«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің  басшысы Әсет Жұматаев журналистермен кездесіп,   аудандар мен Петропавл қаласы бойынша судан алынған сынамалардың нәтижелері бойынша ақпаратпен бөлісті.

Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет күн сайын ауыз судың сапасына бақылау жүргізіп отырады. Қазіргі уақытта облыс бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Зерттеу нәтижелері жұқпалы аурулардың туындау, таралу қаупін теріске шығарған.

Өңіріміз бойынша 108 су құбыры бақылауға алынған.   26 наурыздан бастап санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу шеңберінде орталықтандырылған және орталықтандырылмаған сумен жабдықтау көздерінен барлығы 595 сынама алынған болса, оның 451 сынамасы теріс болыпты. Қалған 25 оң сынама  бойынша тиісті шаралар қабылданды.  Аталған елді мекендер таза  тіршілік нәрімен қамтамасыз етілді,   сумен жабдықтау жүйесін дезинфекциялау және жуу жұмыстары жүргізілді.

Судың сапасы мен қауіпсіздігінің зертханалық мониторингінің нәтижелері бойынша жұқпалы аурулардың су арқылы таралу қаупі жоқ.   Су тасқыны кезінде жұқпалы және паразиттік аурулардың алдын алу мақсатында халықпен және шаруашылық-ауызсумен жабдықтау субъектілерімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары уақытша орналастыру пункттерінде тамақтануды, ауыз су режимін және тұру жағдайларын қадағалап отырады.

–Қазіргі уақытта санитарлық қызмет 24/7 жұмыс режиміне көшкендіктен, сынамалар алу үшін бақылау орындарын көбейттік. Еліміздің  бас санитар дәрігерінің 4 сәуір күні шыққан қаулысына сай су басқан елді мекендерге қатысты талаптар бекітілді. Оны санитар дәрігерлер ғана емес, жергілікті атқарушы билік, сумен қамтамасыз етушілер де сақтауы керек. Облыста жіті ішек инфекцияларымен және А гепатитімен сырқаттану бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, су тасқыны кезінде өсім  байқалған жоқ.

Күн сайын жіті ішек инфекцияларының, сальмонеллездің, А вирустық гепатитінің, аса қауіпті жұқпалы аурулардың эпидемиологиялық жағдайына мониторинг жүргізіледі, – деді Әсет Жұматаев

Сонымен қатар мамандар  А гепатитінің берілу факторларының бірі су екенін ескере отырып, халыққа осы инфекцияға қарсы вакцина  егуді ұсынып  отыр.  Екпелер жоспарлы түрде 2 және 2,5 жаста, тұрғылықты жері бойынша емханаларда тегін қойылады, вакцина жеткілікті мөлшерде бар. Белгіленген мерзімде вакцинация алмағандардың 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді вакцинациялау мүмкіндігі бар.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp