Осыдан жетпіс тоғыз жыл бұрын сағындырып жеткен Жеңіс көктемін тәуелсіз еліміз тағы да бұлтсыз аспан астында, бейбіт күн аясында қарсы алып отыр. Бүгінгі ұрпақ майдангерлердің жанқиярлық ерлігін тек фильмдерден көріп тамашалағанмен, 1418 күн мен түнге ұласқан соғыста етікпен қан кешкен жауынгерлермен қатар елде қалған әйелдер мен балалардың, еңбек майданындағы бас көтерер азаматтардың қосқан үлесін бағалай бермейтін сияқты.
Соғыс жылдарында “Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!” деген ұранмен еңбекке жұмылдырылғандардың қатарында негізінен әйелдер мен бұғанасы қатпаған балалар болғаны белгілі. Сол зарлы күндерді балғын балалықтың қызығын да жарытып көре алмай, ауылдағы ауыр жұмыспен өткерген ақын, марқұм Мүталлап Қанғожин:
“Соғыс жылы балдырған баламын да,
Көруге оны жазбапты таланымда.
Өгіз бақтым, соқа айдап, ерте есейіп,
Кеткеніме кейде таң қаламын да”, – деп зұлмат жылдарда жас құрақтай жайқалып өсер шақтағы ұрпақтың басына түскен қасіретті бір шумақ өлең жолдарымен суреттеген екен.
Осы жылдың бірінші ақпанындағы деректерге сүйенсек, облысымызда 3409 тыл еңбеккерлері болыпты. Уақыт өте майдангерлермен қатар тыл еңбеккерлерінің де қатары сирегені жанға батады. Елмен бірге сұм соғыс салған ауыртпалықты қайыспай көтеріскен сол жылдардағы балалардың біразы өмірден өтсе де, олардың тылдағы ерліктері тарих бетінде сайрап жатыр.
Бірер мысал ғана келтірейін. Бұрынғы Булаев, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданындағы Қоскөл ауылының тумасы – Меруерт Жақина отбасындағы тоғыз баланың ішіндегі кенжесі екен. Соғыс басталғанда жергілікті басшылар оны Қарағандыдағы фабрика-зауыт мектебіне (ФЗО) жібереді. Кейін жас қыз көмір шахтасындағы ауыр жұмысқа тартылып, елге 1945 жылы оралады. Мұндай жанқиярлық бүгінгі өскелең ұрпаққа өнеге боларлық өмір ғибраты емес пе?!
Есіл ауданының Алқа ауылында 1928 жылы дүниеге келген Майнұр Смағұлова ел басына күн туғанда жетінші сыныпты жаңа аяқтаған еді. Майданға кеткен ауыл азаматтарының ізін басқан ол ұжымшар жұмысына білек сыбана кірісіп, өгізбен жер жырту, су тасымалдау сияқты қыз балаға ауыр тиетін ұшы-қиыры жоқ шаруаны сыр бермей атқарған.
Осы аудандағы Жаңалық ұжымшарының төрағасы Төлеген Темірбаев майданға көмек ретінде өзі жинаған 130 мың сомды танк жасауға аударған. Алыстағы қазақ ауылындағы азаматтың өршіл рухына риза болған Иосиф Сталин 1944 жылғы ақпанда Төлеген Темірбаевқа алғысын білдіріп, жеделхат жібереді.
Тарихтан белгілі, 1941 жылдың аяғына қарай Кеңес одағының соғыс өрті шарпыған батыс аймақтарынан Петропавл қаласына жиырмадан аса әскери мақсаттағы кәсіпорындар көшірілген болатын. Жаңа орында аса қауырт жағдайда темір жолмен жеткізілген құрал-жабдықтарды орналастырып, құрастыру, жаңа инженерлік-техникалық мамандықтарды игеріп, кәсіпорындарды қысқа мерзімде майдан сұранысына бейімдеп іске қосудың негізгі салмағы жергілікті жұмысшылардың иығына түсті. Көптеген жерлестеріміз үшін бұл – жаңа саланы игеру мүмкіндігі ғана емес, еңбекпен шыңдалу мектебі де болды. Сол жылдары кәсіпорындарда бел жазбай еңбек етіп, жеңіс үшін тер төккен жасөспірімдер кейін абырой биігіне көтерілді.
Солардың бірі – Шал ақын ауданындағы Новопокровка ауылының тумасы Степан Федорович Башкиров облыс орталығына көшірілген атқарушы механизмдер кәсіпорынында еңбек жолын бастады. Тылда қалдырылатындардың тізімінде болса да өзі сұранып майданға аттанған ол соғыстан кейін зауытқа қайтып оралды.
Есімі ел аузында жүрген жерлесіміз Жасұлан Құдабаев өмірден өтсе де облыс тарихында кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық азаматтық қолтаңбасын қалдырып кетті. Соғыс басталғанда он бір жасқа жаңа толған ауыл баласы өзі туған Жамбыл ауданының Орталық ауылында ересектермен иық түйістіре еңбекке араласып, ерте есейді. Фашистер ордасы күйреп, Рейхстаг төбесіне жеңіс туы тігілгеннен кейін талапты жеткіншек Петропавл ауыл шаруашылығы техникумын тамамдап, агроном мамандығын алды да, осы салада жауапты қызметтер атқарды. Еңбегімен мерейге бөленген ол “Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген агрономы” атағын алып, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері атанды.
Соғыс кезіндегі ауыр еңбектің от-жалынында шыңдалып өскен Жасұлан Құдабаев ағамыз ұзақ жыл Петропавл ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. Жаны жайсаң, көңілі жомарт жан айналасындағыларға жылулық нұрын шашып тұрушы еді. Бұл тегінде соғыс ауыртпалығын шыдамдылықпен көтеріп, жеңіске деген сеніммен жігерленіп өскен соғыс жылдарының ұрпағына тән қасиет болар.
Айта кетерлігі, кәмелет жасына толмаса да, майдандағы жауынгерлердің ерлігімен пара-пар өршілдік танытып, ел алғысына бөленген сол жылдардың балалары ерте есейіп, табандылығымен өрге көтерілді, атақ-қумаса да, қажырлы еңбегінің арқасында мәртебелі мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Мысалы, 1943 жылы он бес жасынан бастап Баян ұжымшарында еңбекке араласқан Құрманғали Сұрағанов уақыт өте озат комбайншы ретінде елге танылып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Соғыстың отты жылдарында Теміртау металлургиялық зауыты құрылысына қатысып, кейін туған өңірінде ауыл шаруашылығын өркендеткен Социалистік Еңбек Ері, Есіл ауданындағы Бірлік ауылының тумасы Байман Тұрғынов та – қиын сындардан сүрінбей өткен бірегей тұлға.
Жеңіс үшін аянбай тер төккен тыл еңбеккерлерінің басым көпшілігі облыс орталығында тұрып жатыр. Оларға әлеуметтік қызметкерлер және облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы еріктілер тобы көмек көрсетіп тұрады. Алайда бүгінгі қоғамда олар жан жылуына мұқтаж.
Сұрапыл соғыста бейбіт күннің тұғырын қалаған отты жылдар ұрпағына қамқорлық танытып, құрмет білдіру – әр азаматтың парызы деп білемін.
Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.