«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өмір мектебі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ер азамат үшін өмірдің мәні еліне адал қызмет етіп, халқының батасын алып, кейінгіге үлгі болар із қалдыру. Көл-көсір байлық та, биік мансап та, атақ-даңқ та адам өмірін мәнді ете алмайды. Тек адал қызмет пен елге сңірген еңбек қана ер жігіттің абыройын асқақтатып, мерейін асырады. Қалың елдің қиындықта арқа сүйеп, соңынан еретіні де осындай азаматтар. Халқым дегенде ештеңеден тайынбайтын қара нарлардың арқасында талай қиындықтан аман өтіп, тығырықтан жол тауып келеміз. Арғы заманды айтпағанның өзінде, осы күні сіз бен біз игілігін көріп жүрген дүниелердің артында қаншама аға буынның тынымсыз еңбегі тұр. Олар өз заманында жұмысқа білек сыбана кірісіп, бойында қайраты барда қалың елдің пайдасы үшін қарап қалған жоқ. Сол кезде еңбек жарысында алға озғандар бүгін де халқының құрметіне кенеліп, жастарға үлгі болып жүр. Оған 40 жыл бойы шаруашылық пен басшылық қызметтің отымен кіріп, күлімен шыққан ардагер Жүсіп Башировтің өмірі дәлел.

Бала кезінен жұмыстың дәмін татып, өмір мектебін көрген адамның есейгенде де іскер, еңбекқор болатыны бар. Кейіпкеріміз де қыж-қыж қайнаған өмірге ерте араласып, ауыл шаруашылығы техникумын тамамдады. Бойдағы жастық жігер басқасына қоймай Тынық мұхит флотында әскери борышын өтеп келді. Кейін Совет (қазіргі Аққайың ауданы) ауданында бөлімше агрономы, кейін бөлімше басқарушысы болды. Шаруаны алға сүйреу үшін білім керек екенін ұққан ол Целиноград ауыл шаруашылығы институтын сырттай бітіріпті.  

Жүсіп Башировтің қызмет жолы тақтайдай тегіс болды десек, қателескен болар едік. Жұмысқа алғаш қабылданған сәттен бастап ол шаруашылық пен өндірістің қордаланған мәселелерімен бетпе-бет келіп, оларды шешуге бар күшін салды. «Жігітті жігерінен таны» дегендей кейіпкеріміз табандылығы мен талабының арқасында талай түйткілдің шешімін тапты.

Жүсіп Қабдуахитұлы өзінің Тимирязев ауданында қызмет еткен жылдарын ерекше іңкәрлікпен  еске алады. 80 жылдардың аяғында «Ленин» кеңшарына директор болып тағайындалған оған шаруашылықтың тасын өрге домалату оңайға соққан жоқ. Орталықтан алыстағы елді мекенде өндіріс, әлеуметтік-мәдени мәселелер, кадрлық қамтамасыз етудегі түйткілдер әбден қордаланып қалған еді. Құрылыс пен мал шаруашылығының күйі де мәз емес. Осында келгеннен бастап іскер азамат жағдайды оңалтуға кірісіп кетті. Алдымен қазандықты іске қосып, тұрғын үйлер мен өндіріс нысандарын жылумен қамтыды. Үйлерге жылу құбырымен қатар су желілері де тартыла бастады. Шаруашылықтың да жағдайы түзеліп, жаңа мал фермалары салынды, мал азығы мәселесі шешілді. Кеңшардың Солтүстік мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-зерттеу институтымен арадағы серіктестігі арқасында төл басы артып, жаңа технологиялар қолданысқа енді. Мұндағы жұмыстың жайын жоғары бағалаған ғалымдар кеңшарға етті бағыттағы асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін беруді де ұсынған.

Кеңшардың қорасында мал төлдеп, ірі қара өсірудің тиімді әдістері қолданылып жатқанда алқаптардағы жұмыс та қызып жатты. Ауыспалы егіс, тұқым шаруашылығы, минералды тыңайтқыш себу, өсімдіктерді қорғау технологиялары өз жемісін беріп, 1992 жылы дәнді дақылдардың өнімділігі гектарына 30,1 центнерге жетті. Қазіргі ғылыми жетістіктерді пайдаланып, заманауи техникасы бар шаруалар жете алмай жүрген межеге осыдан 30 жыл бұрын иек артып, мұндай өнім жинау зор жетістік еді. Мол астықты көліктер күндіз-түні тасып, қамбалар аузы-мұрнынан шығып толып тұрды. Іскер жанның шаруашылықтағы жетістіктерін жоғары бағалаған сол кездегі өңір басшысы Владимир Гартман оған кабинетінің есігін «теуіп» кіруге рұқсат берген деседі.

Басшылық еткен жылдары оның «Ленин» кеңшарына жасаған жақсылығы тек бұл ғана емес. Жүсіп Башировтің қолдауымен оқушыларды бейінді оқыту бағдарламасы енгізілді. Осы арқылы ауыл жастары мектеп кезінен шаруаға араласып, техникада жұмыс істеп, жер өңдеудің қыр-сырын меңгерді. Сондағы оқушылардың көбі кейін осы мамандықтардың тізгінін ұстап, өздері өскен жерде тер төкті.

Егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезде де Жүсіп Баширов елдің тізгінін ұстап, халықты дағдарыстан аман алып өтудің жолын іздеді. «Ленин» кеңшарындағы жемісті жұмысынан кейін Жамбыл ауданына басшы болып тағайындалды. Бұл аудан халқымен қатар кейіпкеріміздің өміріндегі ең қиын кезеңдердің бірі болды. Жалақы, зейнетақы төлеу кешеуілдеген. Аудандағы бар мал басы Жүсіп Баширов бұрын басқарған кеңшардың малындай ғана болады екен. Шаруашылықтарда қарызды өтерлік ештеңе қалмаған. Елдің сеніп отырғаны кең жер мен еккен егіні ғана. Алайда қуат көзі күніне бірнеше сағатқа ғана берілетін кезде жиналған дақылды сақтаудың өзі қиынға түседі. Жүсіп Баширов жедел шешім шығарып, бар электр қуатын Қайранкөл элеваторына бағыттап, күні-түні астық қабылдау ұйымдастырылады. Нәтижесінде басқа жерлерде тау болып үйілген астық қап-қара боп күйіп кетіп жатқанда, жамбылдық ағайынның еңбегі еш кетпей, дән қамбаға құйылады. Сол жылы Қайранкөл элеваторы астық сақтау мен сапасы жағынан өңірде бірінші орынға шығады.

Жүсіп Башировтің елдің есінде қалған тағы бір ісі – 1997 жылдан бергі облыстың су шаруашылығын басқарған кездегі табандылығы. Қызметке келе сала ол өңірдегі ең ұзын су құбырының жөндеу көрмей тұрғанына назар аударып, облыс басшылығына ұсыныс жолдайды. Онымен қоймай республикалық билікке дейін барып, 5 министрліктің алдында тік тұрып жөндеу қажеттігі туралы ұсынысын қорғап шығады. Тіпті қаржы тапшы деп қипақтаған біреуіне кіріп барып Қызылжардағы ахуалды ұқтырып, өзін үйретіп жібергені де бар.

Өңірдегі тоқсаныншы жылдардың тоқырауы бірден сейіле қойған жоқ. Шаруашылықтар тұқым мен жанармайдан тапшылық көріп, төрттен үші жабылудың аз-ақ алдында тұрды. Осындай кезде Жүсіп Қабдуахиұлы өңірге келген ірі инвестор «Golden Grain» корпорациясының бас директоры болып тағайындалады. Сөйтіп өңірдің ауылшаруашылық саласының тамырына қан жүгіртуге тырысты.

Ел үшін тәуекелге бас тігіп, осы жолға бар ғұмырын арнаған жанның алдынан қиындықтар кездесуі заңдылық. Жүсіп Баширов сол кедергінің бәрін абыроймен еңсере білді. Өмір жолында кездескен түйткілдер азаматтың қанатын қатайтып, құлшынысын арттыра түсті. Ол арына дақ түсірмей, азаматтық міндетін адал атқарып, құрметті демалсына шығып, елінің қадірлі ақсақалына айналды. Ел дегенде тік тұратын жан зейнетке шыққанда да қол қусырып отырған жоқ. «Ақниет» қорын басқарып, қалалық мешіттің құрылысына қолдау көрсетті.

Буыны бекіп, бұғанасы қатқаннан халық арасында жүрген адам қызметінен кетсе де жұрты үшін алаңдамай қойсын ба? Жүсіп Баширов та осы күнгі өңірдегі ахуалға алаңдаушылығын білдіруде. Облыстың су шаруашылығына басшылық еткен кейіпкеріміз қазіргі су тасқынының себебі тереңде жатқанын айтады.

-Қыс бойы жиналған ылғалдың бәрі топыраққа сіңуі тиіс еді. Алайда қазіргі шаруалардың тастай қатты күйге жеткен алқаптарына су сіңбей жатыр. Құдды бір асфальт па дерсің. Олар қар тоқтатып, жер күтуді артық көреді. Сөйтіп су төменге ағып, ормандарды басып, ағаштың бәрі тік тұрған күйі шіруге айналды. Шаруаларға мелиорация жүргізу үшін де көмек көрсету керек. Жасыл желекті қалпына келтіру маңызды. Бұрын өңірде көшет өсіретін 5 тәлімбақ болса, бүгінде біреуі де жоқ. Мал азықтық базаны нығайтып, түрлі қиын жағдайлар үшін қор жинау қажет. Өңірдегі шаруалардың 60 пайызы мал ұстамайды. Оларды бұл салаға тарту керек. Бау-бақша шаруашылықтарына қолдау көрсету де халыққа өз керегін өзі өсіруге мүмкіндік береді, – дейді Жүсіп Баширов.

40 жылдан астам уақыт еңбек етіп, бүгінде 75 жастың биігіне шығып отырған ақсақалдың кейінгі буынға үйретері де, бөлісер тәжірибесі де мол. Қазіргі жастар өмір жолында адаспас үшін алдында бағыт берер осындай азаматтардың болғаны керек-ақ.

Бұл айтылғандардың бәрі Жүсіп Башировтің қайраткерік жолының бір парасы ғана. Оның ерен еңбегі, жоғары іскерлік қабілеті, сын сағатта халық пайдасына шығарған шешімдері ел аузында. Бүгінде кейіпкеріміз өз жұбайымен 6 немеренің ортасында мейманасы тасып жасап жатыр. «Ата» деп қасында жүретін немерелері оқуда да, еңбекте де Жүсіп Башировті үлгі тұтады.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp