Жыл басынан бері Петропавл полицейлері отбасылық-тұрмыстық сипаттағы 500-ден астам құқық бұзушылықты анықтады.
“Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің қызметкерлері жүргізетін әдістемелік түсіндіру жұмыстары өз жемісін беруде. Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адамды қорлайтын кез келген әрекетке тыйым салынады. Жағдайды шиеленістірмеу үшін құқыққа қарсы мінез-құлық фактілерін жасырмау қажет”, – дейді Петропавл қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Әсем Ілиясова.
Полицейлер отбасылық жанжал, ұрыс-керіс немесе балағаттау жағдайларын үнемі тексеріп отырады. Жыл басынан бері құқық бұзушыларға қатысты 511 қорғау ұйғарымы шығарылып, сот шешімімен 122 адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді. 56 жанжалқой қорғау ұйғарымын бұзса, 78 адам ерекше талаптарды елемеген. Мұндай тәртіп бұзушыларға әкімшілік қамауға алу түріндегі ықпал ету шарасы қолданылады.
“Qyzyljarnews.kz”.