Алматыда қазақ күресінен Қазақстан кубогы үшін жарыс өтуде. Биылғы боз кілем бәсекесіне 17 облыс пен 3 қаладан 406 балуан қатысып жатыр. Өңір намысын “Қызылжар арландары” клубының мүшелері қорғауда.
Жарыстың бірінші күнінде 100 келіде жерлесіміз Алтынбек Аусағитов Қазақстан кубогын жеңіп алды. Ол финалда Шымкент қаласының өкілі Ерсұлтан Мұзаппаровтан айласын асырып, алтын медальді қанжығасына байлады. Үздік үштікке ақтөбелік Ерасыл Амангелді мен алматылық Айбек Ізтілеуов енді.Бұл жарыста тағы бір солтүстікқазақстандық балуан жүлделі орынға ие болды. Оның есімі – Батырхан Қайырбек. Жерлесіміз 74 келіде үшінші орыннан көрінді. Бұл салмақта жеңіс әскерилер атынан сынға түскен Орталық Армия командасының мүшесі Жұмажан Қожамбековке бұйырды. Күміс медальді Жамбыл облысының спортшысы Нұр Аманшүкіров еншіледі.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”