Мемлекет басшысының тапсырмасына орай биыл өңірде 6,3 мың гектар аумаққа 39 млн.-ға жуық көшет отырғызу жоспарланған.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, өңірдің орман қоры 549,5 мың гектар аумақты алып жатыр, оның 415,5 мың гектары – орманды алқап. Өңірімізде 20 мың гектар аумаққа 100 млн. жасыл желек отырғызылуы керек.
“2021-2025 жылдарға арналған ормандарды молайту және орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспары әзірленді. 2021-2023 жылдары 28,2 млн. көшет отырғызылды, бұл – жоспардың 28 пайызы. Жалпы 2023 жылы республика бойынша Солтүстік Қазақстан облысынан бөлек 6 өңір жоспарды орындамаған. Біздің өңір бойынша жоспардың орындалмауының себебі – көшеттерді отырғызу материалының жетіспеушілігі”, – дейді басқарма басшысы Бейбіт Исманов.
2021 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде жергілікті бюджеттен ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізу үшін мамандандырылған техника мен жабдықтар сатып алуға 463 млн. теңге жұмсалған. Биыл питомниктерді кеңейтуге және жұмысын қамтамасыз етуге, арнайы техника, тұқым сатып алуға жергілікті бюджеттен 2 млрд. 240 млн. теңге бөлінбек. Қазірдің өзінде 152 млн. теңгеге 12 ағаш отырғызу машинасы және 2 өрт сөндіру көлігі сатып алынды. Кешенді жоспарға сәйкес биыл 6 350 гектарға 38,7 млн. көшет отырғызылуы керек. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7 есеге көп. 2025 жылы 7 мың гектар алқапқа 45 млн. көшет отырғызу жоспарланған. Қазіргі уақытта облыстың орман иелері уақытша орман питомниктерінде отырғызу материалын қазып дайындап жатыр.
Күн жылынғалы орманшылар 394 гектар жерге 2,3 млн. көшет отырғызған. Көшетпен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін былтыр Аққайың орман шаруашылығында ауданы 30 гектар орман питомнигін ұйымдастыру бойынша жобалық-сметалық құжат әзірлеуге 20 млн. теңге бөлінді.
“Бұл питомникті ұйымдастыруға шамамен 400 млн. теңге қажет. Нәтижесінде ол жыл сайын 10 млн. көшет беретін болады. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған питомниктерді кеңейту жоспарланған. Қажетті керек-жарақты сатып алуға, ұңғыма қазуға қаражат бөлінді. Бұл жыл сайын 20 млн. жуық көшет алуға мүмкіндік береді”, – дейді Бейбіт Исманов.
Өрт қауіпсіздігі де орманшылардың назарында. Наурызда орман шаруашылықтарына комиссиялық тексеріс жүргізіліп, олардың өрт қаупі жоғары кезеңге дайындығын тексерді. Бұл салада шешімін күткен мәселе аз емес. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, әкімдіктің қарамағында 12 орман шаруашылығы мекемесі және “Красный бор” жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту жөніндегі мекеме бар. Орман мекемелерінің міндеті – орманды молайту, орман қорын өрттен, зиянкестерден, аурулардан қорғау.
“Былтыр орман қорына қауіп төндіретін 169 өрт тіркелді, оның 24-і орман өртіне ұласып, 78,7 гектар аумаққа зақым келді, келген шығын – 15 млн. теңгеге жуық. Өртпен күресу үшін Ресейдің шекаралас облыстарымен келісімдер жасалды. Соңғы 3 жылда орман иеленушілер жергілікті бюджеттен бөлінген 644 млн. теңгеге 65 арнайы техника – 22 трактор, 35 патрульдік автомашина, 10 тіркемелі өрт модулін сатып алдық. Биыл 338 млн. теңге бөлінді, оған 2 өрт сөндіру машинасын, 8 трактор, 12 квадрокоптер және 36 ағаш отырғызу машинасын алуды жоспарладық”, – дейді Бейбіт Исманов.
Қазіргі уақытта орман шаруашылықтарындағы өрт сөндіру машиналарының 44 пайызының және тракторлардың 40 пайызының пайдалану мерзімі 15 жылдан асып кеткен. Басқарма басшысының айтуынша, орман шаруашылықтарында бар өрт сөндіру стансалары ескірген, бейімделген ғимараттарда орналасқан және талаптарға сай келмейді.
“2022 жылы жергілікті бюджеттен 20 млн. теңге бөлініп, Петропавлдағы “Қызылжар” және Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Булаевское” орман шаруашылықтарында жаңа өрт сөндіру стансаларының жобалық-сметалық құжаты әзірленді. Екеуінің құрылысына 600 млн. теңгеден астам қаражат керек болды. Ал жалпы орман қорында өрт ошақтарын ерте анықтау үшін қазір 16 интерактивті бейнебақылау жүйесі, 3 дрон қолданылады. Облыстық әкімдіктің қолдауының арқасында орман мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыру 87 пайызды құрап отыр. Бұл – республика бойынша ең үздік көрсеткіштердің бірі”, – дейді Бейбіт Исманов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.