Өзім жаздырып алатын “Soltüstık Qazaqstan” газетінің 12 наурыз күнгі санында тіл, ұлт жанашыры Әйіп Ысқақтың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов жайлы жазған «Ұлтын жанындай сүйген тұлға» атты мақаласы қолыма еріксіз қалам алдырды. Автордың саналы ғұмырын ел-жұртының өркениеттен қалыспай, терезесі тең елдер қатарына қосу жолына арнаған қоғам, мемлекет қайраткерінің есімінің ұмытылып бара жатқанына қынжылыс білдіруі талайлардың жүрегінде шемен болып жатқан ойларға қозғау салғаны анық.
Мектепте оқып жүргенде Бәйкен Әшімов, Еркін Әуелбеков сияқты республикалық деңгейде қызмет ететін нар тұлғалы жерлестеріміздің аттарын жаттап өстік, мақтан ететінбіз. Бірі Қазақ ССР Министр кеңесін 16 жыл басқарса, екіншісі үш облысқа жетекшілік етті. Социалистік Еңбек Ері атанулары – олардың қажырлы еңбектеріне берілген лайық баға. Солай бола тұра, мерейтойлар қарсаңында ғана еске түсіруге дағдыланып барамыз. Ал олармен терезесі теңдес тағы бір азаматымыз мүлдем дерлік ескерусіз, атаусыз қалып қойды. Ол–14 жыл бойы Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші, кейін Қазақстан КП ОК-нің хатшысы болған Шәпет Қоспанұлы Қоспанов. Википедияда ол жайлы тұшымды мәліметтер жоқтың қасы. Солтүстік Қазақстан облысы Октябрь ауданында туған деп қана шектелген. Қажетті мағлұматты іздеу үшін ғаламтордың көмегіне жүгінсең, талай жайға қанығуға болады ғой деген оймен ғаламторға бас сұқтық, “…Ботай өңіріндегі ауылдардан Бәйкен Әшімов, Еркін Әуелбеков, Шәпет Қоспанов, Сұлтан Досмағамбетов, Кәкімбек Салықов, Шота Уәлиханов сияқты көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлерінің шығуы тегін емес деуге болады”, –деген секілді болымсыз сөйлемді ғана кезіктірдік. Желінің іздеу жүйесіне “Шәпет Қоспанов атындағы” деген тіркесті енгізіп едік, Орал қаласындағы бір көшеге ол кісінің есімі берілген екен. Әлеуметтік желіден ана бір жылдары “Soltüstık Qazaqstan” газетінде жарияланған танымал журналист, ақын, марқұм Зейнолла Әкімжановтың да қайраткер өмірін әр қырынан саралап, азаматтық тұлғасына тоқталған мақаласын да таба алмадық. Кезінде редакцияға жол түскенде Зекеңе Ш. Қоспановтың Шал ақын ауданындағы Жаңажолдың емес, оған көршілес Кеңестің тумасы екенін ескерткенімде «Мен үлкендердің айтуымен жаздым. Есләм (Зікібаев) ағаң Атығайға Жанатай батырды қимай, өзгелерге теліп жүргендердің аузын “Алты атаның аулы алыс жер емес” деген шағын мақаламен-ақ жапқан жоқ па? Жазу сенің де қолыңнан келеді. Жаз “, – деген еді. (Зекең айтып отырған мақала “Қазақ әдебиеті” газетінде сексенінші жылдардың аяғында жарияланған болатын). Қызығынан шыжығы көп ұстаздық қызметтен қол тимей кетіп еді, жақында жеке архивті ақтарып отырып, Шәпет ағамыз жайлы деректерді ұшыраттым. Содан хакім Абайдың сөзін сәл өзгертіп, “Осы жұрт Қоспановты біле ме екен?” деген ойға ерік бердім.
Алдымен Шәпет ағамыздың Кеңес ауылынан шыққанын дәлелдеу үшін қазақы дәстүрмен шежіреге жүгінейік. Ол кісі он екі арыс Атығайдың Құдайбердісінен тараған Құлымбет, оның ішінде Көшқұлыдан тарайды. Көшқұлыдан Алты, одан Ошырты – Хангелді болып жалғасып кете береді. Естектерді қуып салып, Есіл бойына орныққан Ханкелдінің кіші балалары Дос пен Аман рудың негізгі бөлігімен оң жағада қалады да, екі үлкені Бәйіс пен Бәйсеу сол жағалаудан орын тебеді. Уақыт өте келе өсіп-өнген Аман әулетіне оң жағалаудағы жерлерінің тарлық етіп отырғанын көрген Бәйіс кіші інісі Аманның Құдайберген, Төлебек атты екі баласына жер бөліп беріп, өз қасына–сол жағалауға алдырады. Құдайбергеннен – Шоқат (авт.- Шыңғыс заманында би болған, ұрпақтары Жаңажол аулын мекендейді. Жаулыбай бимен жұптарын жазбай, тізе қосып дау-шарда қатар жүргендіктен, ел де екеуін бөліп-жармай Жаулыбай-Шоқат атандырған, Шыңғысқа Шоқанның өлімін Атығай- Қарауыл атынан Арыстанбай ақын мен сол Жаулыбай би естірткенін үлкендер айтып отыратын (академик Ә. Марғұлан Жайлыбай деп келтіреді) Одан Құдабай, Құдабайдан Баймақан, Бимақан туады. Зекең жаңылысып отырғаны– осы тұс. Ал Баймақаннан Қоспан мен Шәкір тарайды. Қоспаннан–Шәпет. Шәкірден медицина ғылымдарының доқторы “қазақ медицинасының анасы” атанған София Баймақанова туған.
“Тоқырау жылдары” дейтін жанама атау иеленген кезеңде жоғары лауазымды қызметтер атқарған Мақтай Сағдиев, Кенжеболат Шалабаев, Кәкімбек Салықов сынды жерлестерімізді білмегендіктен атамай кеткен жоқпын. Басты мақсат – “біздерде мынадай бар, мынадай бар” (С. Торайғыров) деп кеуде қағу емес, мәселе елінің тарихына аттарын адал еңбегімен жазып кеткен жандардың есімі өшіп бара жатқанына көпшіліктің назарын аударту. Аттары аталмай, іздеушісі табылмай жатқандары қаншама! Мұқағали Мақатаевтың Фариза Оңғарсыноваға арнаған: “Біздерді іздейтұғын жан болса егер, Шаң басқан архивтерден табылармыз”, – деген жолдарындағы “кілт сөзді” зерделесек, өкініштен өзегі өртенген жанайғайды танығандай боласың. Күні бойы телефонға тесіліп, “арзан ойын”-нан өзгеге уақыты жоқ әлеуметтік желіні қолданушылардың басты ермегі— инстаграм, тик-ток… Осы себепті болар, салмақты, танымдық дүниелерді майшаммен іздеп табу қиын. Соның бір айғағы – Шәпет ағамызға қатысты деректердің арпа ішіндегі бір бидай сепкілді мардымсыздығы.
Жинастырған аз-кем мәліметтерді газет оқырмандарына ұсына кетейін. Шәпен Қоспанұлы 1914 жылы 5 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысы бұрынғы Октябрь ауданында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Анасы 1941 жылы, әкесі 1951 жылы қайтыс болған. Ағасы Шамшет майдан даласында ерлікпен қаза тапқан. Кіші інісі Мұқаш Ленин өндірістік басқармасы бастығының орынбасары, қарындасы Нағима Алматы туберкулезге қарсы дипансердің дәрігері қызметін атқарған. Зайыбының аты–Шолпан, ұл-қыздары–Еділ, Әлім, Болат және Айгүл. Ағамыз 1929-1932 жылдары Ленин ауыл шаруашылығы техникумында оқыған. 1932 жылы Алматы зоотехникалық-ветеринарлық инстутына түсіп, 1936 жылы зоотехник мамандығын алып шыққан. Еңбек жолын «Преснов» кеңшарында аға зоотехниктен бастап, еңбек жолын түрлі лауазымдық қызметтерде жалғастырған. 1959 жылы Қостанай облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына сайланған. 1961 жылдан бастап 14 жыл бойы Батыс Қазақстан облысына басшылық жасаған. Өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Осы кездері өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, зауыттар мен кәсіпорындар салынған, ғылыми-зерттеу институттары құрылған. Көп жылғы қажырлы қызметі үшін екі рет Ленин, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген үкіметтік наградалармен марапатталған.
Тарих қойнауының қалтарысында елеусіз қалған осындай қайраткерлердің ел алдында сіңірген теңдессіз еңбектеріне лайықты бағасын беретін мезгіл жетті.
Қалижан ТӘШКЕНОВ,
ардагер ұстаз.
Есіл ауданы.