Биыл аттестаттаудан өткен мұғалімдерге біліктілік санаттары беріледі және соған сай еңбекақысына үстемеақы қосылады. Ашық НҚА порталында Оқу-ағарту министрлігінің педагогтарды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы бұйрық жобасы жарияланды. Құжатта ЖОО-дан кейін автоматты түрде берілетін “педагог” санаты үшін тестілеу нәтижесі, біліктілік санатын мерзімінен беру тәртібі алынып тасталды. Мүгедектігі бар адамдарға көмекші тағайындау туралы шарттармен толықтырылды. Оған қоса, ереже бұзған педагогтардың санатын төмендету шарттары нақтыланды.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі жаңа бұйрық жобасын негізге ала отырып, биыл педагогтарды аттестаттаудың қалай өтетінін түсіндірді.
Аттестаттау біліктілік бағасы, педагог білімін бағалау, қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтаудан тұрады. Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен орынбасарлары қосымша сұхбаттасудан өтеді. Бұрын эссе жазу талабы бар еді, биылдан бастап ол алынып тасталды.
Педагогтарды аттестаттау бес жылда бір рет өткізіледі. Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен орынбасарлары үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді. Бұрын аттестаттау кезеңі деп қаңтар-мамыр, тамыз-желтоқсан аралығы саналса, бұйрық жобасында біліктілік санатын соңғы берген (растаған) күннен бастап келесі аттестаттау мерзімі басталғанға дейін немесе мерзімінен бұрын аттестаттау үшін жағдайлар болғанға дейінгі уақыт аралығы деп белгіленіп отыр.
Білім беру ұйымы жыл сайын 1 маусымға дейін алдағы оқу жылына аттестаттау жоспарын жасайды және бекітеді. Аттестаттау жылына 1 рет өткізіледі, рәсімдердің мерзімдері сәйкесінше ережелерде айқындалады.
Әсет ҚАНАФИН.