Белсенді жастар Жеңіс саябағын қоқыстан тазартты. “Таза Қазақстан” акциясы аясында өткен “Күшіміз – бірлікте” челленджіне облыс орталығында тұратын 30 жас үн қосып, игі іске атсалысты.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж бен Назарбаев зияткерлік мектебінің, Жастар ресурстық орталығының еріктілері бірігіп, саябақ маңын абаттандырып, қоқыстан тазартты. Мұндай шара облыс аудандарында да өтіп, оған барлығы 160 адам қатысты.
– Мен жақында ғана ерікті атандым. Осыған дейін біз қаланың орталық көшелерін тазартуға қатыстық. Бүгін Жеңіс саябағында жұмыс істеп жатырмыз. Біздің мектептен 4 оқушы келді. Ерікті болған өзіме ұнайды. Осылайша мен қаламыздың гүлденуіне атсалысып келемін, – дейді 8 сынып оқушысы Әлім Тілеужан.
Саябақтағы сенбіліктен бөлек Жастар ресурстық орталығының еріктілері 92 жастағы тыл еңбеккері Салтай Ғалиеваның үйіне барып, ауласын абаттандырды. Еріктілер мұндай сенбіліктер мен абаттандыру жұмыстарына мамыр айының соңына дейін атсалысады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.