Бірлік күні қарсаңында алғаш рет қазақстандық 10 телеарна бірлесіп, “Біз біргеміз!” жалпыұлттық телемарафонын өткізді. Елімізде соңғы 80 жылда болған ең ірі табиғи апат – су тасқынына байланысты ұйымдастырылған тікелей эфир 5 сағатқа жалғасты.
Телемарафон барысында “Qazaqstan”, “Хабар”, “Jibek Joly”, “Еуразия”, “КТК”, “31 арна”, “Atameken Business”, “Astana TV”, “7 арна” және “Almaty TV” телеарналарының эфирінде орталық және жергілікті билік өкілдері, депутаттар тасқынның салдары мен мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.
Телемарафонға тасқынның зардабын жоюға жауапты бірқатар ведомство жетекшілері – Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Қаржы министрі Мәди Такиев, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин, Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары Болат Бекнияз, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанов, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен еріктілер қатысты.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің айтуынша, бүгінге дейін су тасқыны болған аймақтардан 119 мың адам эвакуацияланды. Оның 45 мыңға жуығы – бала. Төтенше оқиға басталғалы тасқын аймақтарына Қарулы күштердің 5400-ден аса жауынгері, 230 техника, 12 тікұшақ, 5 әскери ұшақ жұмылдырылған.
“Жер үйлері суға кеткен азаматтарға баспана салу 1 маусымда басталып, келесі жылыту маусымына дейін жалғасады немесе зардап шеккендерге бағасы 22 млн. теңгеден аспайтын дайын пәтерлер ұсынылады”, – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев телемарафон барысында.
Бүгінге дейін тасқын зардаптарын жоюға меценаттар мен ірі компаниялардан 200 миллиард теңгеге жуық қаражат жиналған. Бұл қаражат мектептер мен үйлер, балабақшалар мен жол салуға жұмсалады.
Телемарафонда тасқын судың алдын алуға және зардабын жоюға жұмылған күштік құрылымдардың жұмысы мен қиын сәтте бір-біріне қолұшын соза білген қарапайым ел тұрғындарының қайырымды әрекеттері туралы жан-жақты көрсетілді. Қолайсыз ауа райына қарамастан 280 адамды ұшақпен эвакуациялаған әскери ұшқыш Бибарыс Ибраевтың, қайықпен 200 адамды құтқарған ақтөбелік құтқарушы Ерсайын Нұржановтың, Петропавлдағы тасқын судан зардап шеккен тұрғындарды тегін тасыған жүргізушілердің, Орал қаласының шетіндегі саяжайларға су жайылып, үйлерінде қалып қойған тұрғындарды құтқарған сержанттардың, мектеп мүлкін судан аман алып қалу үшін күрескен Қостанай облысы, Алтынсарин ауылының мұғалімдері, 1000-нан астам волонтердің басын қосқан “Жүректен жүрекке” волонтерлік клубының мүшесі Әлішер Садықтың оқиғалары баяндалды.
Қоғамдық штаб өкілі Әскер Пириев тасқын кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан еліміз бойынша 12 мыңға жуық ерікті қызмет еткенін жеткізді, ал “Жүректен жүрекке” акциясы аясында 800 миллион теңгенің гуманитарлық көмегі көрсетілген.
Телемарафон барысында 10 арнаның тікелей эфиріне 48 спикер шықты. Телемарафонды 10 арнадан 21 тележүргізуші тізгіндеді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.