Не үшін депутат болдым?
Депутаттық – қоғамдық қызмет. Қарапайым халық арасында өмір сүріп жатқан адамға қоғамдағы өзекті мәселелер мен көкейкесті сұрақтар етене таныс. Мәселелер мен қажеттіліктерді жете білем дегеніммен, жергілікті өкілетті органдардың қызметін түсініп, олармен жұмыс істеу тәсілдерін үйрену керек. Сонымен қатар бойыңда стратегиялық көзқарас, комуникативті қарым-қатынас, медиа және саяси сауаттылық сияқты дағдыларды жетілдіру қажет. Адам бойына сенім қалыптастыруда, айтқымыз келген ойды жеткізуде тіл мәдениетінің жоғары болғаны абзал. Аталмыш дағдылар бойымызда қалыптасқан жағдайда халықтың сеніміне ие болып, қалтқысыз қызмет етуге мүмкіндік туатыны сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, депутат болуға ауылға қатысты түйінді мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, қолдау көрсетсем деген мақсат жетеледі.
Білім саласында 29 жылдан бері еңбек етіп келемін. Соның соңғы он жылында басшылық қызметтемін. Елімізде урбанизациялау қарқын алғанымен, шалғайдағы ауылдық мектептердің саны әлі де болса басым. Ендігі мәселе, сол мектептердің білім сапасын және материалдық базасын қала мектептерімен теңестіріп, оқушылардың білім деңгейлерін дамытып, озық үлгідегі жайлы мектептер санын арттыру болып отыр. Бүгінгі таңда елімізде ауыл мектептерінде қосымша білім беру мәселесі қарастырылып, “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы қанатқақты бағдарламасы жүзеге асырылуда. Менің ойымша, “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы ауылдарда да жүзеге асырылуы керек.
Сайлаушыларға қандай уәде бердім?
Сайлауалды бағдарламамда өзіме етене таныс білім саласына басымдық бердім, өзекті проблемалар мен қажеттіліктерді нысанаға алдым. Мәселен, аудан, ауыл көлеміндегі білім ошақтарында интернет жылдамдығы төмен. Мен интернет жылдамдығын кем дегенде екі есеге арттыру қажет деп ойлаймын.
Бүгінгі таңда ел мақтанышына айналып жүрген спорт саңлақтарының басым көпшілігі – ауыл балалары. Ауыл жастары арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін спорттық кешендер көптеп бой көтеруі қажет. Сондай-ақ күнделікті тұрмыстық қажеттіліктен туындаған әлеуметтік мәселелер – жол сапасы, ауызсумен қамту, өмір қауіпсіздігін сақтауға қажетті құралдармен жабдықтау сияқты көкейдегі жайттарды да айналып өте алмаймын.
Қызмет барысында әріптестеріммен бірлесе көптеген ауқымды мәселелерді көтеріп, жан-жақты қарастырдық. Әлеуметтік желілер арқылы сауалдар жолданып, шешімін табуда. Алайда сауал қоюшылардың арасында әлеуметтік желі арқылы қарым-қатынас жасау деңгейі төмен екенін аңғардым. Осы ретте халықтың қандай жолмен болса да азаматтық белсенділігін арттыруға ықпал ету керек. Мәселен, жастардың басым көбі коммуникация құралы ретінде әлеуметтік желілерді қолданады. Жаңа буында көзбе-көз қарым-қатынас жасау аз болғанымен, олар инновацияларға бейім, тың технологияларды меңгерген. Біз олардың осы ерекшеліктерін, командалық жұмыс істеу қабілетін ескере отырып, оларға қоғамдық жұмыстарды жүктеп, сенім білдіруіміз керек. Сөзіме дәлел ретінде Бексейіт ауылы жастарының ұйымшылдығы мен ынтымақтастығын мысалға келтіре аламын. Олардың ауызбіршілігінің нәтижесінде ауылда мешіт пен тойхана салынды. Жастарға сенім білдірсек, олар өздері бастамашы болып, ел басына күн туған жағдайда қалыс қалмайтындарына көзім жетті. Көктемгі су тасқыны кезінде де еріктілер тобын құрып, қарғын сумен барын салып күрескендердің көбі – жастар.
Қай уәдемді орындадым?
Елімізде саяси реформалар жүргізіліп жатыр, оң өзгерістер мен жаңашылдықтар көптеп енгізілуде. Осы ретте атқарушы және өкілетті органдардың мүшелеріне жүктелген міндеттер жүгі де жеңіл емес. Былтыр тұңғыш рет аудан әкімдерінің тікелей сайлануына мүмкіндік берілуі – атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершілік жүгін ауырлатқандай.
Мен де халықтың сенімін ақтау мақсатында атқарушы органдармен бірлесе сайлауалды бағдарламамда айтылған уәделерімді орындауға қол жеткіздім. Білім саласы бойынша көтерілген депутаттық сауалға аудандық білім беру бөлімі жауап берді. Мектептегі білім беру жағдайын жақсарту және материалдық базаны толықтыру мақсатында заманауи химия кабинетімен қамтамасыз ету қолға алынды. Сондай-ақ аудан мектептерінің 96 пайызы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылса, интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ мектептерді “Starlink” жүйесіне қосу жоспарланып отыр.
Баланың өмірі мен қауіпсіздігі – қоғамдағы көкейкесті мәселелердің бірі. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында ауданның түгелге дерлік мектептеріне қосымша бейнебақылау камералары орнатылып, дауыс хабарламасымен және дабыл батырмасымен қамтылды.
Халық алдында берген уәдемнің бірі – спорттық кешеннің салынуына ықпал ету. Қазіргі таңда жоспарланған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынып, жүзеге асырыла бастағаны көңілге қуаныш ұялатады.
Жоспарланған жұмыстар біртіндеп жүзеге асырылғанымен, күнделікті тұрмыста кездесетін мәселелер де ешқашан ұмыт қалған емес. Атап айтсақ, ауыл ішін қоқыстан тазарту мәселесі депутаттардың қолдауымен оң шешімін тапты. Сонымен қатар ауыл ішін жарықтандыру, көптен жөндеу көрмеген жол мәселесін шешу үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлінетін болды.
Халық маған сене ме?
Халық сеніміне ие болу – қалтқысыз еңбек етудің жемісі. Бұрындары халық арасынан шыққан танымал Шерхан Мұртаза, Амангелді Айталы сынды депутаттарды білмейтін жан кемде-кем еді. Ұзақ жылдар өтсе де, есімі ұмыт қалмаған, халықтың зор ықыласына бөленген осындай алып тұлғалар бізге үлгі. Қарапайым халыққа беделді, абыройлы тұлғалардың түйінді пікірі мен өтімді өткір сөздері тез әсер ететіні белгілі. Үміттерін үкілеп, көңілдеріне медеу етіп, араларынан шыққан, өздері тағайындаған азаматтардың жауапкершілігі мен берген уәделерін орындауын зор ықыласпен күтеді.
Депутат ретінде маған жолданған сауалдарды саралап, оң шешімін табуға әрдайым тырысамын. Бұл салада еңбек ету тәжірибемнің аздығына байланысты кей жағдайларда тәжірибелі әріптестерімнің қолдауы мен кеңесіне жүгінемін.
Сайлауалды бағдарламамда халыққа берген уәделерімнің басым көпшілігі орындалып жатқанымен, өзіме баға беруден аулақпын. Мәслихат депутаты ретінде маған жүктелген жауапкершілік – халықтың артқан сенімі деп білемін. Сол сенімді ақтамақ ниетпен әрдайым адал қызмет етіп, ауыл ішіндегі мәселелерді республика деңгейіне дейін жеткізу, оң шешімін табуға ықпал ету – менің депутаттық қана емес, азаматтық парызым.
Дайындаған
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.