Музыкаға бейжай қарайтын адам әсте жоқ шығар. Бесік жырынан алғашқы тәрбие алып, қуанышын да, қайғысын да әнге қосатын халқымыз үшін оның орны ерек. Бұдан бөлек, қажет болғанда музыканың рухты жанып, жігерлендіретін қасиеті де бары белгілі. 7 мамыр – Отан қорғаушы күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясы жанындағы әскери оркестрдің дирижері Азамат Бекеновті әңгімеге тартып, әскери оркестр жұмысының ерекшелігін сұрап білген едік.
Азамат Маратұлы Бекенов әскери дирижерлер даярлауға мамандандырылған әлемдегі жалғыз жоғары білім ордасы – әскери дирижерлер даярлайтын Мәскеу институтының түлегі. Қостанай облысының тумасы оқу орнын бітіргеннен кейін жолдамамен Петропавлдағы академия жанындағы әскери оркестрге дирижер болып жұмысқа орналасқан.
“Анам мені музыкалық мектептің фортепиано сыныбына берді. Ол кезде музыкант боламын деген ой болған жоқ. Музыкадан бөлек спортпен айналыстым. Мектепті бітіргеннен кейін мамандық таңдау керек болды. Музыкалық колледжге барамын деп шештім. Көрші пәтерде Константин Рафкатович Арсланов деген әскери дирижер тұратын, сол кісі өзі дәріс оқитын үрмелі аспаптар бөлімшесіне шақырды. Сол жерде валторна аспабымен таныстым. Колледжден кейін Астанадағы Қазақ ұлттық музыкалық академиясына оқуға түстім. Білім алып жүріп, ішкі әскердің 5570 әскери бөлімінде Орталық әскери оркестрде қызмет еттім. Мәскеудегі әскери дирижерлер даярлайтын институтқа түсуіме оркестрдегі бас әскери дирижер Асхат Мұхамедияровтың септігі көп тиді”, – дейді оркестр дирижері.
Азамат Бекеновтің Гиннес рекордтар кітабына енген рекордсмен екенін екінің бірі біле бермейді. Ол Мәскеуде оқып жүргенде ерекше жобаны қолға алған. Басшылықтың тапсырмасы бойынша үрмелі аспаптар оркестрі бірнеше сағат бойы үзіліссіз өнер көрсетуі керек болыпты. Ал бұл – оңай шаруа емес. Үрмелі аспаптарға арналған шығармалардан құралған бағдарлама дайындалып, оны оркестр мамандары 6 сағат бойы орындаған. “Қателеспесем мамыр айы болатын, күн суық. Әр шығармадан кейін келесі нөмірді хабарлаған кезде 15 секунд демалып отырдық. 3 сағат ойнағаннан кейін 10 минутқа үзіліс жарияланып, кейін тағы 3 сағат тоқтаусыз ойнап шықтық. Осылайша ең ұзақ ойналған шығарма аталымы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына ендік”, – дейді музыкант.
Азамат Бекенов еңбек ететін әскери оркестр – облыстағы жетекші шығармашылық ұжымдардың бірі. 1997 жылы құрылған оркестрде қазір 25 адам бар. Музыканттар ант қабылдау рәсімінде, әскери парадтарда, митингілерде, әскери-саптық рәсімдерде өнер көрсетеді. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде оркестрдің атқарар маңызы зор.
“Мұндай оркестрлерге тек кәсіби музыканттар ғана қабылданады. Әскери-үрмелі оркестрдің міндеті – әскери рәсімді қамтамасыз ету. Ол әдетте далада жүзеге асады. Яғни күннің суықтығына, жауынға, ыстыққа қарамай ойнау қажет. Әскери үрмелі оркестр концерттік бағдарламаларға да қатысады. Тағы бір ерекшелігі – қызметтік-саптық репертуарларды нотаға қарамай ойнайды. Жалпы біздің оркестр кез келген шығарманы орындай алады. Бұл – әскери-үрмелі және симфониялық оркестрлерге ғана тән. Үрмелі аспапта ойнайтындардың көпшілігі әскери оркестрге келуге жүрексінеді, өйткені талап қатал және далада ойнау керек”, – дейді оркестр дирижері.
Оркестр ұжымы үлкен, орташа, кішкентай болуы мүмкін. Дирижердің міндеті – басқарып қана қоймай, музыканттың қателесуіне жол бермеу, шығарманың таза орындалуын қамтамасыз ету. Кейіпкеріміз ол үшін музыкалық түйсік болуы шарт екенін жеткізді. Репертуарды таңдайтын да дирижер.
“Мен Астанада Жеңіс күніне, Конституция күніне орай өткен, Президентті ұлықтау салтанатында, Мәскеуде өткен парадта өнер көрсеттім. Музыканттарға мұндай іс-шараларға қатысу жеңілге соқпайды. Біріншіден орындалатын шығармаларды жатқа және қайсысынан кейін қай марш орындалатынын білуің керек, нотаға қарап ойнауға мүмкіндік жоқ. Ерін аппараты – амбюшур жаттыққан болуы маңызды”, – дейді Азамат Бекенов.
Үрмелі аспаптар оркестрінің музыканттары ерін аппараты формада болуы үшін күнделікті жаттығуы керек. Сондықтан да күніне кем дегенде 6 сағат дайындалады. Бұдан басқа тәжірибе алмасу, шеберлікті шыңдау мақсатында түрлі байқауларға да қатысып тұрады. “2012 жылдан бастап Ұлттық ұлан әскери үрмелі аспаптар оркестрлері арасында “Әскери керней” атты байқау ұйымдастырылды. Қазір ол халықаралық фестиваль мәртебесіне ие. Оған Ресейден, Қытайдан өнерпаздар қатысады. Академияның әскери оркестрі де бұл фестивальге бірнеше рет қатысып, бағын сынады, жүлдегер атанды. Сондай-ақ “Астана самалы” республикалық фестивалі, Қостанайда ұйымдастырылған “Jazz Bomond” халықаралық фестивалі сияқты бірқатар іс-шараларға қатысып, өнерлерін шыңдап жүр”, – дейді дирижер.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.