Пайдаланбаған ақшаны қайтаруға бола ма, неге МӘМС жүйесі жинақтаушы емес, жеке клиникада МӘМС есебінен қалай емделуге болады? Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы солтүстікқазақстандықтардың жиі қоятын бірқатар сұрақтарына жауап берді.
Жуырда филиал мамандарына “Мен жұмыс істемейтін жүкті әйелдер” жеңілдік санатына кіремін, бірақ тіркелген жеке кәсібім бар. Жеңілдік санатына кіретіндер жарна төлеуден босатылады деп естідім. Жеке кәсібім үшін жүргізілген төлемдерді қайтарып ала аламын ба?” – деген сауал түсті.
“Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы” Заңға сәйкес, жұмыс істемейтіндер үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді. Егер жүкті әйел еш жерде жұмыс істемесе, алайда ЖК ретінде тіркелген болса (оның қызметі ресми тоқтатылмаған болса), барлық тиісті төлемдерді (зейнетақы, әлеуметтік, кіріс салығы) жүргізіп отырғандықтан, жұмыс істейтіндер қатарына кіреді. Яғни жеңілдік санатынан шығып қалады. Сақтандырылған мәртебесін сақтау үшін, жеке кәсібі үшін МӘМС жарналарын төлеу қажет.
МӘМС-ке енгізген төлемдерді қайтаруға немесе оларды басқа адамға беруге болмайды, себебі жүйе қаражатты дербес бөлуді қарастырмайды. Барлық жарналар мен аударымдар Ұлттық банктегі шотта жинақталады және ол жерден барлық сақтандырылған тұтынушылардың медициналық қызметтерін төлеуге бағытталады.
Тұрғындардың денін “Жеке клиникада МӘМС бойынша тексерілуден өтуге бола ма?” – деген сауал мазалайды. Медициналық көрсеткіштер болған жағдайда қормен шартқа отырған жеке клиникаларда консультациялық-диагностикалық қызметтерді алуға болады. Ол үшін өз емханаңыздан жолдама қажет. Медициналық қызмет көрсетушілердің тізімімен қор сайтына кіріп, “МӘМС-гид”, ары қарай “Пациенттер үшін”, содан кейін “Клиниканы таңдау” батырмасын басу арқылы танысуға болады (https://fms.kz/osms-guide/patient/vybrat-kliniku/). “МӘМС үшін қате төленген жарналарды қалай қайтаруға болады?” – деген мазмұндағы хаттар да аз емес.
Қате рәсімделген (мысалы, басқа кезең көрсетілген) төлемдерді қайтару үшін “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕ АҚ-да өтініш жазу қажет және төлемді растайтын құжаттарды қоса ұсыну қажет (нысан fms.kz сайтында “ОСМС-гид” бөлімінде жарияланған). Өтінішті https://eotinish.kz/ электронды платформасы арқылы беруге болады. МӘМС-ке төленген төлемдерді басқа кезеңдерге қайта бөлуге болмайды, тек кері қайтара алу мүмкіндігі қарастырылған.
Күндізгі оқу бөлімінің студенттері МӘМС-ке жарна төлемейді, себебі жеңілдік санатына кіреді. Сондай-ақ жұмыс берушілер күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттер үшін МӘМС-ке аударымдар жасаудан босатылған. Салық заңнамасына сәйкес шаруа қожалығы қандай да бір басқа нысанда рәсімделмеген болса, ол ЖК ретінде қарастырылады. Егер ЖК қызметін тоқтатпаған болса, ол өзі үшін 1,4 ЕТЖ-ның 5 пайызын төлейді. Осы ретте негізгі жұмысында да жарналар төлеп, аударымдар жасауы керек. Яғни барлық кіріс көздерінен төлем жүргізіледі.
Қарлығаш ІЛИЯСОВА,
“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ облыс бойынша филиалының баспасөз хатшысы.