«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ӨЗГЕНІҢ ӨМІРІН ТАЛҚЫЛАУ — ӨЗ МӘСЕЛЕМІЗДІ ҰМЫТТЫРАДЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі қоғамның келбеті жайлы сөз қозғалғанда түрлі пікірлер айтылады. Сынаушылар да бар, үмітпен қараушылар да көп. Себебі қазіргідей аумалы-төкпелі заманның құндылығы қым-қиғаш. Осының әсерінен болар біздің қоғамды түрлі мәселелер толғандырады. Оларға жауап табу да қиын. Өңірімізге белгілі клиникалық психолог, “Рух” психология және тұлғаны дамыту орталығының басшысы Резеда Баймұхаметовамен жанымызды ауыртқан кейбір жайттар жайлы сұхбаттасқан едік.

– Резеда Сәлімжанқызы, сұрақты турасынан қойсам дей­­мін, жалпы біздің қазіргі қоғамның психологиясы қан­дай?

– Қазіргі қоғамның психоло­гиялық мәселелерін бірнеше факторлармен байланыстыруға болады. Соның бірі – өмір сүру жағдайларының тез өзгеруі және қызметтің барлық салаларында бәсекелестіктің күшеюі. Қазіргі қоғам стресс пен күйзелістің көзі болып табылатын жұмыссыз­дық, зорлық-зомбылық және на­шақорлық сияқты жаңа әлеу­меттік мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Сонымен қатар қоғам оқшаулану, жеке байланысқа сұ­ранысты азайтатын әлеуметтік медиа сияқты технологияның теріс әсерлерінен де қиындық­тарға тап болды. Бұл күйзеліс, алаңдаушылық, мазасыздық және басқа да психологиялық қиындықтар тудырады. Жалпы қазіргі психологиялық мәселе­лер – адамдарға тың міндеттер қоятын және жаңа жағдайларға бейімделуді талап ететін тез өзгергіш күрделі өмір салты. Осы ретте, ең алдымен, балала­ры­мыздың психологиялық жайлы­лығына көңіл бөліп, көп ойла­нуымыз керек. Бұл тұрғыда ең маңызды кеңес – көмек сұраудан тартынбау.

– Қоғамдағы өзгерістер жайлы айтқанда “заман басқа, ниет бұзылды” деп жатамыз. Бұл қаншалықты шындыққа саяды? Қарап отырсақ, қо­ғамда неше түрлі сұмдық жайттар болып жатыр. Бұл да көкірегі ашық, көңілі ояу адам­ды толғандырмай қоймай­тыны анық.

– Қоғамдық құндылықтар адамға әсер ететін факторлар­дың негізінде қалыптасады. Біз­дің санамыз да отбасындағы тәрбиенің жемісі екені даусыз. Сонымен қатар адамның қалып­тасуына сол кезеңде болатын әлеуметтік оқиғалар да әсер ете­тіні сөзсіз. Тоқсаныншы жылда­ры америкалық ғалымдар ұрпақ­тар теориясын зерттеген. Осы теория негізінде ХХ ғасырдан бү­гінгі күнге дейін алты ұрпақ қа­лып­тасты. Миллениум ұрпақ­тары (1984-2000ж.) – КСРО-ның ыдырауы, әскери қақтығыстар, лаңкестік әрекеттер, байланыс, цифрлық, интернет және мобильді технологиялардың қар­қынды даму кезеңіне жатады. Сондықтан осы кезеңде өскен ба­лаларды “бас бармақ ұрпақтары” деп те атап кеткен. Өйткені олар өзде­рінің гаджеттеріне хабарла­ма­ларды теруде керемет жыл­дам.

Осы кезеңде өскен ұрпақтың тағы бір ерекшелігі – олар шы­дамсыз, тез нәтиже күтеді. Негі­зінен бұл кезеңнің адамдары өздеріне зиян келтірсе де, та­нымал нәрселер жасады. На­шақорлық, шылым шегу, алкого­лизм – осы кезеңнің негізгі проб­лемалары. Бұдан кейін қоғам­ның назарында болуға талпын­ған­дардың дәуірі келді. “Z ұрпақ­тары” 2000 жылдардан баста­лады. Шектеулер жойылды, іш­кен-жегенін, ұйықтағанын, оян­ғанын қоғамға ашық көрсететін буын қалыптасты. Бұл санаттың өкілдері әлі де туады. Сондықтан олардың қалыптасу жолы аз зерттелген. Ғалымдардың пікі­рінше, әлемдік қаржы дағда­рысы, бизнестің шоғырлануы, сауда желілерін құру – мұның бәрі келесі “үнсіз” ұрпақты қа­лыптастырып жатыр. Ғаламтор­дан алынған ақпаратқа қарап қорытынды жасайтын қоғам құ­ры­луда. Қазір виртуалды қарым-қатынас заманы деп айтуға бо­лады. Әр дәуірдің өз ерекшелік­тері де, әр заманның өзіндік сұмдық жайттары да бар. Ал мұндай жағдай Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге тән.

– Біреудің жетегінде кетпеу үшін әр қоғамның өз көзқа­расы болуы керек. Біз қазір керісінше кім не айтса, соған иланып отырған жайымыз бар. Бұл – ненің белгісі?

– Адам баласы – табиға­тынан қызығушылығы зор және қоршаған әлемді түсінуге құш­тар. Осы тұрғыдан қарасақ, бас­қа адамдардың проблемалары­на жиі назар аударатынымыз анық. Өзгенің мәселесіне қызы­ғушылық танытуы тұлғаның эмпатиясы мен жанашырлығына байланысты болуы мүмкін. Екінші жағынан, адамдар кейде өздерінің уайымдары мен күй­зелістерінен қашу тәсілі ретінде басқалардың проблемаларына назар аударуға бейім. Басқа адамдардың әңгімелері эмо­ционалды ресурс ретінде қызмет ете алады. Бұл бізге өз қиындық­тарымыздан уақытша құтылуға мүмкіндік береді. Адам – әлеу­меттік тіршілік иесі. Басқалар­дың мәселелерін талқылау әлеуметтік байланыстарды ны­ғайтудың және мүдделер қа­уымдастығын құрудың құралы бо­ла алады.

Өзгелердің мәселелеріне назар аударудағы БАҚ пен әлеу­меттік желілердің рөлін ескеруі­міз керек. БАҚ-та және әлеумет­тік желілерде көпшіліктің наза­рын аудару үшін көбіне драма­лық оқиғаларды немесе қиын өмірлік жағдайларды көрсетеді. Көрініс пен сенсация басқа адам­дардың проблемаларын қабылдауды күшейтеді. Бұл та­қырып – талқылау, талдау үшін көпшілікке тартымды. Сонымен қатар басқа адамдардың проб­лемаларына немқұрайлылық танытпай, назар аудару мораль­дық қолдау мен ынтымақтастық­тың бір түріне айналуы мүмкін. Қиындықтарға қарсы бірігу әлеуметтік байланыстарды ны­ғайтады, қоғамда жағымды құн­дылықтарды қалыптастыруға жол ашады.

Адам өзін басқалармен са­лыс­тыруға бейім. Басқа адам­дар­дың проблемаларын өз өмі­рі­мен салыстыру арқылы жағ­дайының қаншалықты қиын не­месе жақсы екендігін саралай­ды. Шамадан тыс көп ақпарат дәуірінде өмір сүріп жатқандық­тан, біреудің қолында ойыншық болмас үшін әрбір хабарламаны сыни талдаудан өткізу керек. Елес шындықтың (иллюзорная правда) әсерін түсіне білсек, ол бізді алданып қалудан сақтайды.

– Соңғы жылдары елімізде жастардың білім алуы үшін гранттар саны көбейді, шәкірт­ақы өсті. Осының барлығы – өскелең ұрпақты сауатты, бі­лікті, заманға бейім қылып тәрбиелеу үшін жасалып жат­қан шаралар. Жоғары білім­ділерді көбейту арқылы са­уат­ты қоғам құруға бола ма?

– Гранттардың бөлінуі және шәкіртақының көтерілуі жастар­дың сауаттылығына әсер етпей­ді. Жоғары оқу орнының дип­ломы адамның сауаттылығының көрсеткіші емес. Мен үш жоғары білімі бар, бірақ қолынан ештеңе келмейтін адамды білемін. Бү­гінгі таңда әрқайсымыз сауат­тылығымызды арттыру мүмкін­дігіне иеміз. Жастардың кітап дүкендеріне жиі барып, кітап оқи­тынын көріп жүрмін. Бізге қара­ғанда жастарымыз өте сауатты деп айта аламын. Сауаттылыққа ұмтылған адам грант береді не­месе оқу ақы көтеріледі деп тосып отырмайды. Ол өзінің сауатын арттыра береді. Са­уатты болу – ол жеке адамның шешімі.

– Кезіндегі саяси қуғын-сүргіннің қоғамның болаша­ғына тигізген зияны орасан. Біріншіден, қоғамның жалпы мәдениетінің төмендеуіне, бар­лық салалардағы интеллек­туалдық деңгейдің нашарла­уы­на зардабы тиді. Екіншіден, барлық адамдардың ішкі дү­ниесінде үрей қалдырды. Үшіншіден, репрессия бары­сын­да, одан кейін де көптеген адамдардың моральдық жа­ғынан азғындағаны байқал­ды. Осы үрдіс әлі де жалғасып келе жатқан жоқ па?

– Тарихымызда болған реп­рессиялар із-түссіз өткен жоқ. Оның психологиялық зардап­тарын қазіргі ұрпақ та сезініп отыр деп айтуға болады. Реп­рессия кең таралған дәрмен­сіздік пен қорқыныш сезімін ту­дырды. “Неге?” деген сұраққа жауап жоқ. Бұл мағынасыз қайғы мен үмітсіздікті одан әрі кү­шейтті. Сол кездегі кеңестік жүйе қуғын-сүргінге ұшырағандарды отбасы мүшелерінен ажыратты. Туыстарының қуғын-сүргін құр­бандарымен араласуы аса қа­уіпті болғаны тарихтан белгілі. Сұм­дық пен үмітсіздікке, жал­ғыздыққа ұшыраған адамдардың ішкі әлемінде не болып жатқа­нын шамамен түсінуге болады. Осылайша қуғын-сүргін құрба­ны болған адамдардың бірінші ұрпағы (оның ішінде олардың отбасы мүшелері) психология­лық шок алды. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың балаларының балалық шағы үнемі үрей мен қорқынышта өтті. Тоқсаныншы жылдардың басында америка­лық жазушы Кэтрин Бейкер мен ресейлік психолог Джулия Гип­пенрайтер сталиндік репрес­сияға ұшыраған отбасылардың үш ұрпағына зерттеу жүргізді. Олар бұл ұжымдық жарақаттың ізі бүгінгі күнге дейін жалғасып, жетінші ұрпаққа дейін созылуы мүмкін деп санайды. Бізде қазір дәрменсіздік, ештеңеге әсер ете алмаймыз деген көзқарас қа­лыптасқан, болашаққа деген се­німсіздік, өмірдің мәнін жоғалту, кек алу үшін өмірден жау іздеу сынды жайттарды бастан өтке­ріп жатырмыз. Бір сөзбен айт­қанда, қазіргі ұрпақ трансгене­ративтік тетіктер арқылы бе­рілген ұжымдық жарақаттың салдарымен күресуге мәжбүр. Алдыңғы ұрпақ жинаған талай мұң, үрей, уайым, жалғыздық біздің өмірімізге де әсер етеді. Осы жан жарасымен қатар бізге ата-бабаларымыздан стрестік және қатал жағдайларда аман қалу қабілеті де бұйырды. Ста­линдік террор дәуіріне тән тә­жірибелер біздің мәдениетіміз бен ұлттық санамызда өшпес із қалдырды. Біз осы қателіктерді қайталаудан аулақ болып қана қоймай, қоғам болып өсуге, дамуға талпынуымыз керек.

– Бір кездері “қазақ жал­қау”, “қазақ дарақы”, “қазақ тойшыл”, “қазақ мақтаншақ” деген ұлттық намысқа тиетін сөздерді өзгелерден бұрын өзіміз жиі айттық. Бұл әр ұлтқа тән мінез-құлық емес пе? Оның барлығын жиып-теріп өзімізге телу құлдық сананың көрінісі емес пе?

– Жалқауда, дарақы­да, тойшылда, мақтан­шақ­та ұлт жоқ. Ол – жеке адамның көрсеткіші. Сондықтан да оны қазақ ұлты­мен байла­ныстыру қате. Бір қызығы, біздің ұлтымыздың нақты мінезі тура­лы түсінігіміз аз. Осының сал­дарынан сте­реотиптің құрбаны боламыз. Психолог Ричард Ро­бинс атап өт­кендей, “белгілі бір адамдардың мінезі туралы стереотиптік идея­лар – бұл бел­гілі бір әлеуметтік мақсаттарға қызмет ету үшін жасалған әлеу­меттік құрылым­дар”. Бас­қаша айтқанда, сіздің белгілі бір ұлт туралы пікіріңіз сол елдің немесе ұлттың нақты өкілдерінің шы­найы мінезінен гөрі өзіңіз өмір сүріп жатқан қоғам туралы көбірек айтады.

– Неге біздің қоғам әйелге қатал? Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраса да, от­басының шаңырағы шайқалса да әйел кінәлі?

– Екі адамның арасында бі­реуі ғана кінәлі болу мүмкін емес, осыны түсінгенше өмір өте­ді. Қарым-қатынасты екі адам құрады. Бұл қарым-қатынастар үшін екеуі де жауапты. Көбіне ажырасуға бастама жасайтын­дар – әйелдер. Егер екеуі де кінәлі болса, ерлер де, әйелдер де ажырасуға бірдей арыз беруі керек еді. Бірақ ер адамдар ажы­расуға сирек ниет танытады. Бұл жайт отбасының ыдырауына тек әйелдер кінәлі деген көзқарасты қалыптастырды. Қоғамның пікі­рінше, әйел ошақтың иесі, сақ­таушысы болып саналады. Со­нымен қатар ол өз құқығын қол­данып, балаларын алып, ажы­расып кете алады. Бұл жағдайда ерлер, оның туыстары, қоғам әйелді кінәлайды. Қазіргі таңда біздің қоғамда адамдардың әлеуметтік құрылымы мен сана­сында елеулі өзгерістер орын алуда. Қоғам белсенді дамып келеді, адамдардың бір-бірімен араласу формалары өзгеруде, жекелеген адамдар жаңа мәр­тебелер мен рөлдерге ұмты­луда. Бірақ бұрыннан ескірген мінез-құлық үлгілерін жоймай алға жылжу мүмкін емес. Ең алдымен, әйелдер де, ерлер де заңды құқықтарын пайдалана алатынын және пайдалануға лайық екенін, егер олар қиын жағдайда қалса, қоғам мен заң тарапынан қолдау көрсетілетінін түсінуі қажет. Заң алдында әйел де, еркек те тең.

– Біз суицид жасаушылар саны жағынан да, ажырасу көрсеткіші бойынша да әлем­де алғашқы ондықта жүрген елміз. Бұл ненің салдары?

– Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы суицидті әлемнің кез келген елінде кездесетін жаһан­дық мәселе деп таныды. Сол ұйым­ның сарапшылары суи­цидтік мінез-құлықтың себептері ретінде биологиялық, генети­калық, физиологиялық, анато­миялық факторларды атап өтті. Бұл жерде экономикалық және әлеуметтік факторларды да ұмытпауымыз керек. Осы фак­торлардың барлығын бейімділік, қоздырғыш және қорғаныс деп бөлуге болады. Өйткені әрбір болған жағдайдың өзіндік көрінісі бар. Сондықтан бір ғана себеп туралы айту қате. Өз-өзіне қол жұмсау – көптеген себептері бар өте нәзік және күрделі мәселе. Ал оның себебін дәл мынау деп анықтау, толық зерттеу мүмкін емес, біз тек болжам жасаймыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp