«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Спартак РАМАЗАНОВ: “Орыс театрында ұлттық болмысымызға сай қойылымдар көп сахналануы керек”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Театр сыншысы, марқұм Әшірбек Сығай бір сұхбатында: «Сахнада, экранда кілең шіңкілдек, ұсақ актерлер көбейді. Екі иығына екі кісі мінгендей фактура жоқ. Кескін келбеті келіскен кермиықтарға зәруміз. Майда тартып барамыз. Шіңкілдеп, елпілдеп кеттік», –  деп ашынады. Мұның себебі неде? Шығар жолы қайсы?

– Бұл сауалға  жауап бермес бұрын қоғамдағы жастарға бір сәт көз жүгірткеніміз жөн болар, шыны керек  бойлары  ұзын болғанымен денелері қушиған, ұсақ, арық жастар көбейіп барады.  Жас ұрпақтың майшабақтай ұсақталып бара жатқаны алаңдатады.  Жауырыны қақпақтай, білектері тоқпақтай ата-бабаларымыз тек фильмдер мен ертегілердің ғана кейіпкеріне айналып бара жатқандай.    Бұның себеп-салдары көп. Балалардың қалай тамақтанып жүргеніне мән беруден қалдық.  Олардың дені дүкендердегі арзан, құрамында глюкозасы көп азық-түліктерді, қоғамдық тамақтандыру орындарындағы шала піскен, тез дайындалатын тағамдарды жейді.   Мұндай азықтардың құраманда адам ағзасына кері әсерін тигізетін химиялық қоспа бар. Таза, денсаулыққа пайдалы сүт, айран, қымыз, шұбат, құрт қосылған сорпа ішетін жастар азайды.   Жастардың  әлсізденіп бара жатқанының еікніш бір себебі, оларда қимыл-әрекет жоқ. Біз балаларымызды көп аяймыз. «Аясаң аяма» деген сөзді түсіне алмай жүрміз.  Еңбекке баулу арқылы тәрбиелеуді ұмыттық. Бұл қоғамның барлық саласына әсер етуде. Өнерді, театрды да айналып өткен жоқ. Қит етсе суықтап қалатын, еңбекке жарамсыздық парағын аштыратын жандар көп. Рөлдерді сұрыптап, саралағанда дауысы жуан, айтары нық адамдарды таппай қалатын кездеріміз бар екенін несіне жасырайық.  Тағы бір айтпағым, спортпен тек спортшылар ғана айналысу керек деген түсінік бар. Өзін құрметтейтін, денсаулығына Алланың аманаты деп қарайтын адам спортқа жақын болады, жаман әдеттерден  жиренеді, қоғамға пайдасын тигізуге асығады. Жалқаулық та балағымызға жармасқан. Жетістік пен көп ақшаға жылдам және оңай жолмен жеткісі келетін жастарға айтарым: өмірде әр нәрсенің өз уақыты бар.  

– Театр саласының жілігін шағып, майын ішкендер  қазақ сахнасындағы бірізділікті, сол баяғы бiр ұқсастықты сынға алған. «Анау рөлiнде де, мынау рөлiнде де қолы ербең-ербең, сол баяғы дауыс, сол баяғы үн, сол қимыл, сол күлкi. Еш өзгерiс жоқ» деген пікірдегі сыни көзқарас қазір де бар.  Өнер ошағының директоры ретінде сіз бұл сынға қалай жауап берер едіңіз?

– Әр  кейіпкердің өзіндік ерекшелігі бар. Өнер адамы өз бойындағы ерекшелігін сахнада тәжірибемен ұштастыра отыра көрсетсе құба-құп.  Н. Погодин атындағы облыстық орыс-драма театрының актерлерінің дені  облыс орталығындағы  өнер колледжін бітіргендер. Олардың кәсібилігін арттыру мақсатында  басқа қалаға барып,  грант негізінде оқуға мүмкіндіктері жоқ. Оқуға  кеткендер қызылжарға қайтып келіп жұмыс істеуге  құлықсыздық танытады.  Ал колледжден келгендердің тәжірибесі жеткіліксіз, оларға көп іздену, дайындалу керек.  Бұл ретте біздің режиссерлерге көп міндет жүктеліп отыр. Әр әртіспен жұмыс істеу оңай емес. Олардың ашылмай жатқан қырларын, қабілеттерін ашу үшін уақыт пен әдіс-тәсілдер керек.  Сахнада тәжірибесі  аз актерлердің іс-әрекеті көзге бірден байқалады.  Десек те тума таланттар жоқ емес. Бар. Олар өздеріне берілген тапсырмаларды мізсіз етіп орындаумен қатар дауыстарын сан құбылтып, бұлбұлдай сайрайды.  Актерге жетіспейтін нәрсе – білім. Олар әрбір кейіпкердің өмірімен толық танысуы керек. Мысалы, Қабанбай батырдың рөлін сомдау үшін оның сөзін жаттап алу жеткіліксіз, баһадүр өмір сүрген заманға сапарлау маңызды.   Театр актерлерінен осыны талап етемін.

– Сіз жетекшілік етіп отырған театрдың көрермендері негізінен өзге этнос өкілдері? Театр – тәрбие құралы. Көрермендерді қазақ ұлтының қасиеттеріне, мінезіне, болмысына қанықтыру мақсатында атқарып жатқан шаруаларыңыз шаш-етектен. Солардың бірқатарына тоқталып өтесіз бе?

– Осыған дейін жазушы Ғабит Мүсіреповтың «Қозы көрпеш – Баян сұлу» мен Олжас Жанайдаровтың «Жүт» атты спектакльдерін  сахналадық. Көрермен жылы қабылдады. Өнер жанашыры ретінде  маған режиссердің Баян сұлу, Қыз Жібектердің киім үлгілерін заман ағымына сай өзгерткені  ұнамады, өз басым ондай өзгеріске қарсымен. Баян өмір сүрген заман басқа. Мен сияқты  көрермендердің көбі кітаптан оқыған Баян сұлудың образын көргісі келген болар.  Театр – ұлттық идеологияның бір тармағы. Орыс театрларында ұлттық болмысымызға  сай қойылымдар жиі қойылуы керек. Өз басым осындай ұстанымдамын. Алайда, әр нәрсенің өз бояуы бар.  Мықты, қазаққа жаны ашитын режиссерлер  орыс театрларында отыруы қажет. Сол кезде қазақ өнері, тілі дамиды.  режиссердың қаны, жаны қазақ болмаса қазақы болмысты қанық етіп суреттей алмайды.  Актерлерге де артылар жүк орасан.   Олар қазақ шығармаларындағы кейіпкерлердің  өмірбаянын оқығанымен  түсінбейді, сосын халыққа ойындағысын жеткізе алмайды. Ал шеттен  режиссер шақыру үшін  қаражат керек.

Бір қуанарлық жайт, біздің театрдың тұрақты көрермендері қалыптасқан. Олар драмадан гөрі комедиялық жанрдағы туындыларды  көргісі келеді.

– Өзге қаладан келген жас мамандар үшін қандай жеңілдіктер қарастырылған?

– Өткен жылы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық орыс драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев екеуіміз Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер акедемиясына іссапармен бардық. Білім ордасында болашақ актерлер қазақ және орыс топтарында даярланады екен.  Бәрінің сұрайтыны – баспана. Басшы ретінде өңірге келем деген жастардың үй мәселесін шешуге атсалысармыз. Жалақы мәселесі де өзекті болып тұр.    Жас мамандардың еңбекақысы аз. Оны шешу менің құзіретімдегі жұмыс емес. Өз басымда  тұрақты баспана жоқ, әлі күнге квартира жалдап келемін.  Жас актерлерге арналып үй салынса деген тілегім бар.  Сонда ғана біз өңірге талантты мамандарды тарта аламыз.  Сонда ғана біз жас мамандарды қызылжарға  еш именбей шақыра алар едік.   

Атақты қаламгер Шерхан Мұртазаның «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген ұлағатты сөзі бар. Бір жаңа қойылымдардың санын көбейтіп, сапасын жақсартамыз. Спектакльге келген халық сахнадан өз бейнесін,  болмаса қасында жүрген адамның бейнесін көреді, содан сабақ алып,  өзінше қорытынды жасайды. Біз сол арқылы халықтың жүрегіне жол табамыз. Театр – өмір бейнесін сомдап, халықты тәрбиелеу, ұрпаққа дұрыс жол көрсетудің таптырмай жолы.

– Қоғамда көрермен мәдениетіне қатысты түрлі пікірлер айтылып қалады.  Сіздің пікіріңіз қандай?

– Ең алдымен көрермен мәдениетті болуы керек. Осы мәселе ақсап тұр. Театрға кешігіп, қалай болса солай киініп келетіндер бар. Кей адамдар телефонды дыбыссыз режімге қою, залда тыныштық сақтау сынды қарапайым ережелерді білмейді. Қойылым барысында көрерменнің  істеген артық іс-әрекеттерінің барлығы сахнада өнер көрсетіп жатқан адамға  деген құрметсіздік болып саналады. Қойылым барысында залда жүгіріп жүретін, жылап жататын балалар бар, ересек жандар  сәбилеріне ие бола алмаса, жылаған баланы уата алмаса театрға келіп, басқаларға кері әсерін тигізбегені абзал.  «Театр  мәдениеті киімілгіштен  басталады» деген сөзді есте берік сақтап, өзімізді құрметтегендей, басқаларға да құрмет көрсетуіміз керек. Кей адамдар  ата-анасына, дос-жарандарына сыйлық ретінде театрға билеттер алып беріп жатады, бұл жақсы қасиет. Кім болса да театрға келмес бұрын өзінің қандай спектакльге бара жатқанын білуі және соған қатысты кітап оқып  не кино  көріп, әйтеуір ақпарат алып баруы, қойылымнан шыққаннан кейін өзара салыстыруы, артық-кемін пысықтап, өзіне нәр ала білу керек.

– Жастар театрдың маңыздылығын қаншалықты түсінеді деп ойлайсыз?

– Ресейде шетелдегі орыс театрларын қолдайтын арнаулы орталық бар. Біз сол орталықпен байланыстамыз.  Екі жылда бір рет өңірімізге ресейлік  режиссерлар  келіп,  әр спектакльден  үзінділер қояды.  Режиссердің жол ақысы, жатын орнына, тамағына жұмсалатын шығынды орталық өздері төлейді. Мұның барлығы жастарды театрға тарту үшін жасалып жатқан жұмыстар.  Одан өзге жас мамандармен еркін кездесулер ұйымдастырамыз, жастар өз сауалдарын ашық қойып, өзара пікір алмасады. Халықпен жиі қарым-қатынаста болмасақ тұрақты деген көрермендердің өзінен айырылып қалуымыз  ғажап емес.  

Жалпы өнердің қай түрі болмасын адымдап дамуы үшін шығармашылық ортаның тынысының кеңдігі керек. Өз қазаныңда қайнап жүре беруге болады. Алайда мұндай ниеттегілер ұзаққа бармайды. Сондықтан өңір-өңірлерге шығармшылық сапарлар ұйымдастыру маңызды. Бұл жастарды сахнаға тартудың бір жолы.  Фестива́льдерге, өнер жәрмеңкелеріне  қатысудағы басты мақсат міндетті түрде орын алу емес,  тәжірибе алмасу. Фестивальге қатысу үшін біздің жіберген ұсыныстарымызды қарап,  іріктейтін орталық комитет бар. Олардың іріктеуінен өткеннен кейін барып бізге шақырту келеді.  Комиссия сараптамасынан  өтудің өзі оңай шаруа емес.

– «Ақын болу міндет емес, азамат болу парызың» деген сөз бар. Сіз қанша жылдан бері орыс театрына жетекшілік етіп келе жатсыз.  Бұл жұмыстың ауыртпалығын жақсы білесіз. Жаныңыз  жараланатын кездер де кездесіп қалатын шығар. Жалпы  басшы болу қиын ба, адам болу қиын ба?

– Адам болу қиынның қиыны. Таңертең үйден шығып кеткен адам кешке үйіне жанына, арына кір жұқтырмаған адам болып оралуы керек.  Кешке жастыққа бас қоярда «мен бүгін адам болып қалдым ба?» деген сұраққа «иә» деп жауап бере алсаң бақыттысың.  Адамдықты ту еткен басшы болсаң бағыңның еселенгені. Басшы қарамағындағы әр адамды тыңдай білуі керек. Ғимаратты күтіп-тазалайтын адаммен ақылдаса алсаң, жанын түсіне отырып пікірлессең сенің басшылық қырларыңның ашылып жатқаны.  Басшы екенмін деп өзіңнен қызметі жағынан төмен тұрғандармен сөзге келіп қалуға, оларға бұйыра, жекіп сөйлеуге болмайды.  Айтылған пікірлерді толық тыңдап барып қорытынды шығара  білу керек.  Өкінішке қарай қоғамда  «мен басшымен, менікі ғана дұрыс» деген көзқарас басым. Ондай жағдайда жеп отырған нанынан айырылып қалғысы келмегендер сенен сескеніп, табаныңның астында қадалғалы тұрған шегені көрсетуден сескенеді. Халық даналығында «Мәуелі ағаш иілгіш келеді» деген сөз бостан босқа айтылмаған. Басшыға кейде иілу қажет болады.  Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов: «Адамға ең қиыны – күн сайын адам боп қалу» депті. Мен де кез келген жағдайда адам болып қалуға тырысамын.

– Ашық әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан

Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp