«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУ БАСҚАН ЖОЛДАРДЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Су тасқыны автомобиль жолдарын басып, өңір тұрғындарының аудан мен қалаға қатынауына біраз қиындықтар тудырғаны белгілі. Әсіресе кейбір республикалық маңызы бар жолдардың жиектері көлік жүргізушілері үшін қауіп төндірді. Су тартылысымен аталған орындарда жөндеу жұмыстарын бастаған “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясы облыстық филиалының басшылығымен хабарласып,  мән-жайды білдік.

“ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясы облыстық филиалы  директорының орынбасары Қанат Өсербаевтың айтуынша, үстіміздегі жылдың 29 наурызы мен 30 сәуірі аралығында өңіріміздегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын 40 жерден су басқан. Бүгінде 39 жерінде су тартылған. Біреуі әлі су астында .

Қазіргі таңда қарғын судың салдарынан қираған республикалық маңызы бар Жезқазған – Петропавл, Рощинское-Корнеевка – Волошинка, Волошинка – Сергеевка – Тимирязево, Көкшетау – Омбы, Екатеринбург – Алматы, Көкше  тау – Рузаевка автомобиль жолдарының жиектері қалпына келтірілді.

Мәселен, Жезқазған – Петропавл автожолының 872 шақырымын су басқан, қазіргі таңда аталған тұста жолдың беткі қабатын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылданды. Жол төсемінің табанын тұрақтандыру үшін 15 мың тонна болатын ірі  тастармен толтыру бойынша жұмыстар жүргізілді.

Қазіргі таңда жолдың су шайған жиектерін топырақпен толтыру жұмыстары атқарылуда. Жөндеу жұмыстарына барлығы 13 техника жұмылдырылған.

– 5-мамыр күні Жезқазған – Петропавл жол учаскесі бойынша 869-875 шақырымында көліктің барлық түрлері үшін  шектеу алынып тасталды. Қазіргі уақытта аталған жол учаскесіндегі қозғалыс жол полициясы қызметкерлерінің бақылауымен жүзеге асырылуда, – деді Қанат Өсербаев.

Дегенмен, жолаушылар аталған жолдың жиектері мен жұмыс жүріп жатқан жерлерде қауіпті тұстар бар екенін айтуда. Алайда филиал мамандары жолды қалпына келтіру жұмыстары 16 мамырға дейін  толық аяқталатынын айтты.

Жалпы үстіміздегі жылы республикалық маңызы бар Жезқазған – Петропавл автомобиль жолының 78 шақырымында кездесетін шұңқырлар жөнделмек. Сонымен қатар осы айда Николаевка және Покровка ауылдары арасындағы 40 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, Ломоносовка және Новоишимское ауылдары арасында жалпы ұзындығы 83,5 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілмек. 

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp