«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көшет отырғызу – көптің ісі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай биыл өңір­де 6,3 мың гектар аумаққа 39 млн.-ға жуық көшет отырғызу жоспарланған.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды рет­теу басқармасының мәліметін­ше, өңірдің орман қоры 549,5 мың гектар аумақты алып жатыр, оның 415,5 мың гектары – ор­манды алқап. Өңірімізде 20 мың гектар аумаққа 100 млн. жасыл желек отырғызылуы керек.

“2021-2025 жылдарға арнал­ған ормандарды молайту және орман өсіру көлемін ұлғай­тудың кешенді жоспары әзірлен­ді. 2021-2023 жылдары 28,2 млн. көшет отырғызылды, бұл – жоспардың 28 пайызы. Жалпы 2023 жылы республика бойынша Солтүстік Қазақстан об­лысынан бөлек 6 өңір жоспарды орындамаған. Біздің өңір бойын­ша жоспардың орындалмауы­ның себебі – көшеттерді отыр­ғызу материалының жетіспеуші­лігі”, – дейді басқарма басшысы Бейбіт Исманов.

2021 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде жергілікті бюд­жеттен ағаш отырғызу жұмыс­тарын жүргізу үшін маманданды­рылған техника мен жабдықтар сатып алуға 463 млн. теңге жұм­салған. Биыл питомниктерді ке­ңейтуге және жұмысын қамтама­сыз етуге, арнайы техника, тұ­қым сатып алуға жергілікті бюд­жеттен 2 млрд. 240 млн. теңге бө­лінбек. Қазірдің өзінде 152 млн. теңгеге 12 ағаш отырғызу маши­на­сы және 2 өрт сөндіру көлігі сатып алынды. Кешенді жос­пар­ға сәйкес биыл 6 350 гектарға 38,7 млн. көшет отырғызы­луы керек. Бұл 2021 жылмен са­лыстырғанда 7 есеге көп. 2025 жылы 7 мың гектар алқапқа 45 млн. көшет отырғызу жос­пар­ланған. Қазіргі уақытта об­лыс­тың орман иелері уақытша ор­ман питомниктерінде отырғы­зу материалын қазып дайындап жатыр.

Күн жылынғалы орманшы­лар 394 гектар жерге 2,3 млн. көшет отырғызған. Көшет­пен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін былтыр Аққайың ор­ман шаруашылығында ауданы 30 гектар орман питомнигін ұйымдастыру бойынша жоба­лық-сметалық құжат әзірлеуге 20 млн. теңге бөлінді.

“Бұл питомникті ұйым­дас­ты­руға шамамен 400 млн. теңге қа­жет. Нәтижесінде ол жыл сайын 10 млн. көшет беретін болады. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған пи­томниктерді кеңейту жоспарлан­ған. Қажетті керек-жарақты са­тып алуға, ұңғыма қазуға қаражат бөлінді. Бұл жыл сайын 20 млн. жуық көшет алуға мүм­кіндік береді”, – дейді Бейбіт Ис­манов.

Өрт қауіпсіздігі де орманшы­лар­дың назарында. Наурызда орман шаруашылықтарына ко­мис­сиялық тексеріс жүргізіліп, олардың өрт қаупі жоғары ке­зеңге дайындығын тексерді. Бұл салада шешімін күткен мәселе аз емес. Облыстық табиғи ре­сурстар және табиғат пайдала­нуды реттеу басқармасының мә­ліметінше, әкімдіктің қарамағын­да 12 орман шаруашылығы ме­ке­месі және “Красный бор” жа­нуарлар дүниесін қорғау және өсі­мін молайту жөніндегі мекеме бар. Орман мекемелерінің мін­деті – орманды молайту, ор­ман қорын өрттен, зиянкестер­ден, аурулардан қорғау.

“Былтыр орман қорына қауіп төндіретін 169 өрт тіркелді, оның 24-і орман өртіне ұласып, 78,7 гек­тар аумаққа зақым келді, кел­ген шығын – 15 млн. теңгеге жуық. Өртпен күресу үшін Ре­сейдің шекаралас облыстары­мен келісімдер жасалды. Соңғы 3 жылда орман иеленушілер жер­гілікті бюджеттен бөлінген 644 млн. теңгеге 65 арнайы техника – 22 трактор, 35 патрульдік авто­ма­шина, 10 тіркемелі өрт моду­лін сатып алдық. Биыл 338 млн. теңге бөлінді, оған 2 өрт сөндіру машинасын, 8 трактор, 12 квад­рокоптер және 36 ағаш отырғызу машинасын алуды жос­парладық”, – дейді Бейбіт Исма­нов.

Қазіргі уақытта орман шаруа­шылықтарындағы өрт сөндіру ма­шиналарының 44 пайызының және тракторлардың 40 пайызы­ның пайдалану мерзімі 15 жылдан асып кеткен. Басқарма бас­шы­с­ының айтуынша, орман ша­руашылықтарында бар өрт сөн­діру стансалары ескірген, бейім­делген ғимараттарда орналас­қан және талаптарға сай кел­мейді.

“2022 жылы жергілікті бюд­жеттен 20 млн. теңге бөлініп, Пет­ропавлдағы “Қызылжар” және Мағ­жан Жұмабаев ауданындағы “Булаевское” орман шаруашы­лықтарында жаңа өрт сөндіру стансаларының жобалық-смета­лық құжаты әзірленді. Екеуінің құрылысына 600 млн. теңгеден астам қаражат керек болды. Ал жалпы орман қорында өрт ошақ­тарын ерте анықтау үшін қазір 16 интерактивті бейнебақылау жүйесі, 3 дрон қолданылады. Об­лыстық әкімдіктің қолдауының арқасында орман мекемелерін материалдық-техникалық жа­рақ­тандыру 87 пайызды құрап отыр. Бұл – республика бойын­ша ең үздік көрсеткіштердің бірі”, – дейді Бейбіт Исманов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp