«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бесіктен безу береке әкелмейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ өзі ерекше қадір тұтқан ұғымдарға “ақ” сөзін қосарлап айтқан. Бұл да біздің ұлттық ерекшелігіміздің бірі. Ақ бата, ақ тілек, ақ неке, ақ келін, ақ босаға – мұның бәрі жұртымыз үшін аса қастерлі ұғымдар. Соған қарап “ақ” сөзінің қазақ үшін тек заттың түсін білдіріп қоймағанын көреміз. “Ақ” ұғымы тазалықтың, киенің, қасиеттің белгісі болған. Сол сияқты ұлтымызда “ақ бесік” деген ұғым бар. Бұл да бесіктің бабаларымыздың өміріндегі алар орны мен киелі сипаты басым болғанын көрсетеді.

Көшпенділер тұрмысында шаңырақ пен бесік қасиетті саналған. Қиын сәтте дана бабаларымыз алдымен бесігін қолға ұстап көшкен. Кей жерлерде баяғы бесіктер мен киіз үйлердің шаңырағын күні кешеге дейін сақтап келген екен. Отырықшылыққа көшкен елдің үйінен шаңырақ көрмесек те, бесігін қастерлеп, қазынасындай сақтап отырған отбасылар бүгін де аз емес.

Сөздік қорымызда адамның бар ғұмырын сипаттайтын “Тал бесіктен жер бесікке дейін” деген сөз бар. Тал бесік нәрестені бөлейтін кәдімгі ағаштан жасалған бесік. Баланың төсегін шеберлер иілетін талдан жасаған. Оны жақсылап дайындап, суға салып, темірмен иіп, доға жасайды. Иілетін ағаш не тал таппағандар бесіктің басын имей, тік тақтайлардан төртбұрышты етіп те жасай береді. Ал бесіктің бала жататын жерін түбі дейді. Әдетте оның ұзындығы 110-120 сантиметр болады. Оның екі жағынан жақтау жасалады. Бесіктің бас жағы мен аяқ жағын біріктіріп тұратын ағаштарының басын кертіп, келетін жеріне ойық істеп бекітуге болады. Төсектің түбіне, кішкентай етіп дөңгелетіп түбек жасайды. Бесіктің ұстап алып жүретін, тербеткен кезде ұстайтын ағашын арысы, арқалығы, белағашы дейді. Онымен түбінің арасы 30-35 сантиметрдей болу керек. Сонда ананың жатқан баланы емізуі оңай болады. Бесіктің тербетуге оңай болу үшін істелген астындағы дөңес ағашын табан немесе жорға деп атайды.

Бесіктің жасалуынан бөлек оның жабдықтарының өзі бір төбе. Бұл да халқымыздың баланы бөлеуге ерекше мән бергенін көрсетеді. Оның бас жастық, аяқ жастық, тақым жастық, белкөрпеше сияқты төсек жабдықтары бар. Баланы кеуде тұсы, аяқ жағынан байлайтын жіпті тартпа бау дейді. Тартпа бау үшін кез-келген жіп алына бермейді. Оны әдемілеп, өрнектеп тоқиды. Бесіктің үстіне түбек тұсы ойылған жұмсақ құстөсек салады. Бесіктегі ойықтың астына ыдыс қойып қояды. Оның ішіне күл немесе топырақ салады. Қыз және ер балаға арнап екі түрлі шүмек дайындалады. Оны әбден қайнатылған қойдың жілігінен істейді. Жазда бесіктің үстінен шыбын өтпейтін жұқа мата, қыста қалыңын жабады. Кей жерлерде баланың төсегінің үстіне шапан, қамшы сияқты 7 түрлі нәрсе жауып қоятын ырым болған.

Шеберлер бесіктің безендірілуіне де ерекше мән берген. Түрлі әшекейлер істеп, көшпенділер ұғымына сай ою-өрнек, тіпті суреттер салған екен.

Қазақ “Бесігі жоқ үйде береке жоқ” деп ұққан. Шаңырақ отбасының, бір жанұяның, қазан мен ошақ үйдің ырыс-берекесінің белгісі болғаны сияқты бесік өсіп-өнер келер ұрпақтың, келешек буынның белгісіндей саналған. Сондықтан да бесікті көрінген жерге тастамай, лақтырмай, бұзбай, қастерлеп ұстаған. Ол дүние есігін жаға ашқан пәк сәбидің алғашқы отауы, алғашқы үйі саналған.

Әлемде баланың өсіп-жетілуі, тазалығы, тыныш ұйықтауы үшін жайлы әрі анаға да ыңғайлы етіп сәбидің төсегін жасаған ұлт кем де кем. Осыған ұқсас жабдықтары бар Еуразия халықтарының бесікеріні көбі ежелгі бесіктің өзгертілген нұсқасы болуы мүмкін. Өкінішке қарай кеңес заманында қазақ отбасыларын бесіктен бездірді. Перзентханада туған сәбилер темір төсекте өсті. Жүздеген жылдар бойы қалыптасқан қазақтың бала бағу ұстанымы бұзылып, ұлттық тәрбиеміздің бастауы лайланды. Сол кездегі бесік көрмеген балалардың өзі бүгінде ата-ана болды.

Қалай десек те бала бағуда бесікке бөлеуден артық әдіс табу қиын. Біріншіден бесіктегі баланың мазасын ешкім алмай, ұйқысы тыныш болады. Қол аяғы байланғандықтан қозғалып, көрпесі ашыла бермейді, бала басқа жаққа аулап кетпейді. Алғашқы сәтте 20 рет зәр шығаратын нәрестенің асты да таза, құрғақ болады. Бесіктің арқалығына ілінген сылдырмақ, асықтарға қарап өскен баланың көру қабілеті, түс ажыратуы жақсарады. Тербетіліп өскен бала ержеткенде атқа, көлікке мінгенде басы айналмайды. Ағаш төсек, құс төсек жауын-шашын, желді күндерде де бала үшін жайлы, ондай төсектің астынан суық, сыз өтпейді. Бесікті кез-келген уақытта көтеріп алып жүруге ыңғайлы. Қазіргі жас аналар күні-түні бар уақытын баласының қасында өткізеді, бірнеше сағат сайын жаялығын ауыстырады, емізеді. Ал қазақ анасы бесікте жатқан баласын сол күйі емізіп, үй шаруасымен айналысып жүре берген. Бесік бала күтіміне кететін уақытты көп үнемдегендіктен, аналар нәрестенің қасына отырып, бесік жырын айтқан. Бесік жырын тыңдап өскен бала мейірімсіз, тасбауыр болмайды. Ал қазіргі келіншектер ән айтпақ түгіл, бала бағудаға қарапайым істерге уақытын жетізе алмай жүр.

Қорыта айтқанда бесік бала мен ана үшін ыңғайлы, күнделікті тұрмысқа лайық жасалған төсек. Оның бар пайдасын тізбелей келе бесікті көшпенді қазақ халқының үздік өнертабыстарының бірі десе болғандай.

Қарлығаш ЖҰМАҒАЛИЕВА,

зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp