Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ойқала, Былғары зауыты шағынаудандары мен Тепличное ауылында болып, үйлерін су басқан тұрғындармен кездесті. Жиында халыққа баспана алу және жөндеу жүргізу ережелері бойынша түсініктемелер берілді.
Бүгінде бұл аумақтарда тазалау жұмыстары басталып кеткен. Ғауез Торсанұлы жедел штабтарға соғып, қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Аудан әкімдерінің осы салаға жауапты орынбасарларының есебі тыңдалды.
Баяндамалардан белгілі болғандай, техникалармен жабдықталған механикаландырылған құрылымдар су тасқынынан залал көрген үйлер мен көшелерді тазалауға кіріскен. Ойқалада Ғабит Мүсірепов атындағы, Тайынша, Айыртау аудандарының жасақтары жұмыс істеуде. Олардың иелігінде 20 мотопомпа бар. Былғары зауыты шағынауданына Шал ақын, Жамбыл, Есіл аудандары бекітілген. Олардың құрамындағы 15 топта 30 мотопомпа бар.
Бағалау комиссиясының қорытындысынан кейін және үй иелерінің келісімімен баспаналар жөнделе бастайды. Баспананы қалпына келтіру мүмкін болмаса, бұзуға тура келеді.
Өңір басшысы Ойқаладағы айналма жолдың жағдайымен де танысты. Қазір мұнда қуаттылығы жоғары насостар арқылы су үздіксіз сорылуда.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.