«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қалпына келтіру жұмыстары — журналистер назарында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов БАҚ қызметкер­лерімен бірге облыс орталығын аралап, журналистерді тас­қыннан кейінгі зардаптарды жою, шеткері аудандар­дан су сору, жаңа үйлердің құрылыс жұмыстарымен таныс­тырды.

Баспасөз туры тұрғындар үшін 500 үй бой көтеретін “Солнечный-2” шағынауданы­нан басталды. Мұндағы алғашқы 100 үй салынып жа­тыр. Құрылысты маусым айын­да аяқтау жоспарланған. “Зерт­теу СК”, “Основание”, “ADA Групп”, “Петроремстрой” сын­ды жалпы саны 11 серік­тестік­тің әрқайсысына 3-тен 15 үйге дейін салу міндеті жүк­телген.

Құрылыста жергілікті материалдарды пайдалануға басымдық беріліп отыр.  Жұмыстардың бәрі демеушілер есебінен жүргізілуде. Әр құрылыс алаңындағы штабта кеңес өтіп, күн сайын жұмыс барысы талқыланады. Мұндағы үйлердің аумағы – 80 шаршы метр. Облыс әкімі құрылыс жұмыстарын оңтайландырып, үйдің қасына шаруашылық нысандарын салу жағы да қарастырылып жатқанын жеткізді. Қала әкімі Серік Мұхамедиевтің сөзінше, алдағы уақытта шағынауданда автобус қатынасы реттеліп, әлеуметтік нысандар мен саябақтар салынады.

Шағынауданның екінші шетінде тағы 400 үйдің құрылысы жоспарланған. Оның 100-і газоблоктан қаланса, қалған 300-і панельден құрастырылады. Осындағы 100 үйдің құрылысына оннан астам серіктестік жұмылдырылған. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайролла Ғалеевтің сөзінше, мұнда 50 үйдің іргетасы құйылып, 5 үйдің қабырғасы қаланып жатыр.

– Бұл жерде 10 техникалық бақылаушы жұмыс істеуде. Бір бақылаушы 10 үйдің құрылысын қадағалайды. Жұмыс таңғы сегізден кешкі сегіз жарымға дейін жүреді. Құрылыс қарқыны күнделікті дронмен түсіріліп, кешке кеңес өткізіледі. Мұндағы үйлерге жарық, су тартылып, алдағы уақытта қолайлы жағдай жасалады, – деді Қайролла Ғалеев.

Панельді 300 үй салынатын жер де осы маңда. Үйлердің панельдері Астанадан вагонмен әкелініп, осында құрастырылады. Елордалық компанияның әлеуеті күніне 7-8 үйге қажетті панельдер шығаруға жетеді. Оларды құрастыру үшін келер күндері қалаға 200 маман мен  панельдерді таситын техника келеді деп жоспарланған.

Ғауез Торсанұлы жер үйлерден бөлек, тұрғындарға пәтер сатып алу мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Бұл ретте пәтерлер техникалық бақылаудан өтіп, бағаланғаннан кейін сатып алынады. Баспана құны 22 миллион теңгеден аспауы керек. Үйі жарамсыз деп танылған тұрғындар нарықтан өздеріне ыңғайлы пәтер тапса, ол туралы әкімдікке хабарлай алады. Ал жөндеуге жарамды үйлерге смета жасалып, оған кететін қаржы анықталады. Бүгінде қалада техникалық бақылау, шығынды бағалау жұмыстарымен 7 компания айналысып жатыр. Астана, Көкшетау, Павлодардан келген мамандар да  бағалау жүргізуде. 

Бұдан кейін журналистер “Радуга” серіктестігінің аумағындағы гуманитарлық көмекті қабылдап, іріктеу пунктіне барды. Тасқын қаупі төнгелі бері мұнда түрлі ұйым өкілдері көмек қабылдап, оны үлестірумен айналысып жатыр. Бүгінге дейін мұнда 22 вагон, 49 жүк көлігімен, 15 газельмен 961 тонна азық-түлік және құрылыс материалдары, киім-кешек, төсек-орын мен құрал-жабдықтар әкелінген. Олар облыс орталығы мен Қызылжар, Есіл аудандарында тұратын 10 мыңдай отбасыға таратылыпты. Мұндағы еріктілер ұзақ сақталатын азық-түлікті біртіндеп зардап шеккендерге үлестіріп, құрылыс материалдарын саяжай иелеріне беруді жоспарлап отыр.

Қаланың су басқан аудандарын қоқыстан тазартып, ретке келтіру жұмыстары басталған. Ол үшін аудандардан бригадалар мен арнайы техника келіпті. Аудан әкімдерінің орынбасарлары да бригадалармен бірге 2-3 ай осында болып, қалпына келтіру жұмыстарына атсалысады. Тұрғындарға су қайтқан жарамсыз үйлерден керегін алып кетуге уақыт беріледі. Кейін мех-бригадалар мен ауыр техника іске кіріседі. Кейін қала басшылығы бұл жерлерге саябақ салып, ағаш егуді жоспарлап отыр. Тұрғындары көшкен жерлер мемлекет меншігіне өтеді. Облыстық әкімдік өзендердің айналасын қазіргідей 100 метр емес, бір километрге дейін қауіпті аймақ деп белгілеу туралы ұсынысты Мәжіліске жолдаған екен.

Қаланың суға батқан аудандарында жедел штабтар ашылған. Ойқаладағы осындай штабтардың біріне еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Марат Омаров жетекшілік етеді. Күні бүгінге дейін тұрғындар штабқа келіп, үйлерінің қандай күйде екенін айтып, көмек сұрап жатыр.

– Ойқаладағы Лебеденко көшесінен бастап Мамлют көпіріне дейінгі аралықта 550 үйді су басты. Мұнда 4 ауданнан келген мамандар жұмыс істейді. Бүгінде 148 үй тексерілді. Олардың 48-не сметалық есептеу жүргізілді. 98 адамнан тұратын 14 бригада 14 үйде жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар бригадалар қоқыс шығарумен айналысуда. Ойға қарай орналасқан 30-40 үйден су сорылып жатыр, – деді Марат Омаров.

Тасқыннан зардап шеккен Былғары зауыты кентіндегі судың кеткеніне көп бола қойған жоқ. Көшелердегі үйлердің қирандысы, қоқыс үйіндісі енді-енді жинала бастаған. Бұл жұмыстарға жетекшілік ету облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелеховке жүктелген. Былғары зауыты кентінің жанында бригадалар тазалау, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатса, бір шетінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары су бұрумен айналысуда. Ол жаққа арнайы техника болмаса, жай көлікпен баруға мүмкіндік жоқ. Ал кепкен жерлердегі кей үйлер тексеріліп, бағалана бастаған. Біз барған Андрей Андреевтің үйін жөндеу шығынын мамандар 10 млн. теңгеге бағалапты. 2014 жылы салған баспанасы суға кеткен тұрғын бұл жұмысты ауданнан келген бригадалардың атқаруына келісіпті.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ерік Сарыбаевтың сөзінше, бүгінде өңірде алпыстан астам үй суда тұр. Алдағы күндері ондағы су түгел сорылмақ.

Өңір басшысы аудандарға алғысын білдіріп, жөндеу, құрылыс жұмыстарын суық түскенге дейін аяқтау қажет екенін айтты.

– Алдын ала есептеулер бойынша тасқыннан келген шығын 70 миллиард теңгеден асады. Үш ірі демеушінің жіберген көмегі – 55 млрд. теңге. Бюджеттен 10 млрд. теңге қарастырылған. Шағын және орта бизнестің шығындары республикалық бюджеттен төленеді. Жергілікті кәсіп иелері қалпына келтіру жұмыстарына 200 миллион теңге аударды. Жалпы жұмыстарды жүргізуге қаражат жеткілікті. Тұрғындарды баспанамен қамтудан бөлек, инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары да ауқымды. Қаланы сумен қамтамасыз ететін станцияны қалпына келтіру керек. Жобаны жетілдіріп, қандай жағдай болмасын қаланы сумен үздіксіз қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыру қажет, – деді Ғауез Торсанұлы.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp