«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Саяжай иелері төлем алады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда су тасқыны ке­зінде 34 бау-бақша қоғамдас­тығы су астында қалды. Енді учаскелерінде үйлері бар сая­жай иелеріне біржолғы төлем берілмек. Зардап шеккендер 370 мың теңге төлем алады.

Петропавл тұрғыны Ирина Купинаның “Звездочка” бау-бақша қоғамдастығында саяжай учаскесі бар. Биыл ол суға кетті. Тасқын учаскеде тұрған екі қа­батты үйдің екінші қабатына дейін көтерілген.

“2017 жылы су тасқыны бол­ғанда үйімізге кірген судың биік­тігі 1,5 метрге дейін жеткен еді. Теледидар, тоңазытқышымыз, үйдегі жиһаздың барлығы жа­рам­сыз болып қалды. Бұл жолы құтқарушылар үлкен судың келе жатқанын алдын ала ескертті. Бірақ дәл мұнша көтеріледі деп ойлаған жоқпыз. Заттарды екінші қабатқа шығардық. Бірақ су оларды да басып қалды”, – дейді ол.

Саяжай учаскесі әлі суда тұр. Иринаның айтуынша, осы­дан жеті жыл бұрынғы су тасқы­ны кезінде жеміс ағаштары, көпжылдық гүлдер, жи­дектер – бәрі шіріп кеткен.

“Сол жылғы тасқыннан кейін бау-бақша жұмысымен айна­лыс­паймын деп шешіп едім. Бірақ үйде қол қусырып отыра алмадым. Былтырлары сая­жайға жаңадан жеміс ағашта­рын, шыршалар, гортензия гүл­дерін әкеліп отырғызғанмын. Шығын шаш-етектен. Әкімдіктің аз да болса шығынымызды өтейтінін естіп, көңіліміз көте­рілді”, – дейді Ирина Купина.

Облыстық төтенше жағдай­лар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петро­павлда 6597 саяжай учаскесі су астында қалған, оның 700-ден астамы иесіз. Біржолғы көмекті саяжай учаскесінде үйі бар 3031 тұрғын алады.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp