«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жолдама үшін талас

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Францияның астанасы Париж төрінде өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының басталуына аз уақыт қалды. Төрт жылда бір рет өтетін байрақты бәсекеге қатысуға мүмкіндік беретін жарыстар жалғасуда. Бүгіндері ел үкілеген спортшылар ұлттық құрама қор­жынына 49 жолдама салды. Жақында лицензиялық турнирлерге жеңіл атлетика, бокс, еркін күрес пен брейк-данстан теріскейлік спорт­шылар да қатысады.

Ұлттық құрама қоржынына велоспорттан екі бірдей жолда­ма салған Алексей Луценко Сол­түстік Қазақстан облысының ту­ма­сы екенін атап өткен жөн. Жерлесіміз Тайландта өткен құрлықтық бәсеке де топтық және жекелей сынның қос лицензия­сын ұтып алған болатын. Қы­зыл­жар ауданына қарасты Большая Малышка ауылының тумасы бұған дейін Токиода өткен Олимпиа­даға қатысқанымен, жүлдегерлер қатарынан көріне алмаған. Яғни, алған жара­қаттары оған жеңіс тұғыры түгіл үздік ондыққа енуге де мұрша бермеді. Десе де биыл велоша­бандоз кеткен есені қайтаруға тырыспақ. Мұны Алексей Луценко Азия ойындарынан кейін берген сұхбаттарының бірінде де айтқан еді.

– Азия ойындарында алтын мен күміс медаль жеңіп алдым. Бұл жеңіс – алдағы Олимпиадаға жасаған алғашқы қадамым. Енді “Астана” командасы сапында қажетті жолдамаларды иелену­ге тырысамын. Отандасымыз Александр Винокуровтың жетіс­ті­гін қайталағым келеді. Ең бас­ты мақсатым – маусымды жара­қатсыз өткізу, – деген болатын Алексей Луценко.

Жерлесіміздің алғашқы бап­кері Виктор Потапов та Олим­пиадада Алексей Луценконың жұлдызы жанатынына сенімді. Ол шәкіртінің жеңіске жетуіне барлық мүмкіншілік бар екенін айтады.

– Алексей Луценко – өте ең­бекқор. Мектебіміздің материал­дық-техникалық базасы ескі болғанына қарамастан шәкіртім жастар мен жасөспірімдер арасындағы халықаралық сындарда топ жар­ды. Қазір ол кәсіби клуб сапын­да, онда барлық жағдай жасал­ған. Нәтижесінде биік белестерді бағындырып жүр. Қоржынында түрлі медальдар бар. Тек же­тіспейтіні – Олимпиаданың жүл­десі. Токиодағы сынға қатыс­қанда жас еді. Енді шеберлігі шың­далып, нағыз кәсіби вело­шабандозға айналды. Кем де­ген­де қола жеңіп алатынына сенім­дімін, – дейді Виктор Потапов.

Алексей Луценко – ел үміт артып отырған саңлақтардың бірі. Өкінішке қарай, өзге спорт түрлерінде теріскейліктер төбе көрсете алмай жүр. Олар әлі де Олимпиада жолдамасы үшін таласады.

– Бүгінгі таңда екі жолдаманы Алек­сей Луценко жеңіп алды. Басқа жер­лестеріміз де Олимпиадаға барудан үмітті. Олардың қата­рында еркін күресте Нұрқожа Қайпанов, бокста Наталья Бог­данова, жеңіл атлетика бойын­ша Михаил Литвин мен брейк-данста Әмір Зәкіров бар, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жоғары спорт жетістіктері бөлімінің же­тек­шісі Әсет Игенбаев.

Лицензиялық сындар ма­мыр-маусым айларында өтеді. Мәселен, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, биылғы Қазақстан чемпионы Нұрқожа Қайпа­нов 74 келі салмақта өнер көрсе­туге мүмкіндік алды. Жерлесіміз мамырдың 9-ы мен 12-сі күндері Түркия елінің Стамбул қаласында күрес түрлерінен соңғы ірік­теу турниріне қатысады. Еркін күрестен Қазақстан команда­сының бас бапкері Мадияр Құрамысов Нұрғожа Қайпановқа үл­кен сенім артып отырғанын мә­лімдеді.

– Бұған дейін Түркиядағы турнирге Талғат Сырбаз қатысады деп жоспарлаған едік. Ол бе­лін жарақаттап алды. Сол се­бепті Стамбулға Қайпанов барады. Егер балуанымыз үздік 5-ке енсе, жолдама бұйырады, – деді бас бапкер.

Нұрғожа Қайпановтың бұған дейін де жолдама ұтып алуға мүмкіндігі болған. Өкінішке қа­рай, теріскейлік балуан Бішкек­тегі жарыстың жартылай фина­лында ирандық спортшыға ірі есеппен жол берген. Енді сол кеткен есені қайтарады деген сенімдеміз.

Ал әйелдер боксында жол­да­маға Наталья Богданова та­ласады. Жерлесіміз Тайландта мамырдың 24-і мен маусымның 2-сі күндері өтетін турнирге барады. Жолдама алу үшін кем дегенде жартылай финалға өту қа­жет.

Жеңіл атлет Михаил Литвин де қажетті жолдама үшін барын салатын болады. Бұл спорт түрінде бәсекелестік өте жоғары.

– Михаил Литвин жеңіл атле­тикадан рейтингтік турнирлерге қатысады. Әрқайсысында жоғары ұпай жинау керек. Үздіктер жолдама иегері атана алады. Ал брейк-данста Әмір Зәкіров өз мүмкіндігін пайдаланбақ. Өткен жылы жерлесіміз Гонконгтағы жарыста 11-ші орыннан көрінді. Енді қажетті ұпайларды жинау мақсатында мамырдың 16-сы мен 19-ы күндері Шанхайға ат­та­нады. Кейін Будапештте маусымның 20-23-і күндері бақ сынайды. Бұл спортта рейтинг маңызды рөл атқарады. Ең бас­тысы оған әр жарыста үздік ондыққа ену керек. Сонда ғана жол­дамаға ие бола алады, – дейді Әсет Игенбаев.

Жоғарыда аты аталған спортшылар жолдама иеленсе, бұл өңір спорты үшін үлкен же­тістік болар еді. Бұған дейінгі Олимпиадаларға теріскей аты­нан ары кетсе 3 спортшыдан ғана қатысқан екен. Тек біреуі ғана – Александр Винокуров Олимпиада ойындарында жеңіске жеткенін айта кеткен жөн.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp