«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Адам қай тілде сөйлесе, сол ұлтқа қызмет етеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ата Заңымыздың 7-ші бабын­да “Қазақстан Республикасын­дағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі” деп жазылуын ұлы тарихи жеңіс деп бағалауға толық құқылымыз. Бұл бағытта халқымыз қаншама “тар жол, тайғақ кешуді” бастан өт­керсе де, ұлтымыздың сана-се­зіміне батпандап кіріп, рухы­мызды жаншып, мәңгүрттікке айналдырып жібере жаздаған “жаны сірі” кеңестік идеология­ның көбесі сөгіліп, жылымықтың самал лебінің соғуы төбемізді көкке жеткізгендей болды. 1990 жылдан бері мемлекеттік тіл мәселелерімен үзбей айналыс­қан тәжірибемнен көзімнің жет­ке­ні – кейбіреулердің “қонақжай­лық” пен “толеранттылықтың” ара-жігіне жете көңіл аудармай­тыны. Осы ұғымдардың атын жамылған популист-сепаратис­тер конституциялық құқығымыз­ға өршелене қарсы шығып, әсі­ре­се, ана тіліміздің босағадан төр­ге озуына тұсау салуға ты­рыс­қанын ұмыта қойған жоқпыз. “Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару орган­дарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады” деген анықтаманы мың құбыл­тып, орыс тілін мемлекеттік мәр­тебемен “теңестіргендер” де та­былған. Ана тілімізді толыққанды мемлекеттік тілге айналдыру – өз қолымызда. Ол үшін мемле­кет тарапынан атқарылып жат­қан кешенді іс-шараларды қа­лың жұртшылықтың қолдауы өте маңызды. Мемлекеттік және қо­ғамдық құрылымдарда қазақ ті­лін зерделеу, меңгеру, қолдану белсенділік пен табандылықты, әр азаматтың күрескерлік қа­жыр-қайраты мен саналы көзқа­расын талап етеді. Мемлекеттік ұлттық идеологияны қалыптас­ты­ру­дың дербес субъектісі – қа­зақ ұлты болғандықтан, негізгі салмақ тұрғылықты, байырғы эт­носқа түсетіні заңды, табиғи құ­былыс. “Әр қазақ – жалғызым” де­мекші, ұлт болып ұмтылып, қазақ тілін еркін меңгерсе, жас буын ана тілінде еркін сөйлесе, оқып, жаза білсе, ұлттық жады мүлдем басқаша қалыптасар еді. Бірақ қанша тырысып бақсақ та, бюро­краттық кедергілер аз емес. Сот процестеріне қатысушылардың басым көпшілігі – өзіміздің аға­йын­дар. Істерді қарау кездерінде араларында өзге этнос өкілдері болмаса да, бір-бірімен орысша сөйлескенін болмаса аударма­шы жалдағанын көргенде мем­ле­­кет­тік тілдің құқықтық мәрте­бесін кім төмендетіп отырғанын байқайсың. Осындай небір ке­леңсіз көріністерге заңгер ретін­де талай куә болғаным бар. Ана тілін білмеуді желеу етіп, түйт­кілдер сағыздай созылып, сөз­бұйдалыққа салына берсе, қа­зақ­стандық патриотизмге не­гіз­делген ұлттық парызымыз сөз жүзінде қала бермек.

Ана тіліміздің дамуына ке­дергі келтіретін кемшіліктерді жіп­ке тізгендей етіп, құқық қорғау органдарына дейін бірнеше рет жазбаша сұрау салдым. Орыс тілді қазақтардың намысын қа­жай берсін деген игі ниетпен “Фо­тообвинения по переводческому делу” атты орысша мақаламды айыптау фотосуреттерімен бірге жергілікті басылымдарға тап­сыр­дым. Ондағылар жариялауға бастапқыда келіскенмен, ақыры су аяғы құрдымға кетіп тынды. Ата Заңымыздың 20-шы бабына (сөз бен шығармашылық еркін­дігіне кепілдік беріледі. Цензура­ға тыйым салынады. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпа­рат алуға және таратуға құқығы бар) сүйене отырып, облыстық прокуратураға жазбаша жүгін­ген­мен, екіұшты жауаппен ғана шектелген. Сондағы бар “айы­бым” – ана тілімізге қатысты ше­тін мәселелерді орыс тілінде на­сихаттауға мүдделік танытқа­ным. Керісінше, менің талабым­ды қолдап, мемлекеттік тіл мәр­тебесінің аяқасты болмауына кепілдік беруі тиіс еді ғой. Мұн­дайда жариялылық, ашықтық дегеніміз жай ғана жайдақ сөз болып қала береді. Сол мақала 2023 жылы республикалық “Ка­захстанская правда” газетінде (3 сәуір 2023 ж.) “Как нарушается правовой статус государствен­ного языка” деген тақырыппен жарық көрді. Көп ұзамай Петро­павл гуманитарлық-техникалық колледжінің маңдайшасындағы 30 жыл бойы ілулі тұрған “Рома­новское училищесі” деген қате аударма алынып тасталды. Бір түсініксіздігі, түзетіліп жазылған жаңа тақтайша әлі күнге дейін ілінген жоқ. Соған қарағанда колледж басшылығы мемлекет­тік тілге деген самарқаулық пи­ғылынан арыла қоймаған секіл­ді. Осының алдында менің ха­тыма адвокаттар алқасынан жауап келіп, облыстағы екі фи­лиал маңдайшаларындағы қате­лердің дұрысталғанын хабарла­ған еді. Филиалдар басшылығы қаражат тапшылығын сылтаура­тып жүретін, аяқасты табылғаны таңғалдырады. Қағазбастылық біраз әуре – сарсаңға салса да, “игіліктің ерте-кеші” жоқтығы – көңілге медеу.

Қоғам және мемлекет қай­раткерлері Қаныш Сәтбаев пен Ніл Болатбаев атындағы көше­лердегі көзге бадырайып тұрған қателерді түзету туралы ұсыны­сыма қалалық әкімдіктің тиісті бөлімі біртуар тұлғалардың ата-тегін құжаттарына сәйкес біріз­дендіру мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген болатын. Арада екі жыл сырғып өтсе де, баяғы жартас-сол жартас қал­пында тұр. Евней Бөкетов көшесі бо­йындағы “Ёбидоёби” суши – бар маңдайшасындағы өте өрес­кел атау тіл жанашырла­рының орын­­ды ашу-ызасын тудырып, қатты қарсылық көрсеткенін га­зет оқырмандары жақсы біледі. Ақыры оны алып тастауға мәж­бүр болды. Бұдан шығатын қо­ры­тынды, құрғақ уәделерге то­лы, бір сарынды сырғытпа жа­уап­тар легі көбеймесе, әлі азаяр емес. Бәрінен бұрын мемлекет­тік деген дардай аты бар мекеме­лердің қазақ тіліне деген самар­қау­лығы мен немқұрайдылығы қы­нжылтпай қоймайды. Сондық­тан ұлтқа қызмет етудің озық үлгілерін Алаш қайреткерле­рі­нен үйрену артықтық етпес еді. Ақтық демі таусылғанша жүрегі “қазағым”, “елім”, “жұртым” деп соғып өткен ұлт көсемі Ахмет Бай­тұрсынұлы артына “Тіл – адам­ның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі”, “Ұлт­тың сақталуына да, жоға­луына да себеп болатын нәрсе­нің ең қуаттысы – тіл”, “Сөзі жо­ғалған жұрттың өзі де жоғалады” деген мәңгі өшпейтін ұлағат қал­дыра білді. Болмаса Мұстафа Шо­қайдың “Бала қай тілде білім алса, түбі сол ұлтқа қызмет ете­ді” деген жанайқайын еске түсі­рейік. Қай-қайсысы болсын са­наға қозғау салады, ой түюге жетелейді. Ұлт болып ұйыссақ қана келешегіміз кемелденеді, елдік мұрат, ұлттық мүддеге жол ашады. Оның тамыры, түп-төркіні тілден бастау алады.

Қайрат ДҮЙСЕНБІ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық тәуелсіз заңгерлер палатасының заңгері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp