Қазақстанда мамыр айының екінші жексенбісі Аналар күні ретінде аталып өтіледі. Ел аналары жайлы қызықты деректер кітапхана қорындағы “Ұлы даланың дана тұлғалары” сериясымен жарық көрген “Қазақ тарихындағы әйелдер” атты кітапқа топтастырылған.
Әрине, көш басында қазақ тарихындағы әулие деп саналған алғашқы әйел адам – Ұмай ана тұр. Ертеде қазақтар қыздарын ұзатқанда, неке қиғызу рәсімінде Ұмай анаға жалбарынып, одан медет тілегені мәлім. Сонымен қатар кітапта Мөде мен Еділ патшалармен есімі қатар аталатын Тұмар патшайым, Тұмардан кейін өмір сүрген, кейбір деректерде есімі Сара деп көрсетілген. Біздің заманымыздан бұрынғы IV ғасырдың аяғы мен V ғасырдың басында ел билеген, тарихта қалған сақ әйелдерінің бірі – Зарина патшайым, көрнекті тарихи тұлғалардың жұбайлары, өз заманының ең әйгілі әйелдерінің бірі Жәңгір ханның жары – Фатима ханшайым, әкелері мен ағаларымен бірге жоңғарларға қарсы күрескен Абылай ханның қызы – Айтолқын, Қарасай батырдың қызы – Есенбике, атақты Бұланбай батырдың қызы – Айбике, Қаракерей Қабанбайдың жанжары, кейін өзі ана болып, үлкен қызы Назымды соғысқа жіберген Гауһар батыр сияқты ержүрек аналар туралы мәліметтер қамтылған.
Кітапқа 92 адам туралы мәліметтер кірген. Ең соңында қарапайым халыққа, кедей кепшікке көмектесіп, малы жоқтарға мал беріп, үйі жоқтарға баспана салғызып, ауыл балаларын медреседе оқытқан, жұрт “Ел анасы” деп атап кеткен Ұлпанның өмірімен танысуға болады. Ақылымен, өнерімен, мейірбандылығымен ел сүйіспеншілігіне бөленген аналардың жарқын бейнесі қыз-келіншектерге әрқашанда үлгі болып қала бермек. Аталған жинақты кітапхана қорынан алып оқуға болады.
Лаззат ЕРҒОЖИНА,
қалалық №2 кітапхананың меңгерушісі.