«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУЖҮРЕК ЖАУЫНГЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен ғасырдың 1941-1945 жылдары аралығында болған Ұлы Отан соғысында әрбір кеңес жауынгерінің іс-әрекеті, патриоттық сезімі ерлікке пара-пар десем артық айтқандығым емес.

Мұздай қаруланған неміс фашистерінің темір құрсаулы танкілері мен жеңіліс көрмеген жендеттері Мәскеу түбіне дейін ентелеп келіп қалғанда, Қазақстанда жасақталған, құрамындағы жауынгерлер мен офицерлердің басым бөлігі қазақ ұлтының өкілдерінен тұратын генерал-майор И.В.Панфилов басқарған 316 дивизия фашистердің бетін қайтарып, танкілерін шырпыдай шағып, сағын сындырғандығы тарихтан белгілі.

Ресей саясаткерлері бұл деректі бұрмалап, неше жерден жоққа шығарғылары келгенімен, қанмен жазылған тарихты ешкім, ешқашан өшіре алмайды.

Сергеевка қаласының Сәбит Мұқанов көшесінде тұратын таныс, сыйлас ініміз Сайлау Қалиев бірде өзінің әкесі Бопаш Қалиевтің Ұлы Отан соғысына қатысқандығын, алған марапаттары да бар екендігін сөз еткен еді. Бопаш әкеміздің өзі өмірден ертерек өтсе де, артында қалдырған құжаттарға назар аударуды жөн көрдік. Менің қолымда соғыс ардагерінің үлкейтілген суреті, суреттің астында “Қалиев Бопаш Қалиұлы 28.04.1943-08.12.1945 жылдар. 1-ші Белорусь майданы, 80-ші атқыштар корпусы, 967 жеке байланыс батальоны, Польшаны, Германияны азат еткен, Бөлімше командирі, 1917-1966 жж.” деп көрсетілген.

Жауынгер небәрі 49 жыл ғана өмір сүрген. Енді Бопаш Қалиев әкеміздің өз қолымен жазып қалдырған өмірбаянына назар аударайық. 

“Мен, Қалиев Бопаш 1917 жылы Преснов ауданы, Майбалық селолық кеңесіне қарасты Талпын ауылында дүниеге келдім. Ұлтым – қазақ. Білімім – орташа, қаржы маманымын, КПСС мүшесімін. 1944 жылы  1-ші Белорусь майданының 80-ші атқыштар корпусының саяси бөлімінің шешімімен қабылдандым. 1924 жылдан 1931 жылға дейін Майбалық мектебінде тәлім-тәрбие алып, 7 сыныпты бітірдім де, 1933 жылға дейін колхозда еңбек еттім. 1933 жылдың наурызынан 1936 жылдың сәуіріне дейін Краснояр өлкесінде Филимонов сүт пен ет бағытындағы кеңшарда гуртоправ болып қызмет атқардым.

1941 жылдың желтоқсаны мен 1943 жылдың сәуір айы аралығында Преснов аудандық қаржы инспекциясында инспектор болып қызмет еттім де, армия қатарына шақырылуыма байланысты жұмыстан босатылдым. 1943 жылдың 24 сәуірінен 1945 жылдың 8-ші желтоқсанына дейін армия қатарында болдым. Байланыс батальон құрамында радиостанция бастығы болып соғысқа қатыстым. 3 мәрте жараландым. “За Отвагу”, “За боевые заслуги”, “За взятие Берлина”, “За освобождение Варшавы”, “За победу над Берлином” төсбелгілерімен марапатталғанмын. Сотталмағанмын. Партиялық сөгіс алмағанмын”, – деп, соңына өмірбаян иесі өз қолын қойыпты.

Қарап отырғанда Қызыл әскер кітапшасы, тағы да 976 жеке байланыс батальонының командирі Якубович деген майордың қолы қойылған куәлікке ерекше назар аудардым.

“Қалиев Бопашқа берілді. СЦР радиостанциясының бастығы Қалиев Бопаш байланысшылардан сынақ алу кезінде өзін білікті маман ретінде таныта білді. Сондықтан 80-ші атқыштар корпусының арнайы бұйрығымен жоғарғы санатты байланысшы атағы берілді”, – делінген. Біздің тағы бір назар аударған құжатымыз марапат қағаздары.

“Уважаемый товорищ ефрейтер Калиев Бопаш! Командование части выносит Вам искреннюю благодарность за Вашу безупречную боевую службу. В боях с немецкими захватчиками, вы показали себя верным патриотам Советской Родины и своим мужеством и отвагой прославили нашу часть. Командир войнской части п/п №4585. Майор Ефимов (қол қойған)”.  

Жоғарыда Қалиев Бопаш бірінші Белорусь майданының құрамында соғысқа қатысқандығын тілге тиек еткенбіз. Соғыс тарихына үңілсек, бірінші Белорусь майданына даңқты қолбасшылар Г.К.Жуков пен И.Коневтар басшылық жасағандығы мәлім.

Бірінші Белорусь майданының жауынгерлері “қанды қасап” аталған “Висло-Одер” операциясында ерен ерлік көрсетіп, генерал-полковник Э.Безарген басқарған екпінді армия Берлинге бірінші боп кіргенін білеміз.

Аты аталған бірінші Белорусь майданының жауынгерлері мен офицерлері: Сағадат Нұрмағанбетов, Ысқақ Ыбыраевтар Кеңес одағының батыры атағына ұсынылса, Рақымжан Қошқарбаев бірінші болып Рейхстагтың төбесіне Жеңіс туын қадаған.

80 атқыштар корпусының 967 және байланыс батальонының жауынгері Қалиев Бопашты да “қара жаяу” деуге ауыз бармайды. Оның Кеңес одағының маршалы, бас қолбасшы  И.В. Сталиннен алған алғыс хаттарына назар аударайық:

“Ефрейтор Калиев Бопаш!

Приказом Верховного Главнокомандующего Маршала Советского Союза тов. Сталин от 4 марта 1945 года. Вам объявлена благодарность за отличные боевые действия при прорыве сильно укрепленной обороны немцев восточнее города Штаргард и овладения важными узлами коммуникаций и сильными опорными пунктами немцев в Германии.

Командир части:

Гв. подполковник Гриценко”.

Бас қолбасшы И.Сталиннің атынан Қалиев Бопашқа арналған тағы да жеті алғыс хаттың бар екендігін айту парызымыз.                         

Латвияның астанасы – Рига қаласын азат етуде көрсеткен ерлік іс-әрекетінен бастап, Одер өзенінен өтіп, Штаттин, Варшава, Сохачев, Скерневице, Ханзальц, Аргенау қалаларын азат етуде көрсеткен ерлік істері ерекше аталады. Ондай іс әрекетті құрметтеу, есте сақтау – кейінгі ұрпақтың парызы.

Қойшыбай ШӘНИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp