«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Екінші орын — мен үшін жеңіспен тең”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында Петропавлда қазақ күресінен “Қызылжар барысы” облыстық турнирі өткен болатын. Дәстүрлі жарысқа өңір аудандары мен облыс орталығынан барлығы 32 балуан қа­тысты. Сайыс ережесіне сәйкес, бұл сынның финалына шыққан екі спорт­шы елордада ұйым­дастырылатын “Қазақстан барысы” додасында өңір намысын қорғауға мүмкіндік ала­­ды. Биыл бәсекенің республикалық кезеңіне қатысу жолдамасын Ал­тын­бек Аусағитов пен Әділет Мырзаш иеленді. Соңғысы алғаш рет ересектер арасын­дағы аламанға қатысып отыр. Жарыстан кейін жас балуанмен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Әділет, биыл сен бірінші рет “Қызылжар барысына” қатысып, бірден республика­лық кезеңге өттің. Жұрт бұл қай бала екен деп танымай жатқан жайы бар. Оқырмандарымызға өзіңді танысты­рып өтсең.

– Биыл жасым 18-ге толып, алғаш рет “Қызылжар барысы” жарысында бағымды сынап кө­руді ұйғардым. Алғашқы қада­мым сәтті болған сияқты. Мен спортпен сегіз жасымнан бері айналысып келемін. Қызылжар ауданы, Бескөл ауылының тума­сымын. Мектеп жасынан ба­луандық өнерге әуеспін. Адам өмір бойы спортпен айналыса алмайды ғой. Сондықтан көздеген мақсаттарыма қол жеткіз­геннен кейін жаттықтырушы бол­ғым келеді. Білгенімді өскелең ұрпаққа үйретуге тырысатын боламын.

Қазақ күресіне келмес бұ­рын дзюдомен айналыса баста­дым. Бұл спорт түрінен жасөспі­рім­дер арасында Азия кубогын­да жеңіске жеттім. Әлі де рес­публикалық және халықаралық додаларға қатысып жүрмін. Спорттың екі түрінен де жарыс­тардан қалыс қалмауға тырысамын.

Қазіргі уақытта өзіміздің ұлт­тық спортқа қолдау жақсы. Мұнда да жоғары белестерге қол жеткізуге барымды салудамын.

– “Қызылжар барысы” жарысына қалай дайындал­дың?

– Өткен жылы республика­лық “Жас барыс” турниріне қа­тысқанмын. Онда үшінші орынға қол жеткіздім. Кейін бапкер­лерім ересектер арасында ба­ғыңды сынап көруің керек деген кеңестерін берді. Дайындықты облыстық спортта дарынды балалар мен жасөспірімдерге ар­налған мектеп-колледж-интернатында жүргіздім. Білікті жат­тықтырушылар Әділ Әбдірах­манов пен Нұрлан Ерғазыұлының қол астында шеберлігімді шыңдап жүрмін. Биыл “Қызыл­жар барысының” финалында кү­рестім және республикалық сынға жолдама жеңіп алдым. Бұл – мен үшін үлкен жетістік.

– Облыстық жарыс жайлы пікіріңмен бөліссең. Қарсы­лас­тарыңның деңгейі қалай болды?

– Қызылжар ауданының ту­масы болған соң жарысқа туған ауылымның атынан қатысуға бел байладым. Алдымен аудан­дық кезеңде жеңіске жеттім. Кейін облыстық “Қызылжар ба­ры­сы”-на жолдама ұтып алдым. Әрине, ересектер арасындағы алғашқы жарысым болған­дықтан қорқыныш та, қобалжу да болды. Десе де бірінші белдесу­ден соң бойымдағы үрей сейілді.

“Қызылжар барысы” турнирінде бес белдесу өткіздім. Бұл жарыста осал қарсылас болған жоқ. Әрқайсысымен тең дәре­жеде күресіп, нәтижесінде ақ­тық сынға өттім. Финалда Уәли­ханов ауданының атынан қаты­сып жүрген Алтынбек Аусағи­товпен жолықтым. Әлем кубо­гының жеңімпазымен белдесу оңай болған жоқ. Ол өте мықты балуан екені белгілі. Жыл сайын “Қазақстан барысы” до­дасына қатысып, тәжірибесі де толысқаны көрініп тұр. Өкінішке қарай, жеңіліп қалдым. Бірақ екінші орын – мен үшін жеңіспен тең. Бұл жарыстан соң қателіктермен жұмыс істеп, елордаға бұдан да мықты болып барамын деп ойлаймын.

– Болашақта жаттықты­рушы болғың келетінін айтып қалдың, соған қарағанда осы салада білім алып жатқан сияқтысың ғой?

– Қазіргі уақытта М.Қозы­баев атындағы Солтүстік Қа­зақстан университетінде жат­тықтырушы мамандығы бойын­ша оқып жүрмін. Спортта дітте­ген мақсаттарыма жеткен соң өмірімді шәкірт тәрбиелеуге арнамақ ойым бар. Оған дейін дзюдодан Олимпиадаға қатыс­қым келеді. Қазақ күресінен халықаралық додаларда бақ сынап, жүлдегерлер қатарынан көрінсем деймін.

– Сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp