«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖАЙЛЫ МЕКТЕП” ЖОБАСЫ АУЫЛДАРДА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ КЕРЕК”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Не үшін депутат болдым?

Депутаттық – қоғамдық қыз­мет. Қарапайым халық арасын­да өмір сүріп жатқан адамға қо­ғамдағы өзекті мәселелер мен көкейкесті сұрақтар етене та­ныс. Мәселелер мен қажеттілік­терді жете білем дегеніммен, жергілікті өкілетті органдардың қызметін түсініп, олармен жұ­мыс істеу тәсілдерін үйрену ке­рек. Сонымен қатар бойыңда стратегиялық көзқарас, кому­никативті қарым-қатынас, ме­диа және саяси сауаттылық сияқ­ты дағдыларды жетілдіру қажет. Адам бойына сенім қа­лыптастыруда, айтқымыз кел­ген ойды жеткізуде тіл мәде­ниетінің жоғары болғаны абзал. Аталмыш дағдылар бойымыз­да қалыптасқан жағдайда ха­лықтың сеніміне ие болып, қалтқысыз қызмет етуге мүмкін­дік туатыны сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, депутат болуға ауыл­ға қатысты түйінді мәселелер­дің шешілуіне ықпал етіп, қол­дау көрсетсем деген мақсат жетеледі.

Білім саласында 29 жылдан бері еңбек етіп келемін. Соның соңғы он жылында басшылық қызметтемін. Елімізде урбани­зациялау қарқын алғанымен, шалғайдағы ауылдық мектептер­дің саны әлі де болса ба­сым. Ендігі мәселе, сол мектеп­тердің білім сапасын және ма­териалдық базасын қала мек­тептерімен теңестіріп, оқушы­лардың білім деңгейлерін да­мытып, озық үлгідегі жайлы мек­тептер санын арттыру болып отыр. Бүгінгі таңда елімізде ауыл мектептерінде қосымша білім беру мәселесі қарасты­рылып, “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы қанатқақты бағдарла­масы жүзеге асырылуда. Менің ойымша, “Жайлы мектеп” ұлт­тық жобасы ауылдарда да жү­зеге асырылуы керек.

Сайлаушыларға қандай уәде бердім?

Сайлауалды бағдарламам­да өзіме етене таныс білім са­ласына басымдық бердім, өзек­ті проблемалар мен қажеттілік­терді нысанаға алдым.  Мәсе­лен, аудан, ауыл көлеміндегі бі­лім ошақтарында интернет жыл­дамдығы төмен. Мен интернет жылдамдығын кем дегенде екі есеге арттыру қажет деп ой­лаймын.

Бүгінгі таңда ел мақтаны­шы­на айналып жүрген спорт саңлақтарының басым көпші­лігі – ауыл балалары. Ауыл жас­тары арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін спорт­тық кешендер көптеп  бой көтеруі қажет. Сондай-ақ күн­делікті тұрмыстық қажеттіліктен туындаған әлеуметтік мәселе­лер – жол сапасы, ауызсумен қамту, өмір қауіпсіздігін сақтау­ға қажетті құралдармен жабдық­тау сияқты көкейдегі жайттарды да айналып өте алмай­мын.

Қызмет барысында әріптес­теріммен бірлесе көптеген ау­қымды мәселелерді көтеріп, жан-жақты қарастырдық. Әлеу­мет­тік желілер арқылы сауал­дар жолданып, шешімін табуда. Алайда сауал қоюшы­лардың арасында әлеуметтік желі ар­қы­лы қарым-қатынас жа­сау дең­гейі төмен екенін аңғар­дым. Осы ретте халықтың қан­дай жол­мен болса да азамат­тық белсенділігін арттыруға ық­пал ету керек. Мәселен, жас­тардың басым көбі коммуника­ция құ­ралы ретінде әлеуметтік желі­лерді қолданады. Жаңа буында көзбе-көз қарым-қаты­нас жасау аз болғанымен, олар иннова­ция­ларға бейім, тың тех­ноло­гияларды меңгерген. Біз олардың осы ерекшеліктерін, командалық жұмыс істеу қабі­летін ес­кере отырып, оларға қо­ғамдық жұмыстарды жүктеп, сенім біл­діруіміз керек. Сөзіме дәлел ре­тінде Бексейіт ауылы жастары­ның ұйымшылдығы мен ынты­мақ­тастығын мысалға келтіре аламын. Олардың ауыз­бірші­лігінің нәтижесінде ауылда ме­шіт пен тойхана са­лынды. Жас­тарға сенім білдір­сек, олар өз­дері бастамашы бо­лып, ел ба­сына күн туған жағ­дайда қалыс қалмайтындары­на көзім жетті. Көктемгі су тас­қыны кезінде де еріктілер то­бын құрып, қарғын су­мен барын салып күрескен­дердің көбі – жастар.

Қай уәдемді орындадым?

Елімізде саяси реформалар жүргізіліп жатыр, оң өзгерістер мен жаңашылдықтар көптеп ен­гі­зілуде. Осы ретте атқарушы және өкілетті органдардың мү­шелеріне жүктелген міндеттер жүгі де жеңіл емес.  Былтыр тұң­ғыш рет аудан әкімдерінің  тіке­лей сайлануына мүмкіндік бе­рілуі – атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкер­шілік жүгін ауырлатқандай.

Мен де халықтың сенімін ақ­тау мақсатында атқарушы ор­гандармен бірлесе сайлауалды бағдарламамда айтылған уәде­лерімді орындауға қол жеткіз­дім. Білім саласы бойынша кө­те­рілген депутаттық сауалға ау­дандық білім беру бөлімі жауап берді. Мектептегі білім беру жағ­дайын жақсарту және мате­риал­дық базаны толықтыру мақ­сатында заманауи химия каби­нетімен қамтамасыз ету қолға алынды. Сондай-ақ аудан мек­тептерінің 96 пайызы жоғары жылдамдықты интернетпен қам­тылса, интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ мектептерді “Starlink” жүйесіне қосу жоспар­ланып отыр.

Баланың өмірі мен қауіпсіз­дігі – қоғамдағы көкейкесті мә­селелердің бірі.  Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ба­рысында ауданның түгелге дер­лік мектептеріне қосымша бей­небақылау камералары орна­тылып, дауыс хабарламасымен және дабыл батырмасымен қам­тылды.

Халық алдында берген уә­демнің бірі – спорттық кешеннің салынуына ықпал ету. Қазіргі таңда жоспарланған дене шы­нықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынып, жүзе­ге асырыла бастағаны көңілге қуаныш ұялатады.

Жоспарланған жұмыстар біртіндеп жүзеге асырылғаны­мен, күнделікті тұрмыста кезде­сетін мәселелер де ешқашан ұмыт қалған емес. Атап айтсақ,  ауыл ішін қоқыстан тазарту мә­селесі депутаттардың қолдауы­мен оң шешімін тапты. Соны­мен қатар ауыл ішін жарық­тан­дыру, көптен жөндеу көрмеген жол мәселесін шешу үшін бюд­жеттен қосымша қаражат бөлінетін болды.

Халық маған сене ме?

Халық сеніміне ие болу – қалт­қысыз еңбек етудің жемісі. Бұрындары халық арасынан шыққан танымал Шерхан Мұр­та­за, Амангелді Айталы сынды депутаттарды білмейтін жан кемде-кем еді. Ұзақ жылдар өтсе де, есімі ұмыт қалмаған, ха­лықтың зор ықыласына бөлен­ген осындай алып тұлғалар біз­ге үлгі. Қарапайым халыққа бе­делді, абыройлы тұлғалардың түйінді пікірі мен өтімді өткір сөздері тез әсер ететіні белгілі. Үміттерін үкілеп, көңілдеріне ме­деу етіп, араларынан шыққан, өздері тағайындаған азамат­тардың жауапкершілігі мен бер­ген уәделерін орындауын зор ықыласпен күтеді. 

Депутат ретінде маған жол­данған сауалдарды саралап, оң шешімін табуға әрдайым ты­рысамын. Бұл салада еңбек ету тәжірибемнің аздығына байла­ныс­ты кей жағдайларда тәжіри­белі әріптестерімнің қолдауы мен кеңесіне жүгінемін.

Сайлауалды бағдарламам­да халыққа берген уәделерім­нің басым көпшілігі орындалып жатқанымен, өзіме баға беру­ден аулақпын. Мәслихат депу­таты ретінде маған жүктелген жауапкершілік – халықтың артқан сенімі деп білемін. Сол се­німді ақтамақ ниетпен әрдайым адал қызмет етіп, ауыл ішіндегі мәселелерді республика дең­гейіне дейін жеткізу, оң шешімін табуға ықпал ету – менің де­путаттық қана емес, азаматтық парызым.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp