Мағжан Жұмабаевтың өмірбаянына қатысты әрбір құжат қымбат. Солардың біреуі – 1960 жылы 8 тамызда кеңес өкіметінің соты “қылмысы жоқ” деп ақтаған ақынның есімі 1988 жылдың желтоқсанына дейін неге жабық болды, әлде ақынға ара түсуші болмады ма деген сұраққа жауап ретінде ұсынылып отырған мына хат. Авторы – Башқұртстанның халық жазушысы деген құрметті атағы бар, аса көрнекті қаламгер Сайфи Құдаш. Автордың бұл хаты Мағжан жөнінде жазылған кітаптарда басылғанымен, қалың оқырман таныса қойған жоқ шығар деген оймен ұсынып отырмыз. Мәтінді қазақшаға аударған профессор Зарқын Тайшыбай.
Қазақ КСР КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа
Бірінші көшірмесі: КПСС Башқұрт ОК бірінші хатшысы М.З.Шакировке
Екінші көшірмесі: Қазақстан Жазушылар одағының басқармасына
Құрметті Дінмұхамед Ахметұлы!
Бұл хатты жазуға қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы мен саяси тұлғасы туралы соңғы кезде Қазақстанда біріне-бірі қарсы екі түрлі қоғамдық пікір қалыптасып отырғаны себеп болды. М.Жұмабаев 1929-1937 жылдары екі рет қуғындалып, сотталды. Ол 1960 жылы ақталған болатын.
1968 жылдың қараша айында Қазақ университетінде жиналыс болып, оған қатысушылар республиканың тиісті орындарына М.Жұмабаевтың екі томдық шығармалар жинағын бастырып шығару туралы ұсыныс қойған болатын. Алайда менің білуімше, Қаз ССР КП Орталық Комитеті бұл жиналысты саяси жағынан теріс деп бағалаған, өйткені М.Жұмабаев байдың тұқымы, ұлтшыл, символист, пессимист және мистик ақын ретінде саналған. Мұндай біржақты баға, белгілі дәрежеде, маған да тиіп кетті, өйткені мен, өзімнің “Жастық жолымен” (Мәскеу, 1968 ж.) деген кітабымда оның атын екі рет атағанмын. Бір рет Мағжанның 1909-1910 жылдары Уфа қаласындағы “Ғалия” медресесінде оқығанына, екінші рет Қазанда оның алғашқы өлең кітабы – “Шолпанның” басылып шығуына байланысты.
Міне енді бір жағынан М.Жұмабаев ақталып отыр, демек, жұртшылық оның шығармаларын көруге ынтық болуы заңды. Ал екінші жағынан, ол толық ақталмаған болып отыр, тек азаматтық тұрғыдан ақталады да, саяси жағынан ақталмайды-мыс (Бұл тіпті менің ақылыма сыймайтын жағдай).
Сіздің қолыңыз тие бермейтінін білемін, сөйтсе де партия басшыларының әдебиет тағдырына көңіл бөліп отыратын дәстүрін білетіндіктен, осынау көлемді хатты жазуға бекіндім. Хатта, шамам жеткенше, барлық жағдайды жеткізе баяндауға тырмыстым. Әйтеуір “жазушылардың ісіне” араласты деп мені жазғыра көрмеңіз.
Мәселенің мәнісі – М.Жұмабаевтың өзінің және шығармашылығының тағдыры өте-мөте күрделі екендігінде. Қазіргі ұрпақ кітаптан оқып қана білетін қат-қабат оқиғалардың көбі менің көз алдымда өтті, сондықтан 75 жастағы қарт жазушының ой-толғамдарымен танысу Сізге де артық болмас деп ойлаймын. Оның үстіне Қазақстан – менің екінші Отаным, мен бұл жерде талай-талай мектептен өткенмін, сондықтан маған қазақ әдебиеті қымбат, сол әдебиетті жасаған, қазір одан әрі өсіріп-өрбітіп келе жатқан адамдар қымбат.
Мағжан Жұмабаев қаламгер ретінде 1905 жылғы революциядан кейінгі кезеңде көрінді, оның дүниеге көзқарасы да осы кезде қалыптасты. Сол дәуірде, қазақтың ұлттық-революциялық қозғалысының толқынында, буржуазиялық-демократиялық қазақ мәдениетінің көтеріліп келе жатқан шағында қазақ зиялыларының үлкен шоғыры өсіп-жетілді. Мәдениет, әдебиет және халық ағарту қайраткерлерінің бұл тобы өзінің әлеуметтік құрамы және саяси көзқарасы жағынан біркелкі емес еді.
Олардың көзқарасында ортақ бір ғана мақсат болды, олар өз халқының азаттығын, бақыты мен мәдениетке ұмтылуын тіледі. Алайда бұл бостандықтың мәнісін түсінуде, оған жетудің жолдарын таңдауда, өз халқын отарлық-ұлттық езгіден, әлеуметтік теңсіздіктен, қараңғылық пен сауатсыздықтан азат етуде олардың мақсаттарында айқындық, қандай да бір нақты таптық ұстаным болмады. Сондықтан да олардың арасынан, бір жағынан, әуелден-ақ, немесе бірте-бірте Ленин жолына түсіп, қазақ халқының мақтанышына айналған қайраткерлер шыққанына; екінші жағынан, буржуазиялық ұлтшылдарға қосылып, кеңестік тәртіпке ақырына дейін теріс қарағандар шыққанына таңдануға болмас.
Қазан төңкерісі өзінің нақты ұрандарымен және әрекет-нәтижелерімен саяси көзқарасы берік қалыптасып болмаған әлеуметтік күштерді қарама-қарсы екі топқа бөліп тастады. Ағартушылық күресте кеше ғана ортақ ниетте болған ұлттық интеллигенция өкілдері баррикаданың екі жағында қалды. Сөйте тұрса да, ұлттық интеллигенцияның көптеген өкілдері күдік пен толқудың тар жол, тайғақ кешуінен сүріне-жығыла өтіп, социалистік көзқарасты жақтап шықты.
Революция, азамат соғысы және Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы осындай жағдайларды барлығымыз бастан кешірдік. Біз ірі жазушылар мен басқа да қайраткерлердің саяси және азаматтық тұлғасын саралап, оларға баға бергенде осыларды ескеруіміз қажет. Бұл тұрғыда біз өлгендер мен қаза тапқандардың әруағы алдында ғана емес, тарих соты алдында да жауаптымыз. Бұл мәселелер қазір бірталайымызға аян. “Бірталайымыз” дегенде мен әдеби шығармаларды, әдебиет қайраткерлерін бір кездегі өзімен кеткір “Пролеткульт”, “РАПП” рухында бағалаушылардың әлі де арамызда бар екенін айтып отырмын.
М.Жұмабаевты өте ерекше және аса көрнекті ақын деп есептеп келдім және есептеймін де, бұл жөнінде ол – Абайдың лайықты ізбасары. Мағжан азамат ретінде қалыптасқан, өмір сүрген, жұмыс істеген және қайғылы қазаға ұшыраған заманның қат-қабат қиындығы, теңіздің бір тамшы суындай, Мағжанның бір басынан көрінеді. Сондықтан Мағжан шығармаларына сыңаржақ баға беру, айталық оны күрескер-революционер деңгейіне көтеру, немесе Кеңес өкіметі мен қазақ халқының қас жауы деп құлдыратуға болмайды. Бірінші жағдайда, тарихымызды қорлап, тұрпайыландыру, ал екінші жағдайда мәдени мұраларымызға жауапсыз қарап, ескермеу болып шығар еді.
ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақстандағы тарихи жағдайларды мүлде есепке алмай, бір кездегі “Пролеткульт” пен “РААП”-тың белсенділерінше ұлттар мәдениетіне қатысты тарихи фактілер мен оқиғаларды тұрпайы социология тұрғысында түсінетіндер ғана Мағжанға мұндай біржақты баға бере алады.
Мағжан өмірін екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Алғашқысында, ол алашордашыл болды, кейін кеңес мәдениетіне қызмет етті. Оның өміріндегі осы екі кезеңді салмақтап, салыстырып көрсек, қазақ-кеңес мәдениетіне қосқан үлесі әлдеқайда қомақты екенін көреміз. Мысал үшін, “Коммунистік партияның тарихын”, “Маркс және Ленин” деген кітапты, В.И.Лениннің “Париж Коммунасы”, “Тоғызыншы қаңтар” деген шығармаларын тұңғыш рет қазақшаға аударғанын еске алайық. Қазақ халқы алдындағы оның мұндай еңбегіне баға жетер ме? Қазақ халқына білім беру ісіне де ол үлкен үлес қосты, қазақ мектептеріне арнап бірнеше оқулық жазды; 1924 жылы М.Горькийдің шығармаларын қазақшалап, “Сұңқар туралы жыр” деген жалпы атпен бастырды, Мамин-Сибиряктің, В.И.Ивановтың, басқа да орыс жазушыларының шығармаларын аударды. Азамат соғысынан кейінгі жерде, жеке өлеңдері болмаса, негізінен идеялық жағынан кіршіксіз, көркемдік қасиеттері қымбат ақындық мұрасын есептемеген күннің өзінде, осы еңбектерінің өзі-ақ Мағжан есімін еске алып, оған құрмет көрсетуге тұрады ғой.
Мағжан Жұмабаев ақын ретінде, адам ретінде қандай еді? Ол – ерекше, өзінше дара жаралған аса дарынды адам. Өзіне ғана тән сөз саптасы бар, халық поэзиясы қазынасының тереңінен тартқан әуезді үні бар. Осынау қиын кезеңдердің бәрінде М.Жұмабаевтың қарап отырған күні жоқ. Бәлкім, бой қуаты мен дарын мүмкіндігіне қарағанда көп жеміс бере алмаған да шығар, бірақ бұған Мағжан жазықты емес. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, бірден тура жолға түсіп кете алмады. Көп ұзамай Мәскеуде, орталық баспада редактор болып істеді. Одан кейін жоғарғы әдебиет институтында оқыды, осы институттың профессорларының бірі Мағжанды “Қазақтың Пушкині” деп бағалаған болатын.
Сол жылдары ол қазақша оқулықтар жазды, В.И.Лениннің, орыс жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударды. Осындай жағдайда Мағжанның көзқарасы қайшылықтардан арылып, ұстанымы нығайды, марксизм-ленинизм идеяларын терең әрі табанды игерді. Өкінішке қарай, оның басындағы бұл өзгерістерді КазАПП басшылары көргісі келмеді. Тіпті оның “Тоқсанның тобы” деген тамаша өлеңі 1927 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің газеті “Еңбекші қазақта” жарияланғанда да Мағжанды кеудеден итеріп, “құбылмалы жарамсақ” деп табалағандар да болды. Шын мәнінде бұл өлеңінде Мағжан жан түкпірінен қайнап шыққан шындығын айтып, ағынан жарылған:
Мен мұңдымен мұңдастым,
Адассам ел деп адастым.
Он деген емес асылы,
Он демедім, демеспін.
Ой кезінде көмескі
Жырладым елді жалпылап,
Жасырмай жүзді жоқтадым,
Тоқсанға енді тоқтадым, – деген сөздеріне сенім білдірілмейді. Қарапайым түсінікте мұндағы “он” деп отырғаны – алашордашылар, “тоқсаны” – қазақтың еңбекші халқы. “Жүзді жоқтадым” дегенде – “отаныма бөле-жармай қызмет еттім, тапқа бөлгенім жоқ” деген ойын айтқаны. “Тоқсанға енді тоқтадым” дегенде, ендігі өмірім қазақтың қалың бұқарасына арналады дегені. Жан сырын ақтару деген осындай-ақ болар. Оның бұл айтқандарын қаламдастары қабыл алмады. Неге? Неге екенін тап басып айту қиын. Дегенмен дәл осы тұста жеке бастың өштігі, кек алудың амалы және тап күресінің принциптерін теріс түсіну сияқты жағдайлар басым болды-ау деп санаймын.
Қалайда Мағжан 1929 жылы түрмеге қамалды. Жастық шақтағы кінәсін адал да жемісті еңбегімен ақтағанына қарамастан, он жыл өтіп кеткен қателері үшін жауап беруге тиіс болды. Он жылға сотталып, жазасын Карелия жерінде өтеді. Мұнда да адал еңбек етті, әуелі мұғалім болды, кейін бірнеше лагерьдің біріккен санитарлық бөлімін басқарды. Әйелі арқылы медицина оқулықтарын алдырып, дәрігерлік білімді өз бетінше меңгере бастайды. 1935 жылы М.Горькийдің көмегімен босайды. Мағжан Петропавл қаласына қайтады, алғашқы кезде оған С.Сейфулин қаржылай көмек беріпті. Петропавлда техникумда сабақ береді, осында Қазақ жазушылар ұйымы басшыларының бірі С.Мұқановпен кездесіп, әңгімелескеннен кейін Кеңес Жазушылар одағына қабылдау жөнінде өтініш жазады. Өтінішінде: “Кеңес әдебиетіне шын жүрегіммен қызмет етемін”, – деген сөздер бар.
Бұл өтінішке С.Мұқанов мейлінше сыпайы, соншалық сырдаң сөздермен жауап жазады, онда: “Мағжанды Кеңес Жазушылар одағына қабылдау мәселесі оның жаңа шығармалары жарыққа шыққаннан кейін ғана қаралатыны” хабарланған. Обалы қанша, сол хатта Мағжанға шығармашылық жұмысына жағдай туғызылатыны да айтылған.
Мағжанның бұдан кейінгі тағдыры күңгірт, тұманды, түсініксіз жағдайда аяқталады. Көп ұзамай Жұмабаевтың ескі күнәлары қайта ақтарылады. “Саяси сенімсіз” адам ретінде оны техникумнан қуады, мектепте “алашордашы” болдың деп одан да шеттетеді. Мағжан орталықта шығармашылық ұйымдарға жақынырақ тұруды көздеп, Алматыға кетеді, мұнда өлкетану мұрағатына қызметке кіреді. Оны бұл жұмысқа да тұрақтатпайды. Алматыда жұмыс істеу мүмкін еместігіне көзі жетіп, қаладан сыртқары, Алматы облысының бір колхозына барып, медпункт жұмысына орналасады. “Саяси сенімсіз адамның” соңынан “қоңырау” қалмайды, мұнда да жұмыстан қуылады. Осының бәрі – небәрі бір-бір жарым жыл ішіндегі сергелдең. Байқап отырсақ, ақынның соңына шам алып түскен біреу болғаны анық.
Осындай шарасыз күйдің өзінде жан-жүйесі күйзеліп жүрсе де, “Жамбылға”, “Тоқсан тоғыз”, “Қаламыма” деген өлеңдер жазды. Тағдыр тәлкегіне төтеп берген қайсар жан ғана осындай шығармаларды дүниеге келтіре алады. Бұл жазбалары қайда? Бұл өлеңдер Қазақ жазушыларының одағы басшыларына тапсырылса да, құрдымға батып, із-түссіз кетті. Олар 1935 жылы Мағжанға қолдау көрсетпек болған уағдасында тұрмады.
ҚазАПП мұрагерлері тарапынан Мағжанға қастық ұйымдастыру, қорлау, қуғындау әрекеттерінің асқынғаны соншалық, Мағжан ақын өзіне-өзі қол салып, өлмек те болады. Әйтеуір ажалы жоқ, тірі қалады. 1937 жылдың 30 қараша күні ол тұтқынға алынды. Әйелінің айтуына қарағанда, соның алдында оны НКВД қайта-қайта шақырып мазалаған, ақын ұйқы-күлкіден айырылған; бұрын алашордашыл болған, кейін қазақтың атақты жазушысы ретінде танылған бір адаммен телефон арқылы сөйлеспекке әрекет қылған.
Тұтқындалып, үйден шығып бара жатқанда Мағжан былай депті: “Мен қоштаспаймын. Бір кінәға құдайдың өзі екі жаза бұйырмайды. Өзің білесің, Кеңес үкіметіне, қазақ халқыма қарсы жасаған ешқандай қылмысым жоқ. Ал осы жолдан қайтпасам, “бөлтірік бөріні талап мерт қылды” деп түсінерсің. Осы есіңде болсын!”
Мағжан сол азапты сапардан қайтпады. Жастық шағында жаңылыс басқан қадамдары үшін жапа шекті. Ол жазықты болса, онымен бірге тарих та соншалықты жазықты еді. “Бөрінің” тағдыры осымен бітті. Ал “бөлтірік” ше? Ол кім болса да, кейінде М.Жұмабаевқа қандай жала жауып, қараласа да, бұл жағдайдың шындығы біреу ғана: Мағжанның екінші рет тұтқындалуына қазақ жазушыларының арасындағы талас пен тартыс, сенімсіздік себеп болғаны айдан анық.
Әңгіме үстінде қазақтың бір жазушысы маған былай дегені бар: “Ол кезде кімді-кім деген мәселе тұрды ғой. Біреулер ұтты, біреулер тұтылды”. Осындай зұлымдықтың астарында шындық жатыр еді дегеннің өзінде бұл оқиғаларды еске алғанда 75 жастағы көрген-білгені көп менің өзімнің жаным түршігеді. Ақиқат жолы біреу ғана – Мағжан Жұмабаев азамат ретінде де, ақын ретінде де толық ақталуы қажет.
Ойымды қорыта келіп, осынау қуатым кеміп бара жатқан қарттық шағымда жазатын шығармаларымды үлгеріп жазып кетудің орнына қолыма қалам алып, осы хатқа отыруыма түрткі болған нақты себептерді де айта кетсем деймін.
Алдымен маған қазақ достарым қозғау салды. Даму үстінде өзгеріп, жаңарып келе жатқан өмір ағысы, әріптестеріміздің ой-арманын жеткізген хаттар, бетпе-бет әңгіме-сұхбаттар Мағжан тағдырына жаны ауыратын жалғыз мен ғана емес екеніме көзімді жеткізеді.
М.Жұмабаев туралы мен алғаш рет профессор Есмағанбет Ысмайыловтан естідім. Оның айтуынша, М.Жұмабаев және оның шығармашылығы Абай мен қазіргі қазақ поэзиясының арасын жалғайтын ақындық өткел болып табылады. Мұндай өте жоғары бағаны кезінде Ғ.Ибрагимов берген болатын. Ол өзінің “Қазақ қызы” деген классикалық романына Мағжанның 1911 жылы жазған “Айға” деген өлеңінің ғажайып мына бір шумағын эпиграф етіп алған болатын:
Кең дала, көресің ғой ана жақтан,
Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан
Асқар тау, балдан тәтті сулары бар,
Әне, сол анам еді мені тапқан.
Профессор (Есмағанбет Ысмайылов маған) Мағжан шығармаларының қайта басылып шығуына бөгет болып отырған өзі білетін екі себепті атады. Бірінші – Мағжанның жеке басына жау болғандар енді не қыларын білмей отыр. Олар бір кезде ақынды “әшкерелеп” бақты, ал енді артық айтқан сол сөздерін мойындап, адал ниетпен қайтып алуы керек пе, әлде бұрынғысынша “турашылдыққа” салынып, ақынды әлі де теріс бағалауға күш салуы керек пе? Кейбіреулер осы екінші жолды күйттеп, өзінің жеке басының бақ-беделін қазақ әдебиетінің мәртебесінен жоғары қойып отыр.
Басқа бір себеп те бар. Жазушылар арасындағы кейбір топтар шығармашылық жағынан гөрі Мағжанның жеке басы жөнінде қарама-қарсы бағыт ұстанып, айтысып жүр. Мен мұны топшылдық деп айтпаймын, мұндай ащы бағаға аузым бармайды, бірақ осыған ұқсас бірдеңе бары рас. Әдетте, талас-тартыс, бәсекелестік үстінде тілге оралғанның бәрі, тіпті жеке қаламгердің тағдыры да бәске тігіліп кететіні болады ғой. Жазушыларды бір жағы, бәлкім көпшілігі, Мағжан шығармаларын тірілтіп, қазақ әдебиетінде ақтаңдақтың орнын толтыруды жақтайды; екінші жағы ескі сарыннан айырылғысы келмейді. Маған, әсіресе, өкініштісі (шынымды айтсам, таңғалғаным) Сәбит Мұқанов осындай позиция ұстанып отыр. Жалпы Мұқановтың позициясын табанды дей қою қиын. Ол өзінің “ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті” деген кітабында Мағжан ақынға өте жоғары баға береді. “Абай – ақылдың ақыны, – деп жазады Мұқанов, – ал Мағжан – ақындардың ақыны. Ақындығы жағынан Мағжан Абайдан күштірек. Біз Мағжаннан үйренуіміз керек”.
Осыдан біраз жыл бұрын Қостанайда кездескенімізде ол татар ақыны Хасан Туфан екеуімізді Мағжанның көп өлеңін жатқа айтып таңғалдырды. Мағжан шығармашылығына жоғары баға беретінін тағы қайталады. Алайда Мағжанның шығармаларын қайта басып шығаруға, менің ойымша, С.Мұқанов қарсы және осы жөнінде мен хат жазып сұрағанымда сырғытпалап, тіпті мысқылға сүйеп, “Қазір М.Жұмабаевтың бақташылары (қамқоршылары дегені болса керек) жоқ”, – деп жауап берді. Егер дұрыс ұғынған болсам, С.Мұқановтың бұл хатынан ұққаным, бұл күнде Мағжанға сүйеу болатын және оның мұрасын жоқтауға батылы баратын мықты да ықпалды қамқоршылары жоқ дегені болса керек. Дегенмен, менің досым С.Мұқановтың мұндай бұлдыр сөздерін дұрыс ұқпадым-ау дегім келіп тұрады. Сондықтан С.Мұқановты қазақ әдебиетінің және өзі жақсы көретін ақын М.Жұмабаевтың мұраларын қорғап шығуға беделі жетеді деп ойлаймын.
Барлық жазушылар сияқты мен де көп адамдармен хат жазысып тұрамын. “Жастық жолымен” деген кітабым шыққаннан кейін Алматыдан, Қарағандыдан, Қостанайдан және Қазақстанның басқа да қалаларынан ондаған хат алдым. Оларды жазушылар, сыншылар, қарапайым оқырмандар жазған. Көптеген хаттарда М.Жұмабаевтың поэзиясы сөз болады. Маған хат жазғандардың бірде-біреуі Мағжан шығармашылығы жөнінде ешқандай теріс пікір білдірмеген. Керісінше, осынау қаламгердің тағдыры мен шығармашылық жолының күрделі болғанын, оның қателерін көрсете отырып, М.Жұмабаев поэзиясының мол байлығы мен биік деңгейін, көп жылдар өтіп кетсе де өлеңдерінің бүгінгідей мөлдірлігін, қазақ әйелінің азаттығы, халықтың бостандығы жөніндегі өлең жолдарының ғажайып қуаты туралы жазады.
Әрине, бұл хаттардан үзінділер келтіруім артық болар және оның қажеті де жоқ. Әйтеуір бұл хаттардан, сондай-ақ, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көптеген өкілдерімен кездесіп тілдескенімде білгенім, Жұмабаев шығармаларын қазақ және бүкіл кеңес әдебиетіне қайтарып беру қазақ халқының тілегі мен мақсат-мүддесіне сай келеді.
Осы хатты жаздыруға тағы бір жағдай себеп болды. Әдебиеттер тағдыры туралы толғана отырып, мен әртүрлі халықтарда өзінің өткендегі мәдени мұрасына деген көзқарастың бірыңғай еместігін байқаймын. Қай халықтың мәдени мұрасы неғұрлым бай болса, оған деген қамқорлық та күштірек, халық өз мәдениетінің қазынасын байытқан ұлдарына сергек ілтипатпен баға береді. Керісінше, мәдени мұрасы жұтаңдау халықтарда бұл қамқорлық та кемшін, қалыптасып келе жатқан әдебиеттің бастаушылары деп танылған азаматтары оп-оңай ұмытыла береді екен. Бәлкім, мен қателесетін де шығармын, бірақ мына мысалдарды байқап көрейікші. Орыс әдебиетінің ұшан-теңіз байлығын дәлелдеп керегі жоқ. Тек соңғы жылдары ғана олар көптеген жазушыларының, тіпті М.Жұмабаев сияқты жарқыраған жұлдыз болмаса да, есімін ақтап алды. Мұны жаңадан шыққан “Әдебиет энциклопедиясынан” да байқауға болады. Белгілі жазушыларды айтпағанның өзінде бұрын есімі ұмытылып қалған Клычков, Клюев, Вольнов туралы тұлғаларға лайықты сипаттама берілген. Ал қазақ әдебиеті Жұмабаевтың ғажайып поэзиясына көз салғысы да келмейді. Және де бұған бір ғана себеп – ақынның ұлтшылдық қателері болса керек.
Орыс әдебиетіндегі қаламдас бауырларымыз адаспап па еді? 1917 жылы Мағжан сияқты қазақ әдебиетінің саяси жағынан тағаланбаған тай-құнандары түгілі орыс әдебиетінің сақа арғымақтары да шатасты ғой. Өз елінен сыртқа кетіп, онымен идеологиялық күрес жүргізген орыс жазушылары аз ба? Бунинді, Купринді, Г.Ивановты, Бальмонтты және басқаларын еске алайықшы. Бір кезде А.Толстой да солардың тобында болды. Ал қазір бұл жазушылардың шығармашылығы мен өмір жолына лайықты баға берілді, бүкіл күрделі жағдайлары, қалтарыс-бұлтарыстары ескерілді. Олардың бәрі орыс әдебиетінің тарихында өз орнын алды, бұдан былай оларды бұл тарихтан ешкім де сызып тастамайды, сызып тастау мүмкін де емес. Демек Мағжан шығармашылығын ойып лақтырып тастап, қазақ әдебиетін жұтатуға бола ма? Куприн, Мережковский және басқа көптеген ақын-жазушылар сияқты М.Жұмабаев шетелге кетіп қалған жоқ, Кеңес өкіметіне қарсы бағытталған ештеңе жазған жоқ. Соған қарамастан Буниннің, Куприннің тағы басқа эмигранттардың шығармалары мол таралыммен басылып жатыр, ал М.Жұмабаевқа келгенде іс жүзінде тыйым салынған. Әдеби мұрамызға деген қамқорлық осындай бола ма екен? Көпті көрген, жасы келген менің ойымша, Мағжанға деген мұндай көзқарастың бір себебі, оның шығармашылығына объективті баға беруге кедергі болып отырған жағдай – ескіліктің пасық бәсекелестігі және қазақ жазушылары арасындағы “рулық қайшылықтардың” болуы. Өкінішке қарай, мен бұл сөздерді жобамен айтып отырған жоқпын, бұлар жөнінде қазақ әріптестерім маған ашықтан-ашық жазып хабарлауда. Мағжанды өзінің әдеби ұстазы санайтын қазіргі қазақ жазушылары көшін бастаушылардың біреуі: “Қазақ жазушылары арасындағы жікшілдіктің қалдықтары М.Жұмабаевтың әдеби мұраларының тағдырын дұрыс шешуге мүмкіндік бермей отыр” (1968 ж.) деп жазыпты.
Осылайша, Мағжанды ұмытамыз ба? Жоқ, ұмытпаспыз. Мағжанның өлеңдері айтылып жүр. Біреулер оларды кім шығарғанын білмей, халықтыкі деп санайды, ал білетіндер сырын іште сақтауда. Қазақ жазушылары Қазақстан партия ұйымының көмегімен өз әдебиетінің ертеректегі тарихында болған күрделі жағдайларға дұрыс баға беріп, сол әдебиеттің аясына өзінің дарынды ұлының есімін қайтарады деп үміттенемін әрі оған сенімдімін.
М.Жұмабаев шығармаларын жарыққа шығару дегеніміз, кейбір қазақ әдебиетшілері ойлап жүргендей, алашорда ұлтшылдығын ақтау емес, мұның өзі – дәлелдеп жатуды қажет етпейтін ақиқат.
Құрметті Дінмұхаммет Ахметұлы!
Мені осынау ұзақ хатым үшін жазғыра көрмеңіз. Бір ғана тілегім бар – хатты оқып шығыңыз да, қазақ халқына бақыт пен байлық тілеген қарт жазушының ізгі жүрегінен шыққан осы сөздерді дұрыс түсінуіңізді сұраймын.
Сәйфи ҚҰДАШ,
Башқұртстанның халық ақыны.
1969 жыл.