«Мен «қызылжардан» кетпеймін»Футболдан ел біріншілігі басталғалы бір айға жуық уақыт өтті. Әзірге чемпионаттың алтын жүлдесі кімге бұйыратынын дөп басып айту қиын. Мәселен, жергілікті «Қызылжар» командасы өткен жылы Қазақстан чемпионы атанған шымкенттік «Ордабасы» клубымен бірдей ұпай жинап, турнирлік кестеде екінші орынды өзара бөлісіп тұр. Жерлестеріміздің ойын өрнегі бас бапкердің көңілінен шыға ма, команда биылғы маусымда жүлдеге таласа ала ма, жазғы трансфер кезінде қатарға қосылған ойыншылар сенімді ақтады ма? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын команданың бас жаттықтырушысы Әли Әлиевтен сұрап көрген едік.
– Әли Ханалиұлы, Қазақстан чемпионаты басталмай тұрып, «Қызылжар» ойыншылары Ресейдің «ФНЛ кубогында» өнер көрсетіп, жерлестеріміз жеңімпаз атанды. Бұл халықаралық турнирге қатысудағы мақсат қандай болды?
– Түркияның Белек қаласында өтетін бұл турнирге қатысу туралы ұсыныс түсті. Жарыста ресейлік медиакомандалар мен көрші мемлекеттердің бірінші лигасының клубтары ойнайды екен. Біз қатарға жаңа осылған ойыншылардың қабілеттерін байқап көру мақсатында бағымызды сынап көруді ұйғардық.
Маусымдағы алғашқы жарыста чемпион атану үшін барымызды салдық. Әрине кейбір командалардың деңгейі біздің чемпионаттағы клубтардан әлдеқайда төмен болды. Десек те әр ойынға мықты құрам жасақтап, ойыншылардың бәрін тексердік. Байқасаңыздар бұл турнирде біз ешкімді ірі есеппен жеңген жоқпыз. Яғни тактикалық және физикалық тұрғыдан әр футболшының қарым-қабілетін сараладық. Осылайша ел біріншілігінде негізгі құрамда шығатын футболшыларды анықтадық.
– Дегенмен, чемпионатты сәтсіз бастадыңыздар. Жалпы бұл ойында жеңіске жетуге болар еді ғой?
– Біз бірінші ойынды чемпионаттағы көшбасшылардың бірі әрі фаворит саналатын «Қайрат» клубына қарсы ойнадық. Әрине, алматылықтар енді ғана қарқын алып келе жатқан еді. Жеңіске жетуге мүмкіндік болды. Және бар мүмкіндігімізді көрсеттік. 2:1 есебімен жеңілсек те, келесі ойындарда қателіктермен жұмыс істеп, міндетті түрде жеңіске жетуге тырыстық.
– Бірінші ойыннан кейінгі сыннан сабақ алғандырыңыз көрініп тұр. Қазіргі уақытта «Қызылжар» турнирлік кестеде екінші орында келе жатыр. Бұл көрсеткіш көңіліңізден шығатын шығар?
– Жоқ. Чемпионат жаңа ғана басталды. Сондықтан қазіргі екінші орын ештеңені де білдірмейді. Біз өткен жылы да көш басында болдық. Бірақ кейін құлдилап төменге түстік. Биыл да сондай жағдай қайталануы мүмкін.
Турнирлік кестедегі қазіргі жағдай көңілге қонымды әрі бұл орынды біз сақтап қалуға тырысамыз. Себебі басты мақсатымыз – Еурокубоктарда өнер көрсету. Өкінішке қарай, өткен жылы бұл тапсырманы орындай алмадық. Биыл қатарға жаңа ойыншылар қосылды. Олардың деңгейі біршама жоғары.
Соңғы турда Шымкентте «Ордабасы» командасына қарсы ойын өткіздік. Ел чемпионымен тең түстік. Тіпті жеңіске жетуге де мүмкіндік болды. Бұл біз үшін ең ауыр матч болғанына қарамастан жігіттер өздерінің кәсіпқой спортшы екендерін көрсете алды.
– Ойыншылар туралы әңгімені ары қарай сабақтасақ, қатарға жаңа қосылған шетелдік футболшылардың командаға сінісіп кетуі қалай болып жатыр?
– Баршаңызға мәлім, биыл Қазақстан футбол федерациясы шетелдік легионерлерге шектеуді алып тастады. Бірақ бізге бұл өзгеріс қатты әсер еткен жоқ, себебі команда негізінен отандық футболшыларға сенім артады, соларды қолдауымыз керек. Олардың деңгейі төмен емес. Мәселен, осы маусымда «Қызылжар» футбол орталығының жас ойыншыларын қатарға қостық. Әзірге қабілеттерін толықтай көрсете қойған жоқ, кейін ақырындап шығара бастаймыз. Қазір турнирлік кестеде жоғары орындарға қол жеткізу үшін ұпай жинақтауымыз қажет, сондықтан көп эксперимент жасамауға тырысамыз.
Командаға кәсіби спортшылар алынды. Мәселен, Зоран Нижиш біздің клубқа келгенге дейін ресейлік «Ахмат» пен хорватиялық «Хайдук» командаларында доп тепкен. Негізгі құрамда ойнаған. Климатқа да, біздің ойын тилімізге де тез үйренісіп кетті.
Жас футболшыларға келер болсақ, Мирас Елеукин жақында негізгі құрамда шығатын болады. Кейін Жантөре Молдыбаевқа да мүмкіндік береміз. Бұлар – болашағынан зор үміт күттіретін футболшылар.
– Мақсат – Еурокубок жолдамасы екенін айттыңыз. Оған жетудің жолдары қандай?
– Команданың әр позициясында – қорғаныста да, шабуылда да негізгі ойыншыларды алмастыратын футболшылар бар. Тіпті екі құрам жасақтауға да болады. Маусым жаңа басталғанымен жарақаттанғандар да бар. Сондықтан қатарымызға тағы ойыншыларды қосуымыз керек. Жазғы трансфер кезінде бірнеше футболшы алуға тырысамыз. Бұл бізге чемпионатта жоғары орындарға таласуға мүмкіндік беретініне сенемін.
– Жақында сіз «Ордабасы» командасына кетеді деген сыбыс шықты. Шақырту болды ма? Әлде бұл жалған ақпарат па?
– Бұл – жалған ақпарат. Себебі ресми түрде маған ешбір қазақстандық клуб ұсыныс жасаған жоқ. Маусымның соңына дейін «Қызылжар» командасын баптаймын. Біздің алға қойған мақсаттарымыз бар. Соларды жүзеге асырмай ешқайда кетпеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Аманжол НҰРТАЗИН,
«Soltüstık Qazaqstan».