«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАЛАЛ ТОЛЫҚ ӨТЕЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізге жұмыс сапары­мен “Атамекен” ұлттық кәсіп­керлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Ти­мур Нақыпбеков пен Ұлттық экономика министрлігі депар­та­ментінің директоры Нұрбол Жаңабеков келді. Олар Петро­павлда су тасқыны салдары­нан бизнес субъектілеріне кел­тірілген залалды өтеу жөніндегі өңірлік комиссияның отыры­сына қатысты. 

Петропавлдағы Косогор ша­ғын­­­ауданында жеке кәсіпкер Лю­бовь Афанасованың “Наш” дү­ке­­ні орналасқан. Жарты жыл­дан соң зейнет демалысына шыға­тын қала тұрғыны су тас­қыны салдарынан кәсібінен айырылды.

“Дүкенімдегі 10 млн. теңгенің тауары түгелімен жарамсыз бо­лып қалды. Үйім де мүшкіл жағ­дайда. Баға­лау­шы мамандар дү­кеніме тех­никалық тексеру жүр­гізу үшін 700 мың теңге сұрап отыр. Зейнет­ақы шотына ай сайын 34800 тең­ге аудару қиын­дық тудырып отыр­ған қазіргідей қысылтаяң уа­қытта мұндай қомақ­ты қаражат­ты қайдан таба­рымды білмей­мін. Бағалаушы компаниялар “әкімдік кәсіпкер­лерге көмекте­седі” деген желеумен қаражатты төлеуімізді талап етіп отыр. Бас­панам жарамсыз қалғаннан соң пәтер жалдап тұ­руға мәжбүр­мін”, – дейді кәсіпкер.

Мамандардың айтуынша, ере­же бойынша бағалау мен тех­никалық тексеру жұмыстарына қа­ражат төлеудің екі нұсқасы қа­растырылған. Кәсіпкер уақыт жо­ғалтпау үшін бағалау компания­ларын өзі жалдай алады. Кейін бұл шығынды әкімдік өтеп бе­реді.

“Қолыңызда мүліктің бүлінге­нін растайтын құжаттарыңыз бол­са, онда барлық шығын мемле­кет тарапынан өтеледі”, – деді Нұр­бол Жаңабеков.

“Атамекен” ұлттық кәсіпкер­лер палатасы басқарма төраға­сының орынбасары Тимур На­қып­беков зейнетақы және басқа да аударымдарға қатысты проб­леманы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігін­де айтқанын жеткізді.

“Сіздің жағдайыңызға ұқсас бірлі-екілі жайттар болса,  онда біз демеушілік көмекке жүгінеміз. “Күшіміз – бірлікте!” қоры арқылы сіздің зейнетақы аударымдары­ңызды төлеу жолын қарастыра­мыз”, – деді Тимур Нақыпбеков.

Астанадан келген делегация Ойқала шағынауданындағы “Дары моря” дүкені мен Теплич­ное ауылындағы жиһаз цехына барды. Мұнда да кәсіпкерлер ба­ғалау мен техникалық тексеруге ақы төлеудің мүмкін еместігі, сондай-ақ зақым келген нысан­дарға электр қуатын қосу туралы мәселелерді көтерді. Өйткені жергілікті энергетиктер электрмен жабдықтауды қайта баста­мас бұрын олардың нысанда­рында жүргізілуі керек тексеріс үшін ақы төлеуді талап еткен. 

Көтерілген мәселелер су тас­қынынан зардап шеккен бизнес субъектілеріне келтірілген залал­ды өтеу жөніндегі өңірлік комиссияның отырысында айтылды.

“Біз қабылданған қағидалар­ды түсіндіру және өңірлік комис­сиялар жұмысын жеделдету мақ­сатында үш өңірді араладық. Өңірдегі бүлінген бизнес объек­тілеріне барып, кәсіпкерлермен тілдесіп, жергілікті әкімдіктердің осы нысандарға келмегендерін, әлі күнге дейін залалды өтеу бойынша өтініштер қабыл­дан­бай жатқанын естідік.  Біз залал­ды өтеу үшін Қаржы министрлі­гінде қаражатты брондауымыз керек”, – деді Нұрбол Жаңабе­ков.

Облыс әкімінің орынбасары Рүс­тем Құрмановтың айтуынша, өңірде 188 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі зардап шеккен. Алдын ала баға­лау бойынша залал сомасы 2,9 млрд. теңге шамасында.

Жиында облыс әкімінің орын­басары аудандық және қалалық комиссиялардың неліктен зар­дап шеккен кәсіпкерлердің өтініштерін әлі қабылдамай жатқанын түсіндірді.

“Комиссияларға кәсіпкерлер өтінішпен бірге құжаттардың то­лық пакетін қоса беруі керек. Ол үшін бағалау мен техникалық тек­серу жүргізілуі тиіс. Сол дерек­тер бойынша кейін өңірлік комис­сия мүшелері өтініштерді қарай­тын болады”, – деді Рүстем Құрманов.

Министрлік өкілінің айтуын­ша, қалалық және аудандық комис­сияларға бұл құжаттар қажет емес. Зардап шеккен кәсіпкер­лердің ауызша айтқанынан ал­дын ала залал құнын көрсете отырып, кәсіпкерлердің өтінішін еркін формада қабылдау жеткі­лікті. Фактіні растау үшін аудандық, қалалық комиссия мүшеле­рі зардап шеккен объектілерге ба­рып, жағдайды көзбен көруге міндетті. Содан кейін әрбір объект бойынша хаттамалық түрде аудандық, қалалық комиссия қорытынды береді. Қорытын­ды өңірлік комиссияға жібері­леді. Комиссия осы деректердің, соның ішінде қалалық, аудандық комиссияның қорытындысы негі­зін­де залалды өтеу сомасы туралы шешім қабылдайды және құжаттардың толық пакетін министрлікке жібереді.

“Егер кәсіпкер осы қызметтер ақысын төлей алмаса, мұндай жағ­дайдан шығудың жолы – әкімдік, кәсіпкер және осы қыз­меттерді көрсететін компания ара­сында үшжақты келісімге отыру. Мұндай келісім бағалау және техникалық тексеру қызметтері төленетініне кепіл немесе бағалау компаниясы жергі­лікті атқарушы органға тікелей шот беруіне негіз болар еді”, – дей­ді облыстық кәсіпкерлер па­латасының директоры Есжан Ора­залин.

Ұлттық экономика министр­лігі және “Атамекен” ұлттық кә­сіпкерлер палатасының өкілдері қолданыстағы қағидаларға түзетулер немесе нақтылау енгізу бойынша барлық ұсынысты жа­зуға уәде беріп, өңірлік комиссия мүшелеріне кәсіпкерлерден өті­німдерді қабылдау процесін жеделдету және зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жөніндегі жұмысты пысықтау керектігін айтты.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp