Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында колледж студенттеріне арналған TED конференциясы өтті.
Шараға Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушысы Бақытжан Тұрсынов, “Сенімен болашақ” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Жанат Мұхамеджан мен белсенді жас Константин Ветлугин қатысып, “Адам өміріндегі ата-ананың орны”, “Қайткенде жақсы ата-ана болуға болады” және “Қазақ әдебиетіндегі отбасы тәрбиелері” сынды тақырыптар бойынша сөз сөйледі. Іс-шараның мақсаты – жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына ықпал етіп, іскерлік қабілеттерін шыңдау, отбасылық құндылықтарды қастерлеуге баулу.
– Бұл шараға азаматтық қоғам өкілдері де шақырылды. Өңірімізде 350-ге жуық қоғамдық ұйым бар. Олар қандай жұмыстар атқарып жатыр? Кездесуде осы мәселелерді де қаузадық. Бала тәрбиелеу ісіндегі басты құндылықтар жайын да назарымыздан тыс қалдырмауға тырыстық, – дейді Жанат Мұхамеджан.
Спикерлер ажырасудың жыл сайын артып келе жатқандығын айтты. Соның салдарынан жеті атасын жатқа білмейтін тірі жетімдер саны артқан. Студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Өзекті мәселелер туралы ойларымен бөлісті.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.