Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “Жұмағым” атты драма сахналанды. Қойылымда отбасы, бала-шағасы үшін зыр жүгірген ана, абыройын араққа айырбастаған, ұрпағы алдындағы жауапкершілігін ұмытқан маскүнем әке, ата-ана қадірін сезбеген, өздері үшін ғана өмір сүріп жүрген ұл мен қыздың іс-әрекеті суреттелген.
– Бұл спектакль – Тәжікстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Барзу Абдураззаковтың туындысы. Ол кісінің режиссерлігімен қойылған “Кукарача”, “Қарапайым адам” қойылымдарын көрермен жылы қабылдаған болатын. Бұл туындының сахналық нұсқасын Орынбасар Төлепбергенқызы әзірлеген. Жерлесіміз осыған дейін де бірнеше шығарманы аударған. Қойылым тіршіліктің тамыршысы, отбасының тыныштығын сақтап отырған барлық аналарға арналғандықтан, “Жұмағым” деп аталды, – дейді театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Олжас Зейнолла.
Ащы суға сылқиып тойып алған әкенің отбасында да, қоғамда да беделі болмайды. Ондай әкеден тәлім алған ұрпақтың да үшпаққа шығары неғайбыл. Актерлер отбасылық құндылықтар мен бала тәрбиесіндегі маңызды жайларды ескерусіз қалдырып жатқан әке мен шешенің әрекетін астарлы түрде жеткізуге тырысты.
– Әкеге артылатын жауапкершілік орасан. Құдай қосқан қосағыңның қабағына кірбің түсірмеуі қажет. Әке мен ана бір-бірін сыйласа, бала да сол тәрбие негізінен шыға алмақ емес. Жан жарын сыйламаған адамның отбасында беделі жоқ. Қойылым маған қатты ұнады. Өнер иелері өздеріне жүктелген міндеттерді жеткізе білді деп ойлаймын, – дейді көрермендердің бірі Төлен Абыз.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Аяжан НҰРАХМЕТ.