Сыбайлас жемқорлық – бұл лауазымды адамның өзінің билік өкілеттіктерін және оған сеніп тапсырылған құқықтарын заңнама мен моральдық қағидаларға қайшы жеке бас пайдасы үшін пайдалануы.
Заң жүзінде мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын, сондай-ақ соларға теңестiрiлген адамдардың лауазымдық өкiлеттiгiн және соған байланысты мүмкiндiктерiн мүлiктiк пайда алу үшiн өзгеше пайдалануы, жеке өзi немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игiлiктер мен артықшылықтарды заңсыз беруi арқылы оларды сатып алуы сыбайлас жемқорлық деп ұғынылады.
Ветеринария басқармасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ауқымды жұмыс атқарылуда. Мәселен, құқықтық жаппай оқулар, семинарлар өткізіледі, бұқаралық ақпарат құралдары мен ветеринария басқармасының ресми интернет-ресурсында мақалалар жарияланады, жарты жылда бір рет сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіледі. Басқарма мамандарының мінез-құлқының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты бекітілді. Осындай жұмыс ведомстволық бағынысты ұйымда да жүргізіледі.
Жалпы сыбайлас жемқорлықты ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне басқа елдердің оң тәжірибелерін ескере отырып, кешенді тәсіл негізінде ғана шешуге болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте құзіретті мемлекеттік органдар ғана емес, бүкіл қоғам жұмылғанда ғана елеулі табыстарға жетуге болады.
Менің ойымша, нағыз “басқарушы” ең алдымен, сатылмайтын, адал, әділ және жауапты болуы керек. Өйткені қоғам оған сеніп, оны зор мүмкіндіктері мен өкілеттіктері бар жауапты адам етіп сайлады.
Кадрларды іріктеуге де жете көңіл бөлген жөн. Себебі білікті, адал, әділ кадр сыбайлас жемқорлықтың шырмауына түспейді. Билікте адамгершілік қасиеттері жоғары, ар-ожданды ту еткен адамдар болуы керек. Сонымен қатар шенеуніктердің табысы ашық болғаны дұрыс.
Мінсіз қоғам әр адамды дамытып, барлық жағынан қолдағаны жөн. Себебі қоғамы әділ мемлекет құру – қажырлы, күрделі жұмыс. Оған мемлекеттік билік те, қоғам мүшелері де атсалысуы тиіс. Парасатты, адамдық қасиеттерге бай шенеунікке пайдакүнемдік пен атаққұмарлықта маңызды емес, оның негізгі ұстанымы – адал қызмет ету. Ал заңды сақтау немесе одан аттап өту – әрқайсымыздың жеке таңдауымыз.
Сондықтан елдің игілігі үшін адал қызмет еткісі келген жан сақ болуға, ережелер мен заңдарға сай өмір сүруге, пара бермеуге, алдап-арбамауға, қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланбауға тиіс.
Жанат ӘМІРЖАНОВ,
облыстық ветеринария басқармасының басшысы.