Су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін құрылған 12 эвакуациялық пункттің жетеуі мектептерде орналасқан болатын. Олардан 107 адам Е. Дәуітов атындағы қызмет көрсету колледжі студенттеріне арналған жаңа жатақханаға көшірілді.
«144 орынға лайықталған жатақхана талапқа сай жабдықталған, жуынатын, тамақ әзірлейтін бөлмелер бар. Ыдыс-аяқ, көрпе-жастық сияқты бірінші қажетті заттар жеткілікті. Полиция қызметкерлері, жедел жәрдем және еріктілер кезекшілік етеді. Бұдан бөлек, тағы бір жатақханамен қамтамасыз етіледі. Баспанасыз қалған тұрғындардың бәріне қалыпты жағдай жасалады», –дейді қала әкімінің орынбасары Қалия Төренова.
Осында орныққандардың бірі–бұған дейін Ойқала шағынауданында тұрып келген Галина Соловьева. Ол отағасымен және 14 жастағы шөбересімен жайлы да жарық бөлмеде тұратынына қуанышты. Наталья Мостовщикова үш әпке-сіңлісімен жайғасыпты.
Еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және қалпына келтіру тетігімен бөлісті.
Техникалық байқау негізінде зардап шеккен үйлерді әкімдіктің мердігерлері немесе меншік иелері өтемақы есебінен өздері жөндей алады. Егер үйді қалпына келтіру мүмкін болмаса, мемлекет екі жол ұсынады. Бұл жаңа тұрғын үй салу немесе жылжымайтын мүлік нарығында дайын тұрғын үй сатып алу. Сонымен қатар адамдар тұрғын үйді өз бетінше таңдай алады, бірақ құны бекітілген стандартты жобадан аспауы керек.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».