Жақында Петропавлда қазақ күресінен “Қызылжар барысы” облыстық турнирі өткен болатын. Дәстүрлі жарысқа өңір аудандары мен облыс орталығынан барлығы 32 балуан қатысты. Сайыс ережесіне сәйкес, бұл сынның финалына шыққан екі спортшы елордада ұйымдастырылатын “Қазақстан барысы” додасында өңір намысын қорғауға мүмкіндік алады. Биыл бәсекенің республикалық кезеңіне қатысу жолдамасын Алтынбек Аусағитов пен Әділет Мырзаш иеленді. Соңғысы алғаш рет ересектер арасындағы аламанға қатысып отыр. Жарыстан кейін жас балуанмен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Әділет, биыл сен бірінші рет “Қызылжар барысына” қатысып, бірден республикалық кезеңге өттің. Жұрт бұл қай бала екен деп танымай жатқан жайы бар. Оқырмандарымызға өзіңді таныстырып өтсең.
– Биыл жасым 18-ге толып, алғаш рет “Қызылжар барысы” жарысында бағымды сынап көруді ұйғардым. Алғашқы қадамым сәтті болған сияқты. Мен спортпен сегіз жасымнан бері айналысып келемін. Қызылжар ауданы, Бескөл ауылының тумасымын. Мектеп жасынан балуандық өнерге әуеспін. Адам өмір бойы спортпен айналыса алмайды ғой. Сондықтан көздеген мақсаттарыма қол жеткізгеннен кейін жаттықтырушы болғым келеді. Білгенімді өскелең ұрпаққа үйретуге тырысатын боламын.
Қазақ күресіне келмес бұрын дзюдомен айналыса бастадым. Бұл спорт түрінен жасөспірімдер арасында Азия кубогында жеңіске жеттім. Әлі де республикалық және халықаралық додаларға қатысып жүрмін. Спорттың екі түрінен де жарыстардан қалыс қалмауға тырысамын.
Қазіргі уақытта өзіміздің ұлттық спортқа қолдау жақсы. Мұнда да жоғары белестерге қол жеткізуге барымды салудамын.
– “Қызылжар барысы” жарысына қалай дайындалдың?
– Өткен жылы республикалық “Жас барыс” турниріне қатысқанмын. Онда үшінші орынға қол жеткіздім. Кейін бапкерлерім ересектер арасында бағыңды сынап көруің керек деген кеңестерін берді. Дайындықты облыстық спортта дарынды балалар мен жасөспірімдерге арналған мектеп-колледж-интернатында жүргіздім. Білікті жаттықтырушылар Әділ Әбдірахманов пен Нұрлан Ерғазыұлының қол астында шеберлігімді шыңдап жүрмін. Биыл “Қызылжар барысының” финалында күрестім және республикалық сынға жолдама жеңіп алдым. Бұл – мен үшін үлкен жетістік.
– Облыстық жарыс жайлы пікіріңмен бөліссең. Қарсыластарыңның деңгейі қалай болды?
– Қызылжар ауданының тумасы болған соң жарысқа туған ауылымның атынан қатысуға бел байладым. Алдымен аудандық кезеңде жеңіске жеттім. Кейін облыстық “Қызылжар барысы”-на жолдама ұтып алдым. Әрине, ересектер арасындағы алғашқы жарысым болғандықтан қорқыныш та, қобалжу да болды. Десе де бірінші белдесуден соң бойымдағы үрей сейілді.
“Қызылжар барысы” турнирінде бес белдесу өткіздім. Бұл жарыста осал қарсылас болған жоқ. Әрқайсысымен тең дәрежеде күресіп, нәтижесінде ақтық сынға өттім. Финалда Уәлиханов ауданының атынан қатысып жүрген Алтынбек Аусағитовпен жолықтым. Әлем кубогының жеңімпазымен белдесу оңай болған жоқ. Ол өте мықты балуан екені белгілі. Жыл сайын “Қазақстан барысы” додасына қатысып, тәжірибесі де толысқаны көрініп тұр. Өкінішке қарай, жеңіліп қалдым. Бірақ екінші орын – мен үшін жеңіспен тең. Бұл жарыстан соң қателіктермен жұмыс істеп, елордаға бұдан да мықты болып барамын деп ойлаймын.
– Болашақта жаттықтырушы болғың келетінін айтып қалдың, соған қарағанда осы салада білім алып жатқан сияқтысың ғой?
– Қазіргі уақытта М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде жаттықтырушы мамандығы бойынша оқып жүрмін. Спортта діттеген мақсаттарыма жеткен соң өмірімді шәкірт тәрбиелеуге арнамақ ойым бар. Оған дейін дзюдодан Олимпиадаға қатысқым келеді. Қазақ күресінен халықаралық додаларда бақ сынап, жүлдегерлер қатарынан көрінсем деймін.
– Сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.