Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізетінін айта келіп, заманауи ғылымға сүйену міндетін қойған болатын. Бұл орайда, жоғары технологияны қажет ететін ауыл шаруашылығы саласында өте жауапты және де уақыт күттірмейтін науқан саналатын дала жұмыстарын ұйымшылдықпен әрі сапалы атқару тиісті ведомстволар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер алдына іргелі міндеттер жүктейді. Бүгінгі таңда өңірімізде көктемгі егіс науқанына дайындалу үшін жер телімдерін қопсыту, аралық өңдеу сияқты әзірліктің алғышарттары басталып кеткен. Жалпы дайындық жайлы газет оқырмандарының сауалдарына облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев жауап береді.
Еркін ЫСМАҒҰЛОВ,
Қызылжар ауданының тұрғыны:
– Биылғы су тасқыны егіс науқанына кедергі келтірмей ме? Тосын табиғаттан зардап шеккен фермерлерге мемлекет тарапынан жеңілдіктер көрсетіле ме?
– Ауыл шаруашылығы министрлігі “Jana Dala” орталығы мамандарының бағалауы бойынша, су тасқынынан зардап шеккен егіс алаңдары жоқ. Егер суланған учаскелер болса, егіс жұмыстары басталғанға дейін кеуіп кетеді деген үміттеміз. Өйткені синоптиктер күннің жылылығы қалыпты нормадан жоғары болатынын болжап отыр. Ең бастысы, топырақта ылғал қоры жеткілікті. Өткен жылғы күздегі жаңбыр мен қарлы қыстың әсері мол. Топырақтың бір метрлік қабатындағы ылғал қоры 164 мм-ге дейін жетеді, яғни нормадағыдан 76 пайызға асып түседі деген сөз.
“Аграрлық кредит корпорациясы” және “ҚазАгроҚаржы” ұйымдарынан қарыз алған агроқұрылымдардың төлемдері кейінге шегеріледі, кешіктіргені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейді. 2024 жылғы кестелер бойынша барлық төлемдер 2025 жылдан бастап біркелкі төлемдермен қаржыландыру мерзімінің соңына дейін кейінгі төлемдерге бөлінеді. Сондай-ақ 2024-2025 жылдары қарыздың аяқталу мерзімі бар жобалар бойынша қарыз алушының қызмет бағытына байланысты 24 айдан аспайтын мерзімге дейін созылады. Қайта құрылымдау мерзімін ұзартуға өтінімдерді қарау егін жинау аяқталған соң жүргізілетін болады. Үкіметтің отырысында былтыр табиғаттың ауыр климаттық факторлары шаруалардың қаржылық жай-күйіне кері ықпал еткені ескеріліп, барлық қажетті шаралардың қабылданатыны атап өтілді. Осыған орай көктемгі егіс науқанын атқару жұмыстарын үйлестіру жөніндегі жедел штаб облыста да құрылып, талдау жүргізіп отырады.
Санат ЕРКІНБЕКОВ,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Агроөнеркәсіп кешенінің зор әлеуетін тиімді жүзеге асырудың бірден-бір жолы астық өндірісін әртараптандыру екені белгілі. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде жол картасы түзіліп, әртараптандыруға байланысты нақты міндеттер белгіленді. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемі 4,5 млн. гектарды құраса, дәнді дақылдар – 3,4 млн., майлы дақылдар – 751 мың гектар. Жасымықтың егістік алқаптары – 134,8 мың, зығыр – 527,4 мың, қарақұмық 26 мың гектарға жеткізілді. Бұл көрсеткіштер, өткен жылға қарағанда біршама артық.
Десек те, ішкі резервтер толық қолданылып отыр деп айту қиын. Талдау барысы аңғартқандай, Есіл, Қызылжар, Мамлют, Ғабит Мүсірепов атындағы, Тайынша, Тимирязев, Уәлиханов, Шал ақын аудандарында – қарақұмық, Қызылжар, Мамлют, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда майлы дақылдар егістіктерінің кеміп кеткені байқалады.
Өсімдік шаруашылығында әртараптандырудың дұрыс жүргізілмеуі АӨК-нің қарқынды дамуын тежейді. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді әрі экспортқа бағдарланған дақылдар алаңдарын көбейту басым бағыт болып қала береді.
Серік ҚАУМЕНОВ,
Уәлиханов ауданының тұрғыны:
– Бұрындары шағын шаруа тұқымның сапасына қатысты арыз-шағымдарды жиі еститінмін. Қазір жағдай түзелді ме, қандай шаралар қолданылып жатыр?
– Елімізде сапалы тұқым қоры мен тұқым импортына тәуелділіктің бары рас. Әсіресе, ұсақ және орта шаруашылықтар үшін өзекті екенін Премьер-министр Олжас Бектенов ашық айтты. Осыған орай Азық-түлік корпорациясына жинақталған қордан 200 мың тонна тұқымды фермерлерге тауарлық несие түрінде бөлуге тапсырма берілді.
Өңірде теріскейдің тәуекелі басым климатына және өсімдік аурулары мен зиянкестерге төзімді, аудандастырылған сұрыптар өсіріледі. Жақсы өнім кепілдіктерінің бірі – элиталық тұқым. Жылда шамамен 484 мың тоннаға жуық тұқым құйып алынады, бұл ішкі қажеттілікті толық өтейді. Бүгінгі күнге дейін 335 мың тоннасы зертханалық сараптамадан өткізіліп, 90 пайызы бірінші, екінші, 8 пайызы үшінші сұрыпқа жатқызылды. Қазақстанның басқа өңірлерінен – 11,4 мың, Ресейден – 18,7 мың, Еуропа елдерінен 154,8 тонна әкелінді. Бұл соншалықты көп емес. Негізінен суперэлиталық, элиталық, бірінші, екінші, үшінші репродукциялы тұқымдарды аттесталған отыздан астам жергілікті шаруашылықтар әзірлейді. Жыл сайын оларда өнімділігі жоғары сорттық жаңару үлесі артып келеді. Биылғы өсім – 10 пайыз. 2024-2028 жылдарға арналған жол картасына сәйкес 15 пайызға дейін жаңарта отырып, өзімізде шығарылатын тұқымдық қордың көлемін ұлғайтуды басты назарға алып отырмыз.
Білімтай ЕРБОЛАТОВ,
Айыртау ауданының тұрғыны:
– Деректерге сүйенсек, республикада тыңайтқыштарды қолдану деңгейі ғылыми қажеттіліктің небәрі бестен бірін ғана өтейтін көрінеді. Облыста ілгерілеушілік бар ма?
– Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін және топырақтың құнарлылығын арттырудың ең тиімді жүйесі танаптарға енгізілетін минералдық тыңайтқыштардың көлемін ұлғайту болып табылады. Өкінішке қарай, агротехникалық талаптардың қатаң сақталмауы өнімнің көлемі мен сапасына кері әсерін тигізіп жататыны жасырын емес. Оның бір ұшығы минералды тыңайтқыштармен, пестицидтермен, өсімдіктерді қорғайтын басқа да қажетті заттармен қажетті мөлшерде қоректендірілмеуіне келіп тіреледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялаудың жаңа тетігін ұсынып, оның аясында шаруаларға арзандатылған тыңайтқыштар алдын ала берілетін болады. Бұдан бөлек, әкімдіктердің кепілдігімен бөліп-бөліп беру мәселесі зауыттармен бірлесіп пысықталуда. Сөйтіп, тыңайтқыштарды қолдану деңгейі 46 пайызға жеткізілмек.
Былтыр өңір бойынша 190 мың гектар алқапқа минералды тыңайтқыш сіңірілсе, биылғы меже – 256,6 мың тонна. Бұл – ел бойынша қолданылатын тыңайтқыштың үштен бірі. Оның ғылыми негізделген нормасына 2028 жылға таман толық жететін боламыз. Тәжірибе көрсеткендей, өскіннің вегетациялық кезеңінде ылғал тапшылығы мен жоғары температура жағдайында қоректік заттар ауадай қажет. Тамыр жүйесінің тезірек қалыптасып, құрғақшылыққа бейімделуіне септігі өте мол.
Бүгінде тыңайтқыштың 79 пайызын сатып алуға келісімшарт жасалып, 65 пайызының ақысы төленді, 47 пайызы жеткізілді. Негізгі операторлар – “Байдала”, “Казфосфат”, “КазАзот”, “Қазкемикал”, “Дархан дала” серіктестіктері. Ресейдікіне қарағанда, аммофостың, аммиак селитрасының, сульфоаммофостың бағасы қолжетімді. Агротехникалық талаптарды сақтау және минералдық тыңайтқыштарды енгізу есебінен “Иван Зенченко”, “Тұқым”, “Новомихайловское-2003”, “Асхат Агро”, “Сервис ЖАРС”, “Қазақстан Бидай”, “СК Вагулинское”, тағы басқа шаруашылықтар бітік астық өсіріп жүр.
17 сәуірден бері тыңайтқышты субсидиялауға 2,9 млрд. теңгенің 318 өтініші түсіп, қаралды.
Жайқала өскен бітік егінді сақтап қалу мақсатымен егістіктерге химиялық өңдеу жүргізудің маңызы зор. Бұл орайда мемлекет пестицидтердің құнын 50 пайыз мөлшерінде субсидиялау түрінде қолдау көрсетеді. Биыл арамшөптерге қарсы – 3,2 млн., зиянкестерге – 211,4 мың, түрлі ауруларға 599,2 мың гектар аумақта химиялық өңдеу жүргізіледі.
Ержан ҚҰСАЙЫНОВ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Егіншілік мәдениетін арттырудың бірден-бір кепілі – суармалы жерлер жөнінде әңгіме қозғалса, мысалға Тайынша ауданындағы “Астық-СТЕМ” ЖШС ғана келтіріледі. Басқа шаруашылықтар озық технологияға неге жүгінбейді?
– Сұрақ өте орынды қойылып отыр. Еліміздегі суармалы жерлердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар. Расында да табиғат әрдайым жомарттық таныта бермейді. Сондықтан кез келген қиындықтарға тас-түйін дайын болуымыз керек. Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында бұл мәселеге айрықша көңіл бөлінген. Облыста су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жерлер егістіктерін біртіндеп ұлғайту белсенді жүргізілуде. 5 инвестициялық жоба шеңберінде суды көп қажет ететін дақылдар азайтылып, құрғақшылыққа төзімді түрлері егіле бастады. Биыл тағы 4 жоба іске қосылады. Алғашқы нәтижелер жоқ емес. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын суару көлемі екі есеге артып, 4713,5 гектарға жетті, оның басым бөлігі жаңбырлатып және тамшылатып суаруға негізделген. “Астық-СТЕМ”, “Таң”, “Зенченко және К”, “Явленское МТС” шаруашылықтары заманауи су үнемдеу технологиялары жабдықтарын орнатты.
Асхат ОСПАНОВ,
Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны:
– Өңірде ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау жайы қанағаттандыра ма?
– Саланы дамытуға арналған қаражат республикалық және жергілікті бюджет есебінен қарастырылып келеді. Биыл оның мөлшері 60,8 млрд. теңгені құраса, тұқым шаруашылығына – 1,8 млрд., пестицидтерге – 11,3 млрд., тыңайтқыштарға 7,4 млрд. теңге бөлінді. Былтыр “ҚазАгро” және “ҚазАгроҚаржы” АҚ филиалдары 36,3 млрд. теңгеге 600-ге жуық өтінішті қанағаттандырды. Техникаларды лизингке беру кезінде аванстық төлем инвестициялық субсидиялар есебінен жүзеге асырылып, сатып алудың қолжетімділігі оңайлатылды. Биыл 46,3 млрд. теңгеге 656 өтініш қаржыландырылады.
“Азық-түлік корпорациясы” АҚ ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу шеңберінде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін АӨК субьектілерін 10 млрд. теңгеге қаржыландырады. Оның шарттары жарияланып, аудандарға жіберілді.
Айдын ҚАСИМАНОВ,
Аққайың ауданының тұрғыны:
– Шаруалар заманауи техникалармен толық жарақтандырылған ба?
– Шыны керек, ауыл шаруашылығы техникасының тозуы алаңдатпай қоймайды. Мемлекет басшысы машина-трактор паркінің ескіруі күрделі мәселеге айналғанын, 80 пайызы тозғанын, жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажеттігін айтқан болатын. Үкімет бұл ретте шаруалардың мүддесін алдымен ескере отырып, фермердің өзі төлеп келген алғашқы 15 пайыз жарнаның орнына тікелей лизингтік компанияға инвестициялық субсидия салу жолын қарастырмақ. Мұның өзі айналым қаражатын ішкі қажетке жұмсауға мүмкіндік береді. Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері және “Бәйтерек” холдингі мамырға қарай ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингін қаржыландыруға қаражат бөліп, түпкілікті қарыз алушы үшін мөлшерлеме 5 пайыздан аспайды.
Соңғы жылдары өңірде ауыл шаруашылығы саласын техникалық қайта жарақтандыру қарқынды жүргізіліп келеді. Барлығы 644 техника есептен шығарылды. Соның өзінде 10 мыңдай техниканың пайдалану мерзімі 30 жылдан асқан. 2023 жылы 79,5 млрд. теңгеге 2848 техника сатып алынды. Оның 363-і – трактор, 201-і – комбайн, 47-і – егіс кешені, 852-і – астық сепкіш. Жыл аяғына дейін 70 млрд. теңгенің 2560 техникасы әкелінеді. 219 машина-трактор шеберханасы штаттық режімде жұмыс істейді.
Жауапты науқанға әртүрлі маркалы 12,5 мың трактор, 1,5 мың себу кешені, 5,8 мың жүк көлігі қатысатын болады. Олар дала жұмыстарына толық әзір.
Берік АУҚАТОВ,
Петропавл қаласының тұрғыны:
– Жылдағыдай көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген дизель отыны бөліне ме?
– Жеңілдікті дизель отынын үлестіру бағытында жаңалықтар аз емес. Біріншіден, оның көлемін қалыптастыру алғаш рет “Gosagro.kz” арқылы фермерлердің электрондық өтінімдері негізінде жүзеге асырылды. Екіншіден, оның құны литріне 250 теңге болып бекітілді. Үшіншіден, өтінім беру және жанармай алу рәсімі цифрландырылған. Мұның алыпсатарлыққа және қолдан тапшылық жасауға жол бермеуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға әсері зор.
Иә, жанар-жағармай материалдарымен уақытылы қамтамасыз етудің маңызы айтпаса да түсінікті. Биылғы қажеттілік – 53,2 мың тонна, жанар-жағармай бекеттеріне қарағанда 15 пайызға арзан. Бүгінгі күні 10 жеткізуші оператормен 1446 келісімшарт жасалып, 40,2 мың тоннасы сатып алынды, 22,2 мың тоннасы жеткізілді.
Дайындаған
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.