Өткен ғасырдағы ұлт тарихына көз жүгіртіп қарайтын болсақ, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы қазақ халқы үшін жаңа идеялар мен қозғалыстар кең өріс алған, азаттық үшін күрестің жаңа толқыны елдің санасын оятқан, өзгерістер мен қақтығыстарға толы уақыт болғаны байқалады. Бұл бірнеше ғасыр бодандықта болып, басқадан артта қалып, қалың ұйқыда жатқан халықтың бас көтерер оқығандарының оянып, ортақ мүдде айналасында біріге бастаған тұсы еді.
Осы сәтте қазақтың бостандық жолындағы сан ғасырлық күресінің жалғасындай болған Алаш қозғалысының туы көтерілді. Ғұмыры қысқа болса да Алаш қозғалысы ұлттың санасында сілкініс туғызып, білім беру, ғылым мен әдебиеттің өркендеуіне әсер етті. Алып империяның қол астындағы мұсылман халықтары аяққа тұсау болған бодандық шынжырын қалай үземіз деп кеңес құрып жатқанда қазақ зиялылары да үлкен қозғалысқа қосылып, ұлтын жарық күнге алып шығудың жолын іздеумен болды. Нәтижесінде Орынбор, Омбы, Қызылжар мен Семей қалаларында алашшыл азаматтар бас қосып, қазақ қоғамындағы оң өзгерістерге ұйытқы болды. Бүгінде өңірімізде туып-өскен 40 шақты Алаш қайраткерлерінің болғаны белгілі. Әлі күнге есімі көлеңкеде қалып, өмір жолы терең зерттелмей, халқымен қауышпай келе жатқан есімдер де бар. Ақын, жазушы, педагог, публицист, драматург Байбатыр Ержанов (Құлақбаев) та – тоталитарлық жүйенің құрбаны болып, шығармаларын шаң басып, есімі уақыт қалтарысында қалған асылдарымыздың бірі.
Күні бүгінге дейін Байбатыр Ержановтың дүниеге келген жылы мен туған жерінің өзі әр жерде әртүрлі жазылып келеді. Тәуелсіздік алған тұста ақын шығармаларына алғашқылардың бірі болып мән берген Жұмат Тілепов “Қазақ поэзиясының антологиясына” бірнеше өлеңін енгізіп, оның 1895-1919 жылдар аралығында өмір сүргенін жазады. Кейін мақаласында оның Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келгенін көрсетеді. Алайда бүгінде оның Есіл ауданының тумасы екені мәлім болып отыр. Ғалым бозбала жігіттің енді есеюге бет алған шағында дүние салғаны ол туралы зерттеулерді кешеуілдеткенін жазыпты. Бұл ретте зерттеуші ақынның жерлесі, жазушы Сейтен Сауытбековтің әңгімесіне сүйенеді. Ал Байбатыр Ержановтың немересі Қайыржан Құлақбаевтың қолындағы құжаттарға сенсек, ол 1897 жылы дүниеге келген, бозбала шағында дүниеден өтпеген, қуғын-сүргін басталған тұста ұсталып кеткен. Өлкетанушы Қайролла Мұқанов ақынның Керейдің ішінде Самайдан тарайтынын, жазушы Жақсыбай Самрат оның Есіл ауданы, Тауағаш ауылынан шыққан қаламгер екенін жазады. Әкесі Исмаил Құлақбайұлы дәулетті адам болған. Байбатыр оның ағайыны Ержанның бауырында өскен соң соның тегін алған. Ақынның тегі Ержанұлы, Исмаилұлы, Құлақбаев деп әр жерде әртүрлі жазылып жүргені содан.
Қаламгердің өмірбаянына қысқаша тоқталсақ. Ол 1916 жылы Троицк қаласындағы “Уәзипа” медресесінде білім алған. 1920-1930 жылдар аралығында Қызылжарда білім беру ісіне үлес қосып, қазақ мектебінде меңгеруші болған. 1930-1931 жылы Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасында оқып, кейін Қарағандыдағы Степняк елді мекенінде мұғалім болған. 1933-1935 жылдары Семейдегі геологиялық-барлау техникумында оқытушы, Жазушылар одағының Семейдегі хатшысы болып, 1935 жылы ұсталған. 1936 жылы бірнеше жылға сотталып, кейін қайтыс болған.
Байбатыр Ержановтың тұңғыш “Тұр, қазақ!” өлеңдер жинағы 1911 жылы Қазан қаласында жарық көрген. Бұл кезде ақын небәрі 14 жаста ғана еді. Кейін кітаптың 1914 (1915) жылғы екінші басылымында ақын өзі туралы “Байғұс-ау, он сегізге жасың келді” деп жазады. “Тұр, қазақ!” мазмұны мен стилі жағынан 1909 жылы жарық көрген Міржақып Дулатұлының “Оян, қазағымен” үндес. Міржақып Дулатұлы “Оян, қазақ!” деп оятқысы келген қазаққа ақын “Тұр, қазақ!” деп ұран салса, 1917 жылы Ә.Арғыни “Жатпа, қазақ!” кітабын шығарды. Аталған үш кітап сол замандағы ұлт зиялыларының ортақ мақсат-мүддесі мен Алаш ұранды әдебиеттегі “Оян!” мотивін көрсетеді.
Кітабының сөз бастарында ақын “Тұр, қазақты” жазудағы ниеті туралы “Намруд залым отқа салғанда, сол жанып тұрған отты сөндіремін деп тұмсығымен бір тамшы су әкелген қарлығаштай мендағы халқымызға пайда келтірмек ниетімменен осы бір рисаланы майданға салып, түзеп жаздым” дей келе, соңына “Байбатыр Ержанұлы. Петрапабыл-Қызылжар” деп өз атын жазады. Жинақтың құрылымы, тақырыптарға бөлінуі, көтерілген идеялар мен мәселелері “Оян, қазаққа” өте жақын. Міржақып Дулатұлы шығармашылығымен әсерленіп, елінің ертеңіне алаңдаған ақын өзі де қолына қалам алып, ұлтына жол нұсқаған. “Оян, қазақтың” басында:
“Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты”, – делінсе, “Тұр, қазақ” жинағы:
“Қазағым, халың жаздым бұ кітапқа,
Алыңыз оқуменен ілтипатқа.
Жер кетіп, халің нашар болып қалды,
Аярып, мәз болмаңыз құр атаққа”, – деген шумақпен басталады.
Кітапта заманның күрделі мәселелері көтерілген, ұлтын ғылым-білімге шақырып, ескілікті мансұқ еткен “Ояну”, “Сахарауи қазақ даласының хәлі”, “Сахарауи қазақ халқына насихат”, “Мешіт пен медресе хақында”, “Оян, қазақ”, “Жол көріп оқығандарымыз-жиырмасыншы ғасыр жастарына”, “Қайран қоныс” т.б. туындылары енген. Жалпы алғанда, ақын бұл өлеңдерінде патшалық биліктің қазақтың еңсесін басып, ел ішін жемқорлық, тамыр-таныстық, аярлық, атақ-құмарлық пен надандық жайлағанын, білім берудің кенже қалып, меңіреу молдалардың надан шәкірт тәрбиелеп жатқанын, ұлттың заман көшіне ілесе алмай ұйқыда жатқанын сөз етеді. Бұл қиындықтан шығу үшін алаш баласына бірігіп, ескіліктен арылып, ғылым-білімнің соңына түсіп, өз хақын өзі қорғай алатын күнге жету керек екенін айтады. Оның бұл өлеңдері Ш.Құдайбердіұлы, С.Торайғыров, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев сынды Алаш ұранды әдебиет өкілдерінің шығармаларымен үндесіп жатыр. Мысалы Байбатыр Ержанов “Қайран қоныс” өлеңінде:
Кеттің ғой, жылай-жылай қайран қоныс,
Мекен ғып қонып жатыр оған орыс, – деп қапа болса, Міржақып Дулатұлы өзінің “Қазақ жерлері” жырында:
“Зеңгір тау, аққан бұлақ, шалқар көлдер,
Кетті ғой бетегелі биік белдер”, – дейді.
Молдалар туралы Ахмет Байтұрсынұлы:
“Басында – сәлде,
Аузында – Алла,
Молдаларда не ғамал?”, – десе, Байбатыр Ержанов та осы көзқарасты ұстанып:
“Ұстайды біздің қазақ
бала молда,
Ол өзі дінді бұзар шала молда”, – деп надан молдадан шала оқыған ұрпақтың ертеңіне алаңдаушылық білдіреді.
Айта берсе, ақын шығармаларының Алаш арыстарымен үндестігіне көп мысал келтіре беруге болады. Қаламгердің қостанайлық Нұржан Наушабаевпен жазысқан хаттары да осы жинаққа еніпті.
Қаламгердің келесі бір соқталы шығармасы 1912 жылы Қазанда басылған “Оқуға махаббат” кітабы. Ғасыр басындағы әдебиет тарихына қатысты еңбектерде туындының жанры повесть деп көрсетілген. Онда Бекей байдың ұлы Елеусіздің әкесінің қарсылығына қарамастан өз бетінше оқып, білім қуғаны жайлы баяндалады. Әкесінің молданың ақшасын төлеуден бас тартқанына қарамастан Елеусіз жаңаша оқыған Бақытжан мұғалімді іздеп барып, тәлім алады. Кейін Бақытжанмен бірге Орынборға кетіп, оқыған азаматқа айналады. Повестегі Елеусіздің әкесіне айтқан:
“Сабақты, әке, мен оқиын,
Хақтың сөзін мен тоқиын,
Қарап жүру бізге қиын,
Оқыт мені, әкетайым”, – деген сөзі сол замандағы қазақ жастарының аға буынға жолдаған үндеуі іспетті.
Академик Дихан Қамзабекұлы сол замандағы “жәдидшілдік” ағымының қолдаушысы ретінде Байбатыр Ержановты атап, оған “Оқуға махаббат” повесін мысал етеді. М.Көпейұлы, Н.Наушабаев, М.Қалтаев, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы сынды зиялылар кітап шығарып, ұлтын оятуға тырысып жатқан тұста қызылжарлық Байбатыр Ержанов та шығармаларын бастырып, ортақ іске үлес қосты. Татарстан архивіндегі баспа ісі жөніндегі уақытша комитеттің құжаттарында “Тұр, қазақ!” 1911 жылы 2000, 1915 (кей деректерде 1914) жылы 5000 данамен, “Оқуға махаббат” 1912 жылы университет баспаханасынан 3600 данамен жарық көргені туралы айтылады. Көзі тірісінде ақынның екі кітабы жалпы саны 10600 данамен тараған. Тәуелсіздік жылдары “Тұр, қазақ!” зерттеушісі Төреәлі Қыдыр құрастырған ұжымдық жинақта 2017 жылы санаулы таралыммен, 2022 жылы 1000 данамен баспа бетін көрді. Ал “Оқуға махаббат” әлі төте жазудан толық аударылып, жарияланбай келеді. Соңғы 30 жылдағы кітаптарының таралымы ақынның көзі тірісінде шығарған тиражына да жеткен жоқ. Бүгінде оның еңбектерінің әр басылымының бірнеше жерде сақталып қалғаны – төңкеріске дейін оның бұл кітаптарының кең тарағанының дәлелі. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова “Тұр, қазақты” Қазан мұрағатынан көргенін айтады.
Байбатыр Ержановтың өлең, әңгіме, мақала, фельетондары “Айқап” журналы мен Қызылжарда шыққан “Жас азамат” газетінде жарияланған. С.Мұқанов естелігінде оның жазғандары “Қазақ” газетінде де басылғанын айтады. Соған қарап “Қазақта” “Керей” лақап атымен берілген және авторы белгісіз Қызылжар туралы кей хабарлардың авторын Байбатыр Ержанов деп топшылауға болады.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивіндегі құжаттарда ақынның педагогикалық қызметі туралы деректер сақталған. Онда 1925 жылы 21 ақпанда Байбатыр Ержановтың бірінші қазақ мектебіне меңгеруші болып тағайындалғаны туралы бұйрықтан үзінді бар. Ал 1927-1928 жылғы Қызылжардағы мектеп қызметкерлері туралы құжатта оның 13 жылдық тәжірибесі бар маман екені жазылған. Профессор Зарқын Тайшыбай өз зерттеуінде 1922 жылғы 5 қараша күні Байбатыр Ержановтың қазақ оқығандарымен бірге 3 жылдық мұғалімдер курсын ашу туралы жиынға қатысқанын келтірген. Зерттеушілердің жазуынша, Байбатыр Ержанов Ә.Бөкейханұлы, М.Дулатұлы сынды арыстармен таныс болған. Ұрпағының сөзінше, 1929 жылы түрмеде жатқан М.Жұмабаевпен кездескен.
1935 жылы Семейде оқытушы болып жүрген ақынды НКВД тұтқынға алады. Оған қатысты айыптау қорытындысында іс қозғауға соңғы тексеру кезінде қаламгердің Алашорда мүшесі және саудагерлер ортасынан шыққаны үшін партиядан шығып қалғаны себеп болғаны айтылады. Айыптауда Байбатыр Ержанов Алашорданы соңғы сәтке дейін қолдап, Қызылжарда шыққан “Жас азамат” газетімен байланыста болғаны, халықты Алашты қолдауға шақырғаны, 1925 жылы Алашқа қатыстылығы мен ауқатты ортадан шыққанын жасырып, партия қатарына өткені үшін кінәлі деп танылады. НКВД оны партия қатарына өткеннен кейін де Алаш идеологиясына қызмет етіп, мұнысын шығармаларында көрсетіп, антисоветтік бағытта болғаны үшін айыптаған. Заттай дерек ретінде оның 1933-1934 жылы жазылған колхоз құрылысы туралы солақай саясат пен асыра сілтеуді сынаған шығармасын көрсетеді. Сөйтіп, қаламгер 1936 жылы екі бап бойынша 5 және 8 жылға сотталады. Ақын бостандыққа жете алмай қайтыс болады. Тек 1961 жылы ғана қаламгердің есімі ақталып, Жоғарғы соттың шешімімен іс тоқтатылды.
Тектіден қалған тұяқ – ақынның немересі Қайыржан Құлақбаев Астанада тұрады. Ол талай мекеменің табалдырығын тоздырып жүріп, 200-дей материал жинаған. Десе де қаламгердің өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер әлі түгенделіп болған жоқ. Байбатыр Ержановтың суреті мен драматургиялық шығармалары да осы күнге дейін табылмай келеді.
Бозбала шағынан елінің ертеңіне алаңдап, жырларымен халқына жол көрсетіп, қалам қуаты жеткенше қазақтың көзін ашып, ғұмырын Алаш жолына, надандықпен, бодандықпен күреске арнаған Байбатыр Ержановтың қысқаша өмір жолы осы. Бұл тақырыпқа бойлап отырғандағы мақсат – беймәлім Алаш тарихының бір парағын ашуға тамшыдай болсын үлес қоссақ деген ниет еді.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕРДЕ: сол жақта “Оқуға махаббат”, оң жақта “Тұр, қазақ!” кітаптарының мұқабасы.