«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Абаттандыру үй айлығы басталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен сенбі күні  абаттандыру айлығы аясында  жалпықалалық сенбілік өтті. Оған жергілікті атқарушы органдардан, қоғамдық және бюджеттік ұйымдардан, кәсіпорын-мекемелерден 6,5 мыңдай адам қатысып, жарты мың тоннадан астам қоқыс жиналып, шығарылды. Тазалық шарасына өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов пен қала әкімі Серік Мұхамедиев те атсалысты.

Жалпықалалық сенбілікке жиналып, көшелер мен аулаларды күл-қоқыстан тазартушылардың қарасы қалың болды. Облыс орталығындағы тұрғындар серуендеп, дем алатын орындардың бірі–ауған соғысы жауынгерлеріне арналған саябақ та  ретке келтірілді.

«Осынау маңызды шараға үлес қосуды барлық деңгейдегі халық қалаулылары да басты парыз санап, ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті», – дейді облыстық мәслихаттың депутаты  Юлия Пронина.

Әкімдік өкілдері де игі іске білек сыбана кірісіп кеткен.  Солардың бірі – облыс әкімі аппаратының бөлім жетекшісі Дәурен Жүсіпов. Ол  сенбіліктің өтетіні алдын ала хабарланғанын, бұдан былай апта сайын ұйымдастырылатынын жеткізді. Бизнес субъектілеріне өздеріне тиесілі аумақты тазалау, қоршауларды, баспалдақтарды бояу ұсынылып, олар тапсырманы тап-тұйнақтай атқарып шыққан.  

Қала басшысы Серік Мұхамедиев БАҚ өкілдеріне берген шағын сұхбатында көктемгі су тасқыны салдарын жойып, қаланы қалпына  келтіруде көп жұмыс атқарылу қажеттігін атап өтті. Су басқан аудандардың көптеген тұрғындары баспанасыз қалды, оларға барлық қолдау мен көмек көрсетіледі. Жеке тұрғын үйлерді қалпына келтіру мүмкін болмаса жаңа баспана беріледі.

Облыс орталығындағы саябақтар, көшелер мен аулалар қызу еңбекке бөленді. Осылайша сын сағатта сыр бермеген  тұрғындар тағы бір мәрте ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті. Мемлекет басшысының бастамасы жер-жерлерде қызу қолдау тапты.  Басты мақсат – қаланы тазарту.  

   Жарияланған  үшайлық аясында сенбіліктер жүйелі түрде өткізілетін болады.

                                                                                                                Руслан ҚҰСАЙЫНОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp