Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Ломоносов ауылдық округінің әкімі Вячеслав Барсуковқа қатысты тәртіптік іс қаралды. Аталған мәселе бойынша Ғабит Мүсірепов атындағы аудан прокурорының орынбасары, кіші әділет кеңесшісі Азамат Қалиев сөз сөйледі.
Оның сөзінше, мемлекеттік қызметші өткен жылдың 27 желтоқсанында қызмет көрсетушімен Ставрополка ауылындағы кентішілік жолдарды жөндеуді техникалық бақылау үшін мемлекеттік сатып алу туралы келісімге қол қойған. Қызмет көрсету актісіне сай ұйым жөндеуді техникалық бақылау бойынша жұмыстар жүргізген. Алайда, аталған жолдарды жөндеу туралы келісімге сол жылдың 15 қарашасында қол қойылған. Аудан прокуратурасы бұл істі әдеп кеңесінің қарауына жолдаған.
– Былтыр ауылішілік жолдарды жөндеу туралы келісімге қосымша жұмыстың сапасын бақылау туралы тағы бір келісім жасалған. Тәртіптік іс материалдарына сай орындалмаған жұмыстар үшін ақша аударылған. Аталған ауылдағы жөндеу жұмыстары 2 жылға жалғасады. Яғни келісімшарт әлі орындалу үстінде. Екі жыл ішінде жолдарды жөндеу және оны бақылау жүзеге асады. Прокуратура тексерісінен кейін қаржы бюджетке қайта аударылды. Әдеп кеңесі мүшелерінің көпшілік даусымен аталған тәртіптік істі тоқтату туралы шешім шығарылды, – дейді әдеп кеңесінің төрағасы Дулат Тайшабай.
Ал ауылдық округ әкімі Вячеслав Барсуковтың сөзінше, мердігер жөндеу жұмыстарына қажетті материалдардың көлемі мен сапасына техникалық бақылау жүргізген. Оған аталған жұмысы үшін қаржы аударылған. Ал жөндеу жұмыстарының өзі биыл жүргізіледі екен.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.