«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аудандардағы ахуал ала-құла

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің тө­рағалығымен өткен об­лыстық әкімдіктің кезек­ті оты­рысында алғашқы тоқ­сан­ның әлеуметтік-эко­номикалық даму қорытын­дылары шығарыл­ды.

Экономика басқармасының бас­шысы Қуанышбек Қалижанов үш айда негізгі салаларда өсімнің тір­келгенін жеткізді. Мал шаруашы­лы­ғы өнімдерінің көлемі – 3,5, сүт – 12,6, жұмыртқа 7,8 пайызға артып, 37,1 млрд. теңгені құраған. Алайда Жамбыл ауданы сүт, Ғабит Мүсі­ре­пов атындағы аудан жұмыртқа өн­ді­ру­ден артта қалған. Ал өңірдегі ет өндірісі 4,4 пайызға кеміп кеткен.

Мәселен, Мамлют ауданын­да – 16,4. Қызылжар ауданында – 16,2, Уәлиханов ауданында – 10, Айыртау ауданында – 11,1, Жамбыл ауданында 9,9, па­йыз­ға құлдыраған.

Осы мерзім ішінде 177,1 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнім­де­рі өндірілген. Оның 71,7 па­йы­зы Петропавл қаласына тие­сілі. “ЗИКСТО”, “Масло Дел”, “Ев­разиян Милк”, “Радуга”, “Петро­павл элетротехникалық зауы­ты” сияқты ірі кәсіпорындардың аяқ алысы жақсы. Ақжар, Ғабит Мү­сірепов атындағы, Тими­ря­зев, Есіл, Жамбыл аудандары ал­дыңғы лектен көрінсе, Мам­лют, Мағжан Жұмабаев, Та­йынша, Ақ­қа­йың аудандарында бұл са­ла­дағы көрсеткіш көңіл көншіт­пейді.

Қаңтар-ақпан айларында өңірге 94,6 млрд. теңге инвес­тиция құйылған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен са­лыстырғанда 48,8 пайызға көп. Десек те, бірқатар аудандарда сылбырлық байқалады. Атап айтқанда, Ғабит Мүсірепов атында­ғы ауданда – 85,5, Мам­лют ау­да­нында – 40,2, Жамбыл ауда­нында – 14,3, Айыртау ау­да­нында – 11,8, Тайынша ауда­нында – 6,6, Мағжан Жұмабаев ауданында – 4,6, Аққайың ауда­нын­да – 4,3, Қызылжар ауда­нында 1,6 пайызға төмендеген.

Құрылыс саласында атқа­рыл­ған жұмыстардың көлемі 4,8 пайызға өскен. Ақжар, Ти­мирязев, Есіл, Уәлиханов, Ға­бит Мү­сі­репов атындағы, Шал ақын аудандарында оң дина­мика қалыптасса, керісінше, Айыр­тау, Аққайың, Қызылжар, Та­йын­ша аудандарында көр­сет­кіш төмендеген.

Жыл басынан бері 28508 шар­шы метр тұрғын үй пайда­лануға берілген. Тапсырманы 11 аудан орындаған. Жамбыл мен Айыртау аудандары көз­деген межеге жете алмаған.

5614 адам жұмысқа орна­ласып, 1962 жаңа жұмыс орны ашылған.

Өңір басшысы облыстың эко­номикалық көрсеткішін артқа тартқан бірқатар аудан әкімде­рі­нің есебін тыңдады. Тез арада ет өндірісін көбейтіп, жіберілген олқылықтарды түзетуді міндет­теді.

“Барлық тауар өндірушілер­мен ынтымақтаса әрекет ету жоспарын құруды тапсырамын. Жарты жылды қорытындылан­ғанда бұл мәселеге қайта ора­латын боламыз. Осы уақыт ара­лы­ғында ет өндірісін арттыра алмаған аудан әкімдеріне тәр­тіптік жаза қолданылатынын ес­кертемін”, – деген Ғауез Торсан­ұлы машина жасау саласында 59 млрд. 100 млн. теңгенің құ­рал-жабдықтары құрастырыл­ға­нын, тапсырыс портфелі 52,6 пайызға өсіп, 97,8 млрд. теңгеге толыққанын, осы көрсеткіштің төмендеп кетпеуін қатаң бақы­лауға алуды, инвестиция тарту жұмыстарын бәсеңдетпеуді міндеттеді. Бүгінде 620 млрд. теңгенің 36 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 6 мыңнан астам жұмыс орны құ­рылатын болады. 15 жоба биыл пайдалануға беріледі. Ин­вес­ти­ция көлемі 48 млрд. тең­геге жуық.

Облыстық қаржы басқар­ма­сы басшысының орынбасары Ләтипа Тулепенова бюджеттің кіріс және шығыс бөлігінің ат­қарылуы жайлы есеп берді.

Оның айтуынша, жергілікті қа­зынаға 31 млрд. 814 млн. тең­ге кіріс түскен. Бюджеттің шы­ғыс бөлігі толық орындалғаны­мен, 34,5 млн. теңге игерілмей қалған.

Әкімдік отырысын қорытын­дылаған Ғәуез Нұрмұхамбетов қала мен аудан әкімдеріне және тиісті басқарма басшыларына инвестициялық, инфрақұры­лым­дық бағдарламалардың міндетті түрде жүзеге асуын қам­тамасыз етуді, экономикаға сер­пін беретін қосымша даму ре­зерв­терін қарастыруды тап­сырды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp