жеткенше экология, су және аңшылық шаруашылығы инспекцияларында, табиғат қорғау саласында, облыстық жер қатынастары басқармасында әртүрлі лауазымды қызметтер атқарды. Қазір де қол қусырып қарап отырған жоқ, «Қызылжар Асар» корпоративтік қорының директоры. Бұл қор күнкөрісі төмен азаматтарға, көпбалалы отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетеді. Облыстағы қоғамдық жұмысқа белсене қатысады, ұйымдастырушылардың бел ортасында жүреді.

Қанат Қосылұлы облыстық белбеу күресі федерациясының президенті ретінде облыстық, республикалық турнирлер ұйымдастырып тұрады. Соның соңғысына  еліміздің он төрт облысынан 150-ден астам жас балуан қатысқан. Біздің облыстың балуандары екі алтын, үш күміс және бес қола медаль жеңіп алғанын да айта кеткен жөн.

Қанат Қосылұлының көп жылғы адал еңбегі лайықты бағасын алды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен,  Президенттің және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Ол – өнегелі отбасының отағасы. Ұлы Дамир облыстық ауданаралық экономикалық соттың судьясы. Қызы Динара бизнес саласында, Эльмираның да жеке кәсібі бар. Өзі сүйікті жары Алма Қабайқызымен жеті немере-жиеннің ата-әжесі атанып отыр.

Осындай белсенді жұмыс атқарып жүрген Қанат Қосылұлын  жетпіске келді деп айтуға ауыз бармайды. Ол әрдайым бабында, не нәрсеге де сергек, жұмысқа асқан жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайды. Үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін кім-кімді болсын қасиеті тәнті етіп келеді. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген өнегелі сөз бар. Бұл жазғандарым – Қанат Омаровтың көп қасиеттерінің бір парасы ғана.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp