«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ҮЙЛЕР — ЖАНҒА ЖЫЛУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осыдан 3-4 жыл бұрын “Нұр­лы жол” мемлекеттік бағ­дарламасы аясында облыс ор­талығынан шеткерілеу жердегі алаңда “Солнечный-2” деп ата­латын шағынаудан бой көтерді. Аз ғана уақыттың ішінде инже­нерлік желілер тартылып, ау­лалар абаттандырылып, жол­дар салынды.

Бүгінде сырты сендвич-па­нелдермен қаптал­ған 200-ден астам бір қабатты ақшаңқан үйлер сап түзеп, келбеті көздің жауын алғандай қызықтыра­ды. Әр шаршы метрі 120 мың теңгеден аспай­тын су жаңа баспаналар қала­лық әкімдікте жер кезе­гінде тұрған отбасы­ларға бе­рілді. Енді, міне, оған қарсы бет­те тағы бір шағынау­данның құ­рылысы жедел түр­де баста­лып кетті (бір түсінік­сіздігі, қа­зақша атау таусылып қалған­дай бұл да “Солнечный-2” деп аталыпты. Әу баста ин­фра­құрылымы дайын бұл маң­ға да баспаналар тұрғызылып, жер теліміне кезекте тұр­ғандар қоныстанады деп бел­гіленген.

Алайда табиғаттың то­сын жағ­дайы жауапты орган­дардың іс-қимыл жоспарын шұғыл түрде өзгертіп жіберді. Петропавл қала­сында 2 мыңға жуық үйдің (Ой­қалада – 1166, Былғары зауыты кентінде – 358, Заречныйда – 239, Борки­де – 40), 30-дан астам саяжай қа­уым­дастығының су астында қал­ғаны ескеріліп, сол жерге бас­па­на са­луға шешім қабылданды.

“Қарғын судан зардап шек­кендер 2884 адамға шақталған эвакуациялық пункттер мен жа­тақханаларға орналастырылды. Оларға бірреттік өтемақы алу үшін 724 млн. теңге бөлінді. Зерттелген 347 үйдің 125-де техникалық бағалау жұмыстары аяқталды. 18 тұрғын үй қоры мен коммерциялық тұрғын үйлерден 197 пәтерлік пул құрылды. Мер­дігер ұйымдарға пәтер бағала­рын 22 млн. теңгеден асырмау тапсырылды. Жеке баспаналар салуға “Солнечный” шағынауда­нынан жер учаскесі қарасты­ры­лып отыр”, – деген еді қала әкімі Серік Мұхамедиев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Өңірге жұмыс сапарымен кел­ген Премьер-министрдің орын­басары Қанат Бозымбаев 24 сәуірден бастап еңбек қарқыны қызу қарқын алған құрылыс учас­кесіне арнайы соғып, іс бары­сымен танысты. “KAZ Minerals”, “Kazakhmys Holding” және “Kaspi.kz” компанияларының тас­қын судан зардап шеккен сол­түс­тікқазақ­стан­дықтарға 60 млрд. теңге мөл­шерінде қаржы бөлгені хабарланды.

“Былтыр жеке тұр­ғын үй құ­рылысына жер телім­дері бөлініп, инфрақұрылым тартылған бола­тын. Енді қалып­тасқан жағдайға байланысты және де уақыт үнем­деу мақса­тымен дайын тұр­ған учаскелер 100 баспана тұр­ғызуға бағытта­лады. Жобаны “Қазақстан хал­қына” қоры қар­жы­ландырып отыр. Құ­­рылыс жұ­мыстарына 10 меке­ме тарты­лып, 40 күннің ішін­де пайда­ла­нуға беретін болады. Негізінен жер­гілікті материалдар қолда­нылады”, – деді өңір бас­шысы Ғауез Нұр­мұхамбетов.

Сондай-ақ “Kaspi.kz” 300 үй салуды, “Kazakhmys” корпора­циясы 100 үй тұрғызуды жоспар­лап отыр. Жалпы аталған ша­ғын­ау­данда тасқыннан зардап шек­кендерге барлығы 500 үй са­лы­нады. Жұмыс көлемі ауқымды болғандықтан, құрылысты суық түскенше дейін аяқтау қажет.

Бізді қызу еңбек дүбіріне бө­ленген учаске басында жедел штабтың жетекшісі Мұрат Қа­лиев қарсы алып, жан-жақты ақпарат берді.

“Өзіңіз байқағандай, құры­лыс­шы­лар тыным табар емес, екі ауысымда еңбек етуде. 7 жарық беретін подстанция орна­тылды. Орталықтандырыл­ған құ­бырдан келетін су әр үйге жет­кізілуде. Осы салада тәжірибесі мол “Альфа-Север”, “Основа­ние”, “Зерт­теу СК”, “Құрылыс сер­вис СК” секілді құрылыс ұйым­дарына үлкен үміт артылады. Құрылыс материалдары да, адам күші де, техника да жеткі­лікті”, – деген Мұ­рат Бопашұлы қабырғалары қа­ла­нып, шатыр­лары қойылған баспаналарға қарай бастады. Үш бөлмелі үйдің әрқайсы­сы­ның аумағы – 80 шаршы метр.

Құрылыс алаңынан “Құры­лыс сервис СК” ұйымының өкіл­дерін кездестірдік. Солардың бірі – компания құрылтайшысы Нұрлан Сапаровтың айтуынша, 10 үйді салуға 50 құрылысшы жұмылды­рылған. Іргетасынан бастап, ішкі әрлеу жұмыстарына дейін өздері атқармақ.

Біз қабырғалары түгел қалан­ған 9 үйді аралап, шыға бергенде “Основание” ЖШС-ның директоры Сергей Тимофеевті жолық­тырдық. Бұл компания 1995 жылдан бері жергілікті нарықта жемісті жұмыс істеп келеді.

“Ақжар ауданында бір ауы­сым­да 200 науқасты қабылдай­тын емхана, Тайынша ауданын­да 300 орынды мектеп салуға қатысқан құрылысшыларымыз 15 үйді уақытылы пайдалануға бе­реріне сенім мол. Сапа жағы­нан қам жемеуге болады. Тех­ника­лық бақылау өкілдері күнде мо­ни­торинг жүргізіп отырады”, – деді нық сөйлеген Сергей Пет­рович.

Әлеуметтік, коммерциялық ны­­сандар салу бағытында ісі өнік­­ “Альфа-Север” ЖШС-ның да қыз­мет көрсету ауқымы кең. Бе­тон плиталар, есік-терезелер шыға­ра­тын арнайы цехтары бар. Мұн­да 30-дан астам құрылысшы өз­деріне сеніп тапсырылған ны­сандарды сапалы орындауға жұ­мылған. “Жас өркен” шағынауда­нында өзіндік қолтаңбасын қал­дырған “Зерттеу-СК” серіктестігі тас қалаушыларының да берген сертке берік екенін аңғару қиын емес.

Төтенше жағдайлар департа­ментінің ресми өкілі Жазира Қожахметова келтірген деректер бойынша су тасқыны бастал­ғаннан бері өңірде 3898 үйді су шайған. Су тасқынының шарық­тау шегі өткенімен, әлі 3186 бас­пана су астында тұр. Солардың бірі – Рассвет округіне қарасты Семиполатное ауылы. Мұнда қа­уіпті аумаққа тақау Есіл көшесі бойындағы 12 үйдің 32 тұрғыны Рассветтегі эвакуациялық орта­лыққа орналастырылған. Осын­дай қиын шақта осындағы шаруашылық жетекшісі Ләззат Жәкеева қол қусырып, қарап отырмаған. Үй-жайы түге­лі­мен суға кетіп, мүлдем жарам­сыз болып қалған Дмитрий Фа­зыловтың отбасына 800 мың тең­геге баспана сатып әперген. Өзге фермерлер де үй жиһаздарымен көмектескен.

Қазақстан халқы Ассамблея­сының “Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу” атты ХХХIII сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, халқымыздың ынты­мағы мен жоғары азамат­тық жа­уапкершілігі осындай өте ауыр сынақ кезінде айқын кө­рінеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp