«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫЛЫСТАҒЫ КЕЛЕҢСІЗДІКТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстікқазақстандықтар үшін де  ең өзекті әлеуметтік проблеманың  бірі–баспана. Облыс бойынша 21 мыңға жуық адамның (15 мыңы– петропавлдықтар) пәтер кезегінде тұруы, бұған бас шаhарда 200-ден астам үйдің апатты  жағдайда екенін және сүрілуге жататынын қоссақ, мәселенің өте күрделі екені аңғарылады.  Соған орай жедел шешімдер қабылдау керек. Қомақты қаржыны қажет ететін құрылыс индустриясы өңірде   соңғы жылдары жақсы қарқынмен дамып  келеді.

Осыдан  6-7 жыл бұрын  қаланың орталығына  кіре берісте жерге жартылай кірген, сұрқы қашқан   жекеменшік үйлерден көз сүрінсе,  «Реновация» бағдарламасы  аясында  зәулім  көпқабатты үйлер бой көтерді. Жас өркен, Береке, Солнечный, Зайсан, тағы басқа  шағынаудандарды қоса есептегенде  200-ден астам жеке меншік баспананың орнына 2400-ге жуық пәтер, заманауи талаптарға жауап беретін мәдени, спорт ғимараттары салынды. Инвестиция көлемі үш есеге дейін көбейді. Биыл Петропавлда  330 мың шаршы метр көпқабатты тұрғын үйлер тұрғызылмақ, бұл көрсеткіш 2023 жылға қарағанда  26 мың шаршы метрге артық. Соңғы екі жыл ішінде бір мың пәтер қолданысқа берілді.  Жыл аяғына дейін 20 көпқабатты тұрғын үйдің 11-і жеке инвесторлардың қаражатына салынбақ. Бес жылға арналған «Жаңа қала» жобасында «Копай» шағынауданында 3,8 мың  пәтерлік  27 көпқабатты тұрғын үйлер, 600 орынды мектеп,  240 орынды балабақша,  бір ауысымда 200 науқасты қабылдайтын емхана  салу жоспарланған. Бұл мақсаттар үшін 6,5 млрд. теңге қарастырылған.  

Алайда  құрылыс ауқымы артып, кеңейгенімен, баспаналардың сапасын  азаматтардың қолайлы өмір сүруіне ыңғайлау, инфрақұрылымға жұмсалған қаражатты мақсатты игеру, жылу, жарық, су тарту, жобалық-сметалық құжаттарды жылдам рәсімдеу, тағы басқа жайттар бойынша іркілістер жоқ емес. Мемлекеттік тапсырыстар ішінде бюджеттік үйлер салу қашанда  маңызды буын саналатыны айтпаса да белгілі. Өйткені көппәтерлі баспаналар тұрғызудың қиындықтарымен қатар өзіндік ерекшеліктері бар. Тәжірибе байқатқандай, баспаналардың сыртқы қасбеті жеделдетіліп тұрғызылғанымен, инженерлік желілер мен ішкі коммуникациялық жүйелерді қосу графиктен қалып жатады. Үйлесімсіздіктер мен қолбайлаушылықтар  салдарынан ішкі әрлеу жұмыстары да кешіктірілуде. Жауапсыз  құрылыс  ұйымдарымен келісімшартты сот арқылы  бұзуға уақыт тапшы. Кейбірі кемшіліктерді жоюға  уәде бергенімен,  сағызша  созып жүре беруге әдеттенген.  Екі оттың ортасында қалу сияқты оғаш  оқиғалар аз кездеспейді. Былтыр  мұндай проблемалар Горький, Парфирьев-Парк, Уәлиханов көшелерінде және Береке шағынауданында орналасқан барлық дерлік құрылыс алаңдарында туындады.  Сондай-ақ абаттандыру ісінің  себепсіз созылып кетуінен пәтер кілттері  иелеріне уқытылы табысталмайды. Биыл Жас өркен  шағынауданында тұрып жатқан тұрғындар баспаналардың сапасыздығына шағымданды.  Қыстың көзі қырауда бүрсең қаққан 192 отбасы терезелерге мұз қатқанын, термометр көрсеткіші  төмендеп кеткенін айтып дабыл қақты. Облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен  тиісті орындар жағдайды тексере келіп,  мемлекеттік бағдарлама бойынша   2021 жылы  пайдалануға берілген көпқабатты үйлердің қабырғаларында жарықшақ пайда болғанын, жауынды күндері төбеден су  ағатынын, мердігер ұйымдар жиі ауысқандықтан, банкроттыққа ұшырағандықтан, тапсырылған міндеттерге атүсті, жүрдім-бардым қарағанын анықтады. Екіншіден, облыста 1897 көпқабатты тұрғын үй болса (1197-і– Петропавл қаласында), 50-і–апатты жағдайда, 279-ы әбден ескірген. Биыл 6 үйді жөндеуге    536 млн. теңге  бөлінген. Өйткені  тұрғын үй қорында  қаражат жеткіліксіз. Талап бойынша жылына  кем дегенде  20 көпқабатты үй  жөнделуі керек.  Тұрғындар  шатырды 60 млн. теңгеге өз күштерімен қалыпқа келтіруге қауқарсыз.  Үшіншіден, құрылыс материалдарының жөнсіз қымбаттауы мен  жобалардың  қайта түзетулері де едәуір қолайсыздық туғызады. Облыстық құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Сергей Тимофеевтың айтуына қарағанда, мұндай жағдайлар аз кездеспейді. Сондықтан осы салаға жауапты мекемелер саланы қатаң  бақылауда ұстауы  тиіс, әйтпесе баспана құны шарықтап кетуі мүмкін. Төртіншіден, өңірде әлеуетті  өндірушілер бола тұра, құрылыс  материалдарының дені  көрші өңірлерден болмаса Ресейден жеткізіліп жүр. Сырттан экспорттық тауарлардың ағылуының бір себебі таңдау еркіне келіп тіреледі. Әсіресе,  Ақмола, Қостанай облыстарында құрылыс индустриясы екпін алып, өңіраралық бәсекелестіктің күшеюі салдарынан тәуелділік тұзағынан құтыла алмай отырған сияқты. Мысалы,  кірпіш өнімі негізінен Көкшетаудан әкелінеді. Сапалы әрі қолжетімді. Керамикалық не болмаса  қыш кірпіш шығаруға технологиялық жағынан сай келмегендіктен  бірнеше кірпіш зауытының ашылуынан жабылуы тез болды. Ал  профлист, металчерепица, металсайдинг, керамогранит, асфальт битумы  секілді аса қажет материалдар өндірілмейді. Сұраныс пен ұсынысты реттеудің тиімді тетіктері қарастырылмағандықтан,  ішкі нарықты  бөгделердің есебінен толтыруға тура келеді. Әйтпесе  өңірде озық жобалар жетіп артылады. Бір кездері  «Жылдам тұрғызылатын ғимараттар» зауытының басшылығы  құрылыс материалдарына  жергілікті жерлерден тапсырыстың аз түсетіне реніш білдіргеніне куә болғанымыз бар. Бір қызығы, Астана, Қостанай қалаларынан кәсіпкерлер үлкен қызығушылық танытқан.  Мәселенің  мәнісіне бойлай келгенде тұтынушылық пиғылдың  төмендігін, билік тұтқасын ұстаған шенеуніктердің тендерді басқалардың мүддесіне бұрып жіберетінін   аңғарған едік. Сондықтан  қай  кәсіпорынның немен  айналысатыны,  қандай өнім шығаратыны сияқты жұмыс ауқымы нақты белгіленіп, бақылауға алынса, артықтық етпес еді.

«Біз аулалар мен балалар алаңдары үшін қолжетімді әрі төзімді плиткалар шығарумен айналысамыз. Өнімдеріміз түгелге дерлік Астанаға жөнелтіледі. Жергілікті нарықтан сұраныс мүлдем аз. Абаттандыру  жұмыстарын жобалау және жоспарлау барысында осы жайт ескерілсе, өңірлік тауар өндірушілерге үлкен қолдау болар еді  “, – дейді «Soltustik rubber recycling» ЖШС директоры Талғатбек Ғалеев.

Кей мамандардың айтуынша,   құрылыс саласына дендеп енген реновация (жаңарту, қалпына келтіру) үдерісінде  ескі  нысандарды сүріп, олардың орына жаңа ғимараттар салу ұғымымен ғана шектеліп қалуға болмайды. Петропавл сияқты шағын қалада  көпқабатты үйлерді шеткері аумақтарда  салу оңайырақ болғанымен, қаражат жағынан тиімсіз, өзін-өзі ақтамайды (су, жылу жүйелерімен, қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету.) Осы себепті  реновациялауға басымдық берілуі құптарлық қадам. Оның нақты мысалы–жоғарыда сөз еткен «Копай» шағынауданы. Десек те, бұл мәселе төңірегінде пікірлер әрқилы. Қарсы тараптар «Арман» базарына қарсы бетте тұрғызылып, қазіргі уақытта  әлдебір себептермен құрылысы тоқтап тұрған 22 қабатты екі көпқабатты  тұрғын үйді алға тартады.

«Қаланың бас жоспарына сәйкес, 30-35 көпқабатты үйлер тұрғызу  белгіленіп, кейін жоспардан алынып тасталды. Өрттен құтқару сатылары әрі кетсе, 10 қабатқа ғана шақталған. Мұндайда  адамдардың қауіпсіздігі туралы айтудың өзі артық. Сосын қаланың батпақты жерде орналасуы ескерілмеген», – дейді  уәж айтушылар.

Ұлттық экономика  министрлігінің «Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту  қағидалары туралы» бұйрығында  қала құрылысының талаптары, оның ішінде  бекітілген бас жоспар  елді мекенді кешенді жоспарлауды айқындайтын негізгі құжат болып табылатыны жазылған.  Жер учаскелері құрылыс жүргізу үшін берілген кезде оларды пайдалануға қойылатын қала құрылысы талаптары бекітілген бас жоспардың, егжей-тегжейлі жоспарлау мен құрылыс салу, қала құрылысы аймақтарына бөлу жобаларының, сондай-ақ осы қағидалардың негізінде  белгіленеді.   Өкінішке қарай,  осы  талаптар әркез сақтала бермейді, жиі бұзылады. Жуырда облыстық жер ресурстары басқармасының талап арызын қараған № 2 қалалық соты 0,1950 жер учаскесіне (Ульянов көшесі 57 «а» үй) қатысты  сату-сатып алу келісімін  заңсыз деп тану жөнінде шешім шығарды. Бұған дейін  осы үй тұрғындарының бармаған жері, баспаған тауы қалмады десе де болады. Сөйтсе,  қалалық әкімдік онсыз да ауқымы өте тар аумақтан  аталмыш жер учаскесін 2006 жылы  әлдебіреулердің жеке меншігіне берген. Одан кейін ұлтарақтай жер бірнеше рет сатылып, қолдан қолға өткен. Соңғы иесі–«Tamila invest» ЖШС құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің ол аумақта құрылыс салу туралы рұқсаттың күшін жойғанына қарамастан заманауи  300 пәтерлі үй салу үшін  тұрғындарды ығыстыра бастаған. Ол жерде  көпқабатты төрт үйдің, балалардың ойын және спорт алаңдарының орналасқанына пысқырып та қарамаған.  Адвокат  Олег Хрупин сотта  құрылыс талаптарының өрескел  бұзылғанын тайға таңба басқандай етіп дәлелдеп берген. Ең сорақысы, сәулет-жоспарлау құжаты заңсыз берілген. Қала бойынша барлығы осы мазмұндас 36 факт тіркелген.

Абай (34, 40 үй) және Назарбаев   (136, 138 үй) көшелерінің тұрғындары бастан кешкен сергелдең де осыған ұқсас. Көпқабатты  төрт үй, балалардың ойын кешені, көлік қоятын алаң, гараждар,  күл-қоқыс контейнерлері  орналасқан аумақ 2007 жылы  сатылып кеткен. Бұл жерде де элиталы  баспана тұрғызу белгіленген.   Жердің егесі («SMK construction» ЖШС) мен құрылыс компаниясы 5 сәуірге дейін  аталмыш жер учаскелерін босату жөнінде тұрғындарға  мәлімдеген.  Адамдар бұрыннан тұрып жатқан, кешенді әлеуметтік инфрақұрылымы қалыптасқан аумақтарға құрылыс жүргізбеу  жөніндегі талаптар  өрескел бұрмаланған.

Бір сөзбен айтқанда, жобалау-құрылыс құжаттары мен жер телімдерін рәсімдеуде, құрылысы аяқталмаған нысандарды қабылдауда,  актілер толтыруда  белден басқан заңбұзушылақтардың жиі орын алуы  алаңдатпай қоймайды.

                                                                                                                             Өмір ЕСҚАЛИ,

                                                                                                                    «Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp