Арман Бердағұлов – Петропавл қалалық мәслихатының төрағасы, №8 сайлау округі бойынша депутат, «AMANAT» партиясының мүшесі.
Не үшін депутат болдым?
Мен өзімнің депутаттық мансабымды 2016 жылы Петропавл қалалық мәслихатының алтыншы шақырылымынан бастадым. Осымен үшінші шақырылым қатарынан депутат болып сайланып отырмын. Негізі еңбек жолымды мемлекеттік қызметтен бастағанмын. «AMANAT» партиясында біраз жыл еңбек еттім
Депутат болу – халыққа қызмет ету. Сондықтан халықты толғандырып, жанына батып жүрген сұрақтарды шешіп, елдің дамуына өз үлесімді қосу үшін сайлауға түсуге бел будым. Партия қатарында жүргенде атқарған жұмысым да халықпен тығыз байланысты болатын. Сол да менің депутат болуыма түрткі болған шығар. Бұдан бөлек, қаламыздың өзекті мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлесімді қосуға мүмкіндік туатынын түсіндім. Осылайша 2016 жылы бірінші рет депутат атандым. Әріптестерім де маған сенім артып, мәслихат хатшысы қызметіне сайлады.
Екінші рет сайлауға түскенде бастаған жұмысымды жалғастыруды мақсат еттім. Жетінші шақырылымда да мәслихат хатшысы болдым. Ал сегізінші шақырылымның сайлау жүйесі күрделі болғанын осы саладан хабары барлар жақсы біледі. Сайлау алдындағы үгіт-насихат кезінде тұрғындармен кездесіп, түрлі мәселелерді білдік. Бұл жолы өткен екі шақырылымда жинаған тәжірибеме сүйендім. Халықты толғандырған өзекті мәселелерді, өтініш-тілектерін біліп, соларды шешу жолын ұсына отырып үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздім.
Сайлаушылар мені таниды, депутат ретінде қалай жұмыс істейтінімді біледі. Сол себепті маған сенім артып, дауыстарын берді. Ал әріптестерім мәслихат төрағасы қызметіне азды-көпті тәжірибем болғандықтан таңдады деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сегізінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында: «Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз. Біз Отанымызды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бастық», – деген сөздері алдымызға үлкен міндеттер қойылып отырғанының дәлелі.
Сайлаушыларға қандай уәде бердім?
Жалпы мәслихат депутаттарының қызметі – мемлекет саясатын пәрменді түрде жүргізуге, әлеуметтік-экономикалық жоспарларды іске асыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға байланысты шаралардың жүйелі атқарылуын қадағалауға бағытталған. Сондықтан мен «AMANAT» партиясынан қалалық мәслихат депутаттығына үміткер етіп ұсынылуымды үлкен сенім, зор жауапкершілік деп қабылдаймын.Әр азамат, соның ішінде мен де қаламыздың дамуына қандай да бір үлесімізді қосқымыз келеді. Жолдарды жақсарту, көшелерді абаттандыру, аулалардың тазалығын қамтамасыз ету, балабақша мен ойын алаңын салу сынды жоспарлар көп. Сайланған кезден бері облыс орталығындағы түйінді мәселелерді шешуге, округ тұрғындарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға тырысып жүрмін.
Үш бала тәрбиелеп отырған жас отбасы болғандықтан мені де денсаулық сақтау пен қауіпсіздік саласының сапасы қатты алаңдатады. Өзім жауапты округте мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердегі олқылықтарды жойып, азаматтардың қолайлы жағдайда өмір сүруіне жағдай жасау үшін құрылысқа жауаптылармен жүйелі түрде жұмыс жүргіземін.
Коммуналдық қызметтердің жұмысы үнемі талапқа сәйкес келе бермейді. Осы қаланың тұрғыны ретінде мен үшін көшелердің, аулалардың тазалығы және пәтерлерімізді жылыту мәселесі аса маңызды. Біздің округте жаңа қосалқы станция іске қосылғаны біздің жергілікті атқарушы органдарға үйлерді орталық коммуникация желілеріне қосу мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар қалалық коммуналдық қызметтердің жұмысын үнемі қадағалап отыру қажет.
Әр азамат денсаулығының, отбасының, мүлкінің және өзі тұрып жатқан жердің қауіпсіздігіне алаңдайды. Біздің ауданда екі мектеп бар, сонда оқитын балаларымыздың қауіпсіздігі аса маңызды. Округке жауапты бір учаскелік полиция қызметкері үлкен аумақты толық қамти алмасы анық. Менің міндетім – учаскелік полиция қызметкерлерінің танымалдылығын арттыру және жұмысын күшейту.
Округте көптеген жастар, балалары бар жас отбасылар тұрады. Ал олардың бос уақыттарын пайдалы өткізу мәселесі әлі де шешімін тапқан жоқ. Менің алға қойған мақсатым – балаларға арналған ойын мен спорт алаңдарын ұлғайту, аула клубтарын ұйымдастыру, отбасылық спорттық-демалыс шағын орталықтарын құруға қол жеткізу.
Қай уәдемді орындадым?
Депутаттықты атақ, қызмет емес, міндет деп қабылдау керек. Қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін жолдың дұрыстығы, су мен жылудың болуы аса маңызды. Мен депутат болып сайланған №8 сайлау округі Копай шағынауданын қамтығандықтан шешімін таппаған бірталай қиындықтар бар. Ол жерде жер үйлер өте көп. Қазіргі кезде шағынауданды абаттандырып, жаңа үйлер салу көзделіп отыр. Мұнда барлығы 27 көпқабатты үй салу жоспарланған. Қазіргі таңда жетеуінің құрылысы басталды. Қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы орта жасалған кезде Копай инфрақұрылымы дамыған жаңа шағынауданға айналары анық. Осы мақсатқа жетуге, жоспарланған жұмыстың жүйелі түрде жүзеге асырылуына депутат әрі мәслихат төрағасы ретінде бар күшімді салудамын. Әрине ол бір мезетте жүзеге асырылатын жұмыс емес. Дегенмен жасалған жоспардың орындалып, Копай әдемі, қауіпсіз шағынаудандардың бірі болатынына сенімім зор.
Қазіргі таңда көппәтерлі баспаналар салу үшін ескі жер үйлер бұзылып жатыр. Үй иелеріне қалалық әкімдіктен жаңа пәтерлер берілуде. Пәтерлерді беру реті де, комиссияның атқарып жатқан жұмыстары да депутаттардың бақылауында. Мен депутат ретінде ол комиссияның жұмысына қатысып отырамын. Апта сайын қалалық мәслихатта қоғамдық қабылдау өткіземін.
«АMANAT» партиясының мүшесімін. Сондықтан ай сайын қала тұрғындармен партияның қабылдау бөлмесінде де кездесу өткіземін. Азаматтардың қоғамдық қабылдауда көтерген мәселелері нақты есепке алынып, олардың оң шешілуіне бағытталған шаралар қабылданады.
Халық маған сене ме?
Петропавл қаласы мәслихатының төрағасы болғандықтан келіп түскен барлық мәселелермен айналысамын. Дегенмен «халықтың сенімін ақтадым, халық маған сенеді» деп өз қызметіне баға бере алмаймын. Бірақ қолымнан келгенше еңбек етудемін, халықтың сенімін ақтауға атсалысып жүрмін. Тұрғындармен жүйелі түрде кездесулер өткіземін. Сайлаушылармен кездеспейтін депутаттың жұмысы өнбейді, сайлаушылардың сеніміне де ие болу қиын. Округ бойынша депутат болып сайланып, олардың өтініш-тілегін жергілікті атқарушы билікке жеткізуге, мүдделерін қорғауға міндетті болғандықтан халықтың сенімін ақтауға тиіспін. Осы жауапкершілікті түсіне, сезіне отыра округ тұрғындарының өміріне немқұрайдылық таныта алмаймын. Маған түскен өтініштер мен ұсыныстарды, алдыма қойған міндеттерді қолымнан келгенше шешуге тырысып жатырмын. Жұмыс істеу арқылы ғана сайлаушылардың сеніміне ие боламыз, үмітін ақтаймыз.
Дайындаған Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
«Soltüstık Qazaqstan».