М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің агротехнологиялық факультеті Аризона және Қытайдағы Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университеттерімен халықаралық су ресурстары ғылыми орталығын құру туралы үшжақты меморандумға қол қойды.
Серіктес университеттер орналасқан аймақтардың климаттық жағдайлары ұқсас. Жауын-шашын деңгейі төмен аймақтарда орналасқандықтан ғалымдар ауыл шаруашылығы мен қалалық агломерациялар үшін су ресурстарын пайдаланудың ұтымды технологияларын әзірлейтін болады. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің агротехнологиялық факультетінің деканы Алтын Шаяхметованың айтуынша, ғалымдар климаттың өзгеруі мен су тапшылығын зерттеуге басымдық береді. Мәселен, су ресурстарын басқарудың экономикасы мен менеджменті, ауыл шаруашылығында суаруды пайдалану, гидрология және су инженериясы, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды интеллектуалды суару, суды тазарту, рециркуляция, микробиология, су қауіпсіздігі, суды ластаушы заттарды талдау, сәйкестендіру және жою сынды бағыттар зерттеу нысанына айналмақ.
Бұл ынтымақтастықтың аясында барлық қатысушы елдердің су индустриясы үшін кадрларды бірлесіп даярлау мүмкіндігі де қарастырылады. Шетелдік университет ғалымдары делегациясының Петропавлға алғашқы сапары маусым айына жоспарланған.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.