Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивімен бірлесіп, халық қаһармандары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейтойларына арнап “Батырларға тағзым” атты ғылыми-танымдық кеш ұйымдастырды.
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында өмірге келген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Түркіменстанның Кушка қаласындағы әскери училищеге жіберілді. 1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі жауынгерлік тапсырманы ержүректілікпен орындап, көрсеткен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Осыдан соң майор Сағадат Нұрмағамбетовтің батальоны рейхсканцелярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысып, қаһарман қазақ ұланы соғысты Берлинде аяқтады.
Рақымжан Қошқарбаев – Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақтың батыр ұлы. Ол Берлин операциясы кезінде ерекше ерлік көрсеткен. Ақмола облысының Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген батыр 4 жасында ата-анасынан айырылып, балалар үйінде тәрбиеленеді.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова Отан үшін от кешкен жауынгерлердің ерліктері туралы баяндады.
– 1941-1945 жылдардағы соғысқа өңірімізден 100 мың жауынгер аттанған. Жерлестеріміздің 45 мыңы майдан даласында қаза болған. 32 мың жауынгердің есімі боздақтар кітабына енді, – деді ол.
Шара барысында театр актерлері жиналғандар назарына соғыс жылдарында жауынгерлердің ерліктерін суреттейтін қысқаша қойылымдар ұсынды.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Аяжан НҰРАХМЕТ.