Биыл Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментіне тарифтер мен тарифтік сметаларды бекіту туралы 43 өтінім келіп түсті. Сонымен қатар ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында 18 қоғамдық тыңдау өткізілді. Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерін реттеу мәселелері талқыланды.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті 72 қызмет бойынша 57 табиғи монополия субъектісінің жұмысын бақылайды. Сондай-ақ қоғамдық маңызы бар нарықтың үш субъектісі бойынша бағаларды реттейді.
“Облыс бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымының қазіргі жай-күйі тұтынушыларды жылумен, электр энергиясымен, сумен және басқа да коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жаңартуды талап етеді. Сонымен қатар бұл салада білікті мамандардың жетіспеушілігі бар. Осы проблемаларды шешу үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына жаңа инвестициялар тарту, табиғи монополиялар субъектілерінің желілері мен жабдықтарының тозуын азайту және реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту үшін елде “Инвестициялар орнына – тариф” бағдарламасы қолданылады”, – деді департамент басшысы Дамир Тоқтамысов.
Оның айтуынша, өңірдегі табиғи монополиялардың жеті субъектісі бес жылдық кезеңге арналған ұзақ мерзімді тарифтер бойынша жұмыс істейді. Олардың жалпы сомасы 30 млрд. теңгеден асатын, жаңғыртуға және қайта жаңартуға бағытталған инвестициялық бағдарламалар бар. Өңірдегі су тасқыны жағдайына байланысты әзірге тарифтер өзгеріссіз қалмақ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.