Бүгінгі қоғамның келбеті жайлы сөз қозғалғанда түрлі пікірлер айтылады. Сынаушылар да бар, үмітпен қараушылар да көп. Себебі қазіргідей аумалы-төкпелі заманның құндылығы қым-қиғаш. Осының әсерінен болар біздің қоғамды түрлі мәселелер толғандырады. Оларға жауап табу да қиын. Өңірімізге белгілі клиникалық психолог, “Рух” психология және тұлғаны дамыту орталығының басшысы Резеда Баймұхаметовамен жанымызды ауыртқан кейбір жайттар жайлы сұхбаттасқан едік.
– Резеда Сәлімжанқызы, сұрақты турасынан қойсам деймін, жалпы біздің қазіргі қоғамның психологиясы қандай?
– Қазіргі қоғамның психологиялық мәселелерін бірнеше факторлармен байланыстыруға болады. Соның бірі – өмір сүру жағдайларының тез өзгеруі және қызметтің барлық салаларында бәсекелестіктің күшеюі. Қазіргі қоғам стресс пен күйзелістің көзі болып табылатын жұмыссыздық, зорлық-зомбылық және нашақорлық сияқты жаңа әлеуметтік мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Сонымен қатар қоғам оқшаулану, жеке байланысқа сұранысты азайтатын әлеуметтік медиа сияқты технологияның теріс әсерлерінен де қиындықтарға тап болды. Бұл күйзеліс, алаңдаушылық, мазасыздық және басқа да психологиялық қиындықтар тудырады. Жалпы қазіргі психологиялық мәселелер – адамдарға тың міндеттер қоятын және жаңа жағдайларға бейімделуді талап ететін тез өзгергіш күрделі өмір салты. Осы ретте, ең алдымен, балаларымыздың психологиялық жайлылығына көңіл бөліп, көп ойлануымыз керек. Бұл тұрғыда ең маңызды кеңес – көмек сұраудан тартынбау.
– Қоғамдағы өзгерістер жайлы айтқанда “заман басқа, ниет бұзылды” деп жатамыз. Бұл қаншалықты шындыққа саяды? Қарап отырсақ, қоғамда неше түрлі сұмдық жайттар болып жатыр. Бұл да көкірегі ашық, көңілі ояу адамды толғандырмай қоймайтыны анық.
– Қоғамдық құндылықтар адамға әсер ететін факторлардың негізінде қалыптасады. Біздің санамыз да отбасындағы тәрбиенің жемісі екені даусыз. Сонымен қатар адамның қалыптасуына сол кезеңде болатын әлеуметтік оқиғалар да әсер ететіні сөзсіз. Тоқсаныншы жылдары америкалық ғалымдар ұрпақтар теориясын зерттеген. Осы теория негізінде ХХ ғасырдан бүгінгі күнге дейін алты ұрпақ қалыптасты. Миллениум ұрпақтары (1984-2000ж.) – КСРО-ның ыдырауы, әскери қақтығыстар, лаңкестік әрекеттер, байланыс, цифрлық, интернет және мобильді технологиялардың қарқынды даму кезеңіне жатады. Сондықтан осы кезеңде өскен балаларды “бас бармақ ұрпақтары” деп те атап кеткен. Өйткені олар өздерінің гаджеттеріне хабарламаларды теруде керемет жылдам.
Осы кезеңде өскен ұрпақтың тағы бір ерекшелігі – олар шыдамсыз, тез нәтиже күтеді. Негізінен бұл кезеңнің адамдары өздеріне зиян келтірсе де, танымал нәрселер жасады. Нашақорлық, шылым шегу, алкоголизм – осы кезеңнің негізгі проблемалары. Бұдан кейін қоғамның назарында болуға талпынғандардың дәуірі келді. “Z ұрпақтары” 2000 жылдардан басталады. Шектеулер жойылды, ішкен-жегенін, ұйықтағанын, оянғанын қоғамға ашық көрсететін буын қалыптасты. Бұл санаттың өкілдері әлі де туады. Сондықтан олардың қалыптасу жолы аз зерттелген. Ғалымдардың пікірінше, әлемдік қаржы дағдарысы, бизнестің шоғырлануы, сауда желілерін құру – мұның бәрі келесі “үнсіз” ұрпақты қалыптастырып жатыр. Ғаламтордан алынған ақпаратқа қарап қорытынды жасайтын қоғам құрылуда. Қазір виртуалды қарым-қатынас заманы деп айтуға болады. Әр дәуірдің өз ерекшеліктері де, әр заманның өзіндік сұмдық жайттары да бар. Ал мұндай жағдай Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге тән.
– Біреудің жетегінде кетпеу үшін әр қоғамның өз көзқарасы болуы керек. Біз қазір керісінше кім не айтса, соған иланып отырған жайымыз бар. Бұл – ненің белгісі?
– Адам баласы – табиғатынан қызығушылығы зор және қоршаған әлемді түсінуге құштар. Осы тұрғыдан қарасақ, басқа адамдардың проблемаларына жиі назар аударатынымыз анық. Өзгенің мәселесіне қызығушылық танытуы тұлғаның эмпатиясы мен жанашырлығына байланысты болуы мүмкін. Екінші жағынан, адамдар кейде өздерінің уайымдары мен күйзелістерінен қашу тәсілі ретінде басқалардың проблемаларына назар аударуға бейім. Басқа адамдардың әңгімелері эмоционалды ресурс ретінде қызмет ете алады. Бұл бізге өз қиындықтарымыздан уақытша құтылуға мүмкіндік береді. Адам – әлеуметтік тіршілік иесі. Басқалардың мәселелерін талқылау әлеуметтік байланыстарды нығайтудың және мүдделер қауымдастығын құрудың құралы бола алады.
Өзгелердің мәселелеріне назар аударудағы БАҚ пен әлеуметтік желілердің рөлін ескеруіміз керек. БАҚ-та және әлеуметтік желілерде көпшіліктің назарын аудару үшін көбіне драмалық оқиғаларды немесе қиын өмірлік жағдайларды көрсетеді. Көрініс пен сенсация басқа адамдардың проблемаларын қабылдауды күшейтеді. Бұл тақырып – талқылау, талдау үшін көпшілікке тартымды. Сонымен қатар басқа адамдардың проблемаларына немқұрайлылық танытпай, назар аудару моральдық қолдау мен ынтымақтастықтың бір түріне айналуы мүмкін. Қиындықтарға қарсы бірігу әлеуметтік байланыстарды нығайтады, қоғамда жағымды құндылықтарды қалыптастыруға жол ашады.
Адам өзін басқалармен салыстыруға бейім. Басқа адамдардың проблемаларын өз өмірімен салыстыру арқылы жағдайының қаншалықты қиын немесе жақсы екендігін саралайды. Шамадан тыс көп ақпарат дәуірінде өмір сүріп жатқандықтан, біреудің қолында ойыншық болмас үшін әрбір хабарламаны сыни талдаудан өткізу керек. Елес шындықтың (иллюзорная правда) әсерін түсіне білсек, ол бізді алданып қалудан сақтайды.
– Соңғы жылдары елімізде жастардың білім алуы үшін гранттар саны көбейді, шәкіртақы өсті. Осының барлығы – өскелең ұрпақты сауатты, білікті, заманға бейім қылып тәрбиелеу үшін жасалып жатқан шаралар. Жоғары білімділерді көбейту арқылы сауатты қоғам құруға бола ма?
– Гранттардың бөлінуі және шәкіртақының көтерілуі жастардың сауаттылығына әсер етпейді. Жоғары оқу орнының дипломы адамның сауаттылығының көрсеткіші емес. Мен үш жоғары білімі бар, бірақ қолынан ештеңе келмейтін адамды білемін. Бүгінгі таңда әрқайсымыз сауаттылығымызды арттыру мүмкіндігіне иеміз. Жастардың кітап дүкендеріне жиі барып, кітап оқитынын көріп жүрмін. Бізге қарағанда жастарымыз өте сауатты деп айта аламын. Сауаттылыққа ұмтылған адам грант береді немесе оқу ақы көтеріледі деп тосып отырмайды. Ол өзінің сауатын арттыра береді. Сауатты болу – ол жеке адамның шешімі.
– Кезіндегі саяси қуғын-сүргіннің қоғамның болашағына тигізген зияны орасан. Біріншіден, қоғамның жалпы мәдениетінің төмендеуіне, барлық салалардағы интеллектуалдық деңгейдің нашарлауына зардабы тиді. Екіншіден, барлық адамдардың ішкі дүниесінде үрей қалдырды. Үшіншіден, репрессия барысында, одан кейін де көптеген адамдардың моральдық жағынан азғындағаны байқалды. Осы үрдіс әлі де жалғасып келе жатқан жоқ па?
– Тарихымызда болған репрессиялар із-түссіз өткен жоқ. Оның психологиялық зардаптарын қазіргі ұрпақ та сезініп отыр деп айтуға болады. Репрессия кең таралған дәрменсіздік пен қорқыныш сезімін тудырды. “Неге?” деген сұраққа жауап жоқ. Бұл мағынасыз қайғы мен үмітсіздікті одан әрі күшейтті. Сол кездегі кеңестік жүйе қуғын-сүргінге ұшырағандарды отбасы мүшелерінен ажыратты. Туыстарының қуғын-сүргін құрбандарымен араласуы аса қауіпті болғаны тарихтан белгілі. Сұмдық пен үмітсіздікке, жалғыздыққа ұшыраған адамдардың ішкі әлемінде не болып жатқанын шамамен түсінуге болады. Осылайша қуғын-сүргін құрбаны болған адамдардың бірінші ұрпағы (оның ішінде олардың отбасы мүшелері) психологиялық шок алды. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың балаларының балалық шағы үнемі үрей мен қорқынышта өтті. Тоқсаныншы жылдардың басында америкалық жазушы Кэтрин Бейкер мен ресейлік психолог Джулия Гиппенрайтер сталиндік репрессияға ұшыраған отбасылардың үш ұрпағына зерттеу жүргізді. Олар бұл ұжымдық жарақаттың ізі бүгінгі күнге дейін жалғасып, жетінші ұрпаққа дейін созылуы мүмкін деп санайды. Бізде қазір дәрменсіздік, ештеңеге әсер ете алмаймыз деген көзқарас қалыптасқан, болашаққа деген сенімсіздік, өмірдің мәнін жоғалту, кек алу үшін өмірден жау іздеу сынды жайттарды бастан өткеріп жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі ұрпақ трансгенеративтік тетіктер арқылы берілген ұжымдық жарақаттың салдарымен күресуге мәжбүр. Алдыңғы ұрпақ жинаған талай мұң, үрей, уайым, жалғыздық біздің өмірімізге де әсер етеді. Осы жан жарасымен қатар бізге ата-бабаларымыздан стрестік және қатал жағдайларда аман қалу қабілеті де бұйырды. Сталиндік террор дәуіріне тән тәжірибелер біздің мәдениетіміз бен ұлттық санамызда өшпес із қалдырды. Біз осы қателіктерді қайталаудан аулақ болып қана қоймай, қоғам болып өсуге, дамуға талпынуымыз керек.
– Бір кездері “қазақ жалқау”, “қазақ дарақы”, “қазақ тойшыл”, “қазақ мақтаншақ” деген ұлттық намысқа тиетін сөздерді өзгелерден бұрын өзіміз жиі айттық. Бұл әр ұлтқа тән мінез-құлық емес пе? Оның барлығын жиып-теріп өзімізге телу құлдық сананың көрінісі емес пе?
– Жалқауда, дарақыда, тойшылда, мақтаншақта ұлт жоқ. Ол – жеке адамның көрсеткіші. Сондықтан да оны қазақ ұлтымен байланыстыру қате. Бір қызығы, біздің ұлтымыздың нақты мінезі туралы түсінігіміз аз. Осының салдарынан стереотиптің құрбаны боламыз. Психолог Ричард Робинс атап өткендей, “белгілі бір адамдардың мінезі туралы стереотиптік идеялар – бұл белгілі бір әлеуметтік мақсаттарға қызмет ету үшін жасалған әлеуметтік құрылымдар”. Басқаша айтқанда, сіздің белгілі бір ұлт туралы пікіріңіз сол елдің немесе ұлттың нақты өкілдерінің шынайы мінезінен гөрі өзіңіз өмір сүріп жатқан қоғам туралы көбірек айтады.
– Неге біздің қоғам әйелге қатал? Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраса да, отбасының шаңырағы шайқалса да әйел кінәлі?
– Екі адамның арасында біреуі ғана кінәлі болу мүмкін емес, осыны түсінгенше өмір өтеді. Қарым-қатынасты екі адам құрады. Бұл қарым-қатынастар үшін екеуі де жауапты. Көбіне ажырасуға бастама жасайтындар – әйелдер. Егер екеуі де кінәлі болса, ерлер де, әйелдер де ажырасуға бірдей арыз беруі керек еді. Бірақ ер адамдар ажырасуға сирек ниет танытады. Бұл жайт отбасының ыдырауына тек әйелдер кінәлі деген көзқарасты қалыптастырды. Қоғамның пікірінше, әйел ошақтың иесі, сақтаушысы болып саналады. Сонымен қатар ол өз құқығын қолданып, балаларын алып, ажырасып кете алады. Бұл жағдайда ерлер, оның туыстары, қоғам әйелді кінәлайды. Қазіргі таңда біздің қоғамда адамдардың әлеуметтік құрылымы мен санасында елеулі өзгерістер орын алуда. Қоғам белсенді дамып келеді, адамдардың бір-бірімен араласу формалары өзгеруде, жекелеген адамдар жаңа мәртебелер мен рөлдерге ұмтылуда. Бірақ бұрыннан ескірген мінез-құлық үлгілерін жоймай алға жылжу мүмкін емес. Ең алдымен, әйелдер де, ерлер де заңды құқықтарын пайдалана алатынын және пайдалануға лайық екенін, егер олар қиын жағдайда қалса, қоғам мен заң тарапынан қолдау көрсетілетінін түсінуі қажет. Заң алдында әйел де, еркек те тең.
– Біз суицид жасаушылар саны жағынан да, ажырасу көрсеткіші бойынша да әлемде алғашқы ондықта жүрген елміз. Бұл ненің салдары?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы суицидті әлемнің кез келген елінде кездесетін жаһандық мәселе деп таныды. Сол ұйымның сарапшылары суицидтік мінез-құлықтың себептері ретінде биологиялық, генетикалық, физиологиялық, анатомиялық факторларды атап өтті. Бұл жерде экономикалық және әлеуметтік факторларды да ұмытпауымыз керек. Осы факторлардың барлығын бейімділік, қоздырғыш және қорғаныс деп бөлуге болады. Өйткені әрбір болған жағдайдың өзіндік көрінісі бар. Сондықтан бір ғана себеп туралы айту қате. Өз-өзіне қол жұмсау – көптеген себептері бар өте нәзік және күрделі мәселе. Ал оның себебін дәл мынау деп анықтау, толық зерттеу мүмкін емес, біз тек болжам жасаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.