“Қазақстан халқына” қоры, “Kazakhmys” корпорациясы және облыс әкімдігі 100 үй салу туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум су тасқынынан зардап шеккен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып жасалған. Құжатқа сәйкес, облыс әкімдігі ұсынған типтік жоба бойынша Петропавл қаласының “Солнечный 2” шағынауданында 100 тұрғын үй салынбақ.
Меморандум аясында “Kazakhmys” корпорациясы 100 үйдің құрылысы аяқталғаннан кейін мердігерлерге төлем үшін “Қазақстан халқына” қорына қайырымдылық көмек ретінде 2,4 млрд. теңге аударады.
Үшжақты құжатта су тасқынынан зардап шеккен отбасыларды тез арада баспанамен қамтамасыз ету мақсатында барлық тараптардың міндеттері мен функциялары айқындалған.
“Kazakhmys” корпорациясы” ЖШС-ның тұрақты дамыту жөніндегі директоры Сәкен Шаяхметов салынған үйлер табиғи апат салдарынан баспанасынан айырылғандар үшін бизнес пен мемлекет тарапынан қолдаудың нақты үлгісіне айналатынын айтса, “Қазақстан халқына” қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев барлық рәсімдердің ашықтығы мен қоғамдық бақылау құрылыс сапасын қамтамасыз ететінін атап өтті.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, апаттың салдарын еңсеруде күш-жігерді үйлестіру және зардап шеккен отбасыларға нақты көмек көрсету қажеттігін тілге тиек етті.
Бұған дейін сәуір айында қор қаражаты есебінен “Солнечный 2” шағынауданында 100 тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Енді “Kazakhmys” корпорациясының қолдауымен салынатын баспана саны екі есеге өспек. Бұл тасқын салдарынан баспанасынан айырылған 200 отбасыға күзге дейін қоныс тойын атап өтуге мүмкіндік береді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.