Мамлют ауданы, Меңкесер ауылында органикалық тыңайтқыш шығаратын шағын кәсіпорын жұмысын бастады. Мұнда малдың қиы енді қоқысқа төгілмей, пайдаға жаратылмақ.
“Мәмбетов және К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі егін егіп, мал өсірумен айналысады. Енді шаруашылық малдың қиын егіншілікте қолданбақ. Жоба – “Ірі қара малдың қиын сепарациялау” деп аталады. Түліктің қиы азот, фосфор және калий секілді химиялық элементтерге бай. Табиғи тыңайтқыш қолданылған жерден екі есе мол өнім алуға болады екен.
Технология Түркия елінікі, кәсіпкер қажетті қондырғыны 150 млн. теңгеге сатып алған. Қазір ол тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Техниканы қашықтан басқаруға да болады.
“Бізге осындай жобаны жүзеге асыру туралы ой 2 жыл бұрын келген. Осы аралықта технологиямен таныстық. Қажетті ақпарат жинадық. Бүгін соның нәтижесін көрудеміз. Бұл – 100 пайыз табиғи өнім. Ешқандай химиялық қоспа болмайды. Алдымен өзіміздің егістіктерде топырақты құнарландыру үшін пайдаланамыз”, – дейді серіктестіктің бас директоры Ойрат Нұрмағамбет.
Қондырғыны жеткізуші компания өкілдері шаруашылыққа арнайы келіп, техниканы орнатып берген. Айтуларынша, малдың қиы 100 пайыз өңдеуден өтеді. Бұл – экологиялық жағынан өте тиімді жоба.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.